Бағдат Нұрланқызы Әбішева 40 жылдан астам өмірін Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қабырғасында қазақ ғылымының дамуына арнады. «Институт шежіресіне» айналған ардагер-ғалым кезінде академик Қ.И.Сәтбаевтың батасын алып, аспирантураға түсуге арнайы қолдау хат алған.
Б.Н. Әбішева өткен ғасырдың 50-ші жылдарының басында Мәскеуде тарих ғылымының майталмандары Е.В. Тарле, Б.Д. Греков, А.М. Панкратова, М.В. Нечкина, Н.М. Дружинин, И.И.Минц, Б.Н. Пономарев, Э.Б. Генкина, М.П. Ким, К.В. Базилевич, А.М. Самсонов және т.б. дәріс берген аспирантураны бітіріп, тарих ғылымдарының докторы А.П. Кучкиннің жетекшілігімен диссертациясын қорғап шыққан, 24 жасында тарих ғылымдарының кандидаты атағын алған алғашқы қазақ қызы. 1952 жылдан 1994 жылға дейін институтта үздіксіз аға ғылыми қызметкер, институт директорының ғылым жөніндегі орынбасары, бөлім меңгерушісі, жетекші ғылыми қызметкер лауазымдарында еңбек етті.
Ғылыми кеңесті жүргізген институт директоры, т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов Бағдат Әбішеваның ғылым жолындағы ғибратты ғұмырына шолу жасады. Ал институттың бөлім меңгерушісі З.М.Төленова «Ғибраты мол ғұмыр», институттың бас ғылыми қызметкері З.Т. Садуақасова «Ғылымдағы әйелдің өмірі мен қызметі» тақырыптарында баяндама жасады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих, археология және этнография факультетінің деканы М.С. Ноғайбаева, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор Б.Б. Кәрібаев, профессор А.Б. Қалыш, академик Ақай Нүсіпбековтің қызы М.А. Нүсіпбекова, академик М.Х. Асылбековтың қызы профессор Ж.М. Асылбекова, т.б. ардагер-ғалымға құрмет білдіріп, естеліктерімен бөлісті.
Тарих ғылымдарының бірнеше кандидатын дайындаған Бағдат Нұрланқызы өз ғылыми мектебін қалыптастырған ғалымдардың бірі. Бүгінде халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, «Еңбек ардагері» Бағдат Әбішеваның отандық ғылым мен қоғамға сіңірген еңбегі өлшеусіз.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