Кеңестік кезеңде тарих саясаттың қолжаулығына айналды, ал тарихшы биліктің тапсырысын орындайтын итаршы дәрежесіне түсірілді. Мұндай жағдайда, әрине, тарих таным құралы ретіндегі өзіне тиесілі беделінен айрылды. Осы ретте өткен ғасырдың 60-70-ші жылдарындағы кеңестік қоғамға қатысты мынадай бір жағдай еске орала береді. Бұл кеңестік саяси жүйе қайшылықтарының шарықтау шегіне жеткен шағы еді. Қоғам өз өмірінің терең қойнауында болып жатқан тектоникалық өзгерістерді мүмкін болғанша тура түсінуге мұқтаждық танытты. Дәлірек айтқанда, қоғамдағы дағдарыстық жағдайды түсінуге деген сұраныс ең өзекті мәселеге айналды. Бұл сұранысқа лайықты жауапты, басқа да ғылым салалары сияқты, тарихтану да бере алатын. Бірақ оған ондай мүмкіндік сол тұстағы саяси жүйе жағдайында жоқтың қасында еді.
Ол міндетті белгілі дәрежеде, таным құралы ретінде философия атқарды. Философия адамзат тарихының түрлі аумалы-төкпелі кезеңдерінде атқарған міндетін осы мезгілде де атқаруға күш салды. Ол ұлт тарихының тылсым құпияларын түсінуге бастайтын жолды көрсетті, бірақ түсіндіре алған жоқ. Осы жылдардағы еліміздегі философия мектебінің әлемдік және отандық философияның озық әдіс-құралдарын игеруге байланысты алғашқы сәтті қадамдарына қоғам тарапынан туындаған зор мүдделілік соның көрінісі еді. Өкінішке қарай, қазақстандық философия алғашқы нәтижелі әрекетін ұлттық тарихты игеруге, яғни елдің алыс-жақын кезеңдерде жүріп өткен жолын қорытуға байланысты қызметін жалғастыруға келгенде іркіліп қалды. Отандық тарихи тәжірибені игеру – бұл тәуелсіз ойлау мәдениетіне бастайтын жалқы жол. Ал «тәуелсіздік философиясы» қоғамдағы қозғалыстың аяқ тірейтін бедеріне айналмай ұлттың ілгері жылжуының өзі күмәнді.
1991 жылдан бергі уақытта жағдай түбегейлі өзгерді. Қоғамдық ойға жеткен еркіндік, таным құралы ретінде тарих ғылымына да келді. Иншалла, қазақ тарихшысы «өзім туралы өзім айтамын» дейтіндей жағдайға жетті. Осы арада сәл шегініс жасап, бүгінгі қазақ қоғамының ата тарихына байланысты сұранысына, талғам-тілегіне тоқталуға тура келеді. Яғни бүгінгі қазақ ата тарихынан нені білгісі келеді? Отан тарихын зерттеуді кәсібіне айналдырған жұмыр басты пенде үшін «адамзат көшінде біз кімбіз, қайда барамыз?» деген сауал негізгі көтерген жүгі болса керек. Осы сауалға ұлт тарихынан нанымды жауап іздеу арқылы ғана зерттеуші тарих ғылымының кеңестік кезеңде түсіріп алған беделін қайтаруы мүмкін. Бұл ретте тарихшыларымыз, философ Ф.Ницшенің мына пікірін еске сақтағаны абзал: «Тарих жүгін жігерлі тұлғалар ғана еңсере алады, әлсіздерді ол жаншып тастайды».
Кеңестік кезеңде қазақ қоғамының экономикалық өмірі орталықтан басқарылды. Орталық қазақ қоғамының ертеңгі мүддесіне қатысты ішкі сұраныстарымен есептесуді өзіне міндет санаған емес. Қазақ жері метрополия индустриясының шикізат көзіне айналуға тиіс болды. Одақ тарағаннан кейінгі уақытта моноқала атанған 24 елді мекен кәдімгі отарлық тонаушылықтың нақты куәсі еді. Тәуелсіз Қазақ мемлекеті бүгінгі таңда бұл кеңестік кешегісінен қалған «мұраны» енді өз күшімен шешуге мәжбүр.
