Есте жоқ ескі заманнан бері бағамдасақ, Батыс Қазақстан өңірінің арулары арасында небір дүлдүл ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен аналарымыз аз болмаған. Қазақ әйелі қашанда дәстүрлі мәдениеттің тұтқасы болып, әйелдіктен даналыққа, отбасы, ошақ қасы тірлігінен рулы елдің қамын ойлайтын «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» Ел анасы деңгейіне көтеріле білген. Мәселен, атақты Әбілқайыр ханның зайыбы, ақылды да көреген Бопай ханым елдің басын біріктіру, ел ұйыту ісіне белсене араласып, шебер дипломат болуымен ерекшеленсе, Бөкей ханның жұбайы Отан ханым әкеден ерте жетім қалған Жәңгірді ел басқару ісіне жастайынан баулығаны мәлім. Ал Жәңгір ханның жары Фатима ханым еуропаша білім алған, бірнеше Шығыс және Еуропа тілдерін еркін меңгерген зиялы әйел хан бастамаларына көмек қолын созып, жеке кеңесшісі бола білген.
1857 жылы Орал қаласында қазақ даласындағы тұңғыш қыздар гимназиясының ашылуын, 1883 жылы Орда қаласында жергілікті қыз балаларға арнаулы орта білім беру мақсатында қыздар училищесі жұмыс істей бастағанын қайда қоярсыз. Осы оқу орнынан қоғам қайраткері Алма Оразбаеваның, алғашқы инженер-металлург Мәдина Бегалиеваның шығуы тегін емес...
Қазақ өнеріне айрықша үлес қосқан талантты тұлғалар сапында Ақжайық қыздарының орны ала бөтен. Бұл тізім атақты «Жетім қыз» дастанының авторы Алмажан Азаматқызынан бастау алады. Бұл саптағы күй анасы Дина Нұрпейісованың қазақ музыка өнеріндегі орнын айтып жеткізу мүмкін емес. Шашасына шаң жұқпас дүлдүл күйші, халық композиторы Дина анамыз – Қазақ музыкасының алтын қорына қосылған таңғажайып күйлерімен, керемет орындаушылық қабілетімен де күллі әлем жұртының таңдайын қақтырған ұлы феномен. Қазақ театр өнерінің майталмандары КСРО халық әртісі Хадиша Бөкеева, КСРО халық әртісі, опера әншісі Роза Жаманова, қазақ киносының «Қыз Жібегі» Меруерт Өтекешовалар – ұлттық өнеріміздің деңгейін әлемдік биік шыңға көтерген бірегей дарындар.
Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан аймағы аруларының тыныс-тіршілігі мүлдем жаңаша жаңғыруда. Еселі еңбегімен елге танылып, халық ілтипатына бөленген тағылымы мол кейуана, ардақты әже, асыл ана, аяулы апаларымыздың есімдері мен өнегелі істері әр буынның жадында жаңғыруы қазіргі ұрпақтың рухани түлеуіне сеп. Осы жоғарыда аталған қағидалар үрдісінде ел мерейін еселеген Ақжайықтың асыл аруларына арналған арнайы энциклопедия жарық көрді. («Ақжайықтың асыл арулары» – «Заслуженные женщины Приуралья» энциклопедиясы, екінші басылым, Алматы, «Мерекенің баспалар үйі» ЖШС, 2018, 360 бет, қазақ, орыс тілдерінде, таралымы – 500 дана).
Еңбек БҚО әкімшілігі, «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қоры, «КАТЭК» ЖШС жобалау-инжиниринг компаниясының демеушілігімен жарық көрген. Тұлғатану саласында күллі көпшілікке ұсынылып отырған аталмыш әмбебап құнды еңбек – Ақжайық аруларына арналған ыстық ықылас пен зор құрмет белгісі.
Абат ҚЫДЫРШАЕВ,
М.Өтемісов атындағы БҚМУ профессоры