Оның имандылығы мен инабаттығына тең келетін ешнәрсе жоқ. Жан сұлулығы мен тән сұлулығы да биік. Әйел ол өмірдегі ең қымбат, асыл жандар. Осы әйелдер бірінші кезекте бауырындағы баласымен қымбат, нәзік, инабаттылығымен сүйкімді, сүйікті.
Дұрыс-ақ. Енді осы әйелдер туралы ислам діні не дейді? Сондай-ақ бүгінгі әйел ше? Оқып, қарап отырсаң ислам діні де әйелдерді жоғары дәрежеге көтере білген, қадір тұтқан. Бірақ, мына бір мәселе естен шықпауға тиіс. Қандай бір әйел болмасын исламды, діні мен иманын түрлі ғибадаттар мен фарздарды және сонымен бірге харамдарды да үйренуі тиіс, ол – фарз. Бұл жерде әкесі не болмаса күйеуі бұл айтылған ілімдерді оларға үйрете білуі керек. Олай етпеген жағдайда олар үлкен күнәға түседі. Алдында жоғарыда айтылған міндеттерді үйретіп, түсіндіріп, үзбей айтып отыратын адамдары бола тұрып оны тыңдап, жүзеге асырмаған болса, онда әйелдің өздеріне де өте қиындық орнайды.
Мұсылман әйелі үшін сауда-саттық жасап, олардың білім-ғылыммен айналысуына, өнеркәсіп пен ауылшаруашылық жұмыстарымен шұғылданып, ақша табуына еш уақытта тыйым салынған емес және ол харам тірлікке жатқызылмаған да. Бірақ не істесе де тек адал істеу керек. Біреудің ақысын жеп пайда табудың, ерсі, имандылық пен адалдыққа қарсы іс-әрекет етудің жолына түспеуге тиіс.
Ислам мен әйелдің ара қатынасы туралы айта келіп мына бір мәселені есте мықтап ұстағанды жөн көреміз. Хадис шарифте: «Бір әйел бес уақыт намазын оқып, рамазан айында оразасын тұтып, намысын қорғап, күйеуіне мойынсұнатын болса, онда ол қалаған есігінен жәннатқа кіреді» деп жазылған.
Әрине әйелдердің бәрі бірдей емес, кейбіреулерінің дүниеқор, байлық пен атақ-даңқ, мансапқор болып келетіні де шындық. Бір бас қосқан шағын ғана отырыста күйеуі де, өзі де ғылым докторы, жасы 70-тен асқан Бақыт деген жеңгеміздің: «Біз кезінде күндіз күнімен жоғары оқу орнында оқып, ал одан соң түннің бір уағына дейін жалданып жұмыс істеп күн көрдік. Күйеуім үшінші курсқа келгенше пойыз жолға барып жүк түсірді. Кейін жедел жәрдем бөлімдерінде фельдшерлік жұмыс істеді. Жиырма жыл пәтерден пәтер ауыстырып, жүгіріп жүрдік. Байлық пен мансапты аңсап көрмеппіз. Жоғары оқу орнында оқып білім алсақ та бүгінгі күннің жастары сияқты ашық-шашық жүрмедік. Аллаға шүкір, сол тәубе, сабыр мен шыдамдылығымыздың арқасында біз келе-келе жоғары лауазымды қызметті де атқардық, еңбек етіп, еліміздің бүгінгідей өсіп, жетілуіне өзіндік үлесімізді де қостық. Қазір ешкімнен кем емеспіз. Ал бүгінгінің жастары ше? Қиналып жұмыс істегісі келмейді. Тағыда сөйтіп отырып қымбат көлік, зәулім үйлерде тұрғысы келеді. Бағасы биік әшекейлерге әуес. Ол болмайды. Бірінші еңбек ету керек», деген сөзі бізді шексіз ризашылыққа бөледі.
Оқып отырсаңыз Құран кәрімде былай деп жазылған: «Жақсы әйелдер Аллаға мойынсұнады және күйеулерінің ақыларын орындайды. Күйеулері жоқ кезде олардың намысын және мал-мүлкін Алланың көмегімен қорғайды». Әйелдер осы сөздің мән-мағынасына зер салып, оны бұлжытпай орындап отыруға тиіс. Өйткені күйеуінің ақысына мән беріп, іс атқарған әрбір әйел сауапқа кенеліп отырады екен. Сауап дегеніміз – о дүниеге барғандағы өз жағдайымызды өзіміздің жақсартуымыз.
Рас, кейбір әйелдер күйеуіне қатты сөйлеп, бетіне келіп, оның табысы аз екенін бетіне басып «Сенен не қызық, не артықшылық көріп отырмын. Сен мені қандай асыл дүниелеріңмен қарқ қылып отырсың», деп байбалам салып жатады. Бұл имандылыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өте ерсі жағдай. Артық кетушілік. Бұлай айтып күйеуінің кішкентай да болса оған жасап отырған жағдайын менсінбеушілік, түсінбеушілікке бармау керек. Осы тұста әрбір әйел соншалықты діндар болып кетпесе де мұсылманшылық пен имандылықтан қол үзбес үшін, хадис шарифте айтылған мына бір сөзге мән бере білуі керек. Онда: «Егер күйеулеріне Күфрани нигмет етпегенде, намаз оқыған әйелдер дереу жаннатқа кіретін еді» делінген.
Осы айтылғандарды мүлтіксіз орындаумен бірге әрбір әйел күйеуіне жасаған жақсылықтарын міндет етіп, ренжітпеуі керек. Орындай алмайтын нәрсені күйеуінен талап етіп, сұрамау керек. Керісінше, күйеуіне ризашылық танытып, оны әркез қуантып отыруға тиіс. Сондықтан да «Әйел мойнындағы күйеу ақысы, сендердің мойныңдағы менің ақым секілді. Олай болса күйеуінің ақысын орындамаған әйел Алла Тағаланың ақысын орындамаған болады» деп жазылған хадис шарифте.
Сонымен бірге әрбір әйел баласы өзінің ашық-шашық киінуіне жол берместен мұсылмандыққа тән көрегендік танытып, өзінің ислам алдындағы тазалығын танытып жүруі керек. Бұл сауапқа сауап қосатын имандылық.
Серікбай ТҰРЖАН,
Бәйдібек ауданының құрметті азаматы
Оңтүстік Қазақстан облысы