Ал кезінде (1928 ж.) Кеңестік орталықтың бұл өктем отаршылдық ұстанымына мәскеулік басылым арқылы ашық қарсылық көрсеткен Смағұл Сәдуақасұлы сияқты ұлы тұлғалар пролетариат диктатурасының «интернационалдық» саясатын түсіне алмаған «национал» ретінде қызметінен босатылып, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.
Өндіріс саласындағы осы екіжүзді қитұрқы саясат ғылымда, мәселен, гуманитарлық салада да жүргізілді. Таптық методологияға сүйенген тарихнама, әдебиеттану қоғамдағы үдерістер мен оқиғаларды баяндауда көптеген бұрмалаушылықтарға ұрынды. Таптық көзқарасты ұлыдержавалық ұстаным толықтырды. Ғылымда қалыптасқан бұл қайшылықты жағдай жеке зерттеуші-тұлғалар тарапынан қарсылық тудырды. Тарихи шындықты қорғау жолына түскен ғалымдар (Е.Бекмаханов, Е.Ысмайылов, Б.Сүлейменов ж.б.) ұзақ мерзімге абақтыға жабылды.
Міне, осы билік тарапынан өмірде және ғылымда ақиқатқа жасалынған шексіз көп қиянаттарды ресми идеология ұмыттыруға, жеті қат жер астына жауып тастауға аз күш жұмсаған жоқ. Бірақ халық, қоғам кеше ғана өз өмірінде орын алған әділетсіздікті ұмытқан жоқ-тын, ертелі-кеш, әйтеуір оның ашылатынына сенді. Сол сәт тәуелсіздікпен бірге жетті. Биліктің қылмысын терең қойнауында бүгіп жатқан архив қорлары ашыла бастады. Бұл айтулы процесс әлемдік тарихнамада «архив революциясы» аталды. Саясаттағы қайта құрумен бірге келген осы тарихи кезеңде қоғам тарихшы деген көне кәсіптің бар екендігін есіне алды. Яғни сөз кезегі тарихшылар әулетіне тиді. Зерттеуші-тарихшылар өздерінің тарихи миссиясын орындауға кірісті. Тарихи шындық ендігі уақытта ғылыми журналдар мен монографиялық зерттеулерден күнделікті басылым беттеріне шықты. Қазақ тарихнамасында Талас Омарбеков есімінің қоғам назарын өзіне аударғаны осы жылдарға тұспа-тұс келді.
Талас Омарбековті зерттеуші-ғалым ретінде оқырман қауымға мәшһүр еткен өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы кеңестік реформалар және оларға қоғам тарапынан көрсетілген қарсылық тақырыбы еді. Тәкең 20-30-шы жылдардағы кеңестік реформа тарихын, ал мен Алаш қозғалысы тарихын зерттеуді сол кездегі Партия тарихы институтында 80-ші жылдардың соңында бірге бастадық. Бұл тақырыптар, әрине одан бұрын да тарихшылар назарында болған. Менің айтпағым, олардың заман сұранысына байланысты жаңа көзқарас, жігерлі ұстаным тұрғысынан зерттелуі еді. Сол кездегі партия тарихы архиві, қазіргі Президент Әкімшілігінің архиві өте бай, мұрағаттары мұқият реттелген ғылыми орталық. Бұрын жабық, зерттеушілердің қарауына енді ғана беріле бастаған аса маңызды құжаттық материалдарды бірге ашып, өзара талқыға салып, соларға сүйеніп, жарыса мақалалар жазып, газет-журналдарға жариялап жүрдік. Ол да бір қызығы мол қайталанбас кезең еді.
Сол кезде 1989-1990 жж. бірге жұмыс жасап жүріп байқағаным, Тәкеңнің зерттеуші ретіндегі ерен еңбекқорлығы, тарих шындығына деген адалдығы еді. Екеуміздің Партия тарихы институтындағы қызметіміз саяси репрессия құрбандарын ақтау ісімен бір мезгілде жүрді. Партияның Орталық Комитеті тарапынан беделді комиссия құрылған. Құрамында Орталық Комитеттің бөлім меңгерушілері, облыстық комитеттердің идеология жөніндегі хатшылары, академиялық ғалымдар бар комиссияны сол кездегі Ақмола облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Г. Браун басқарды. Тәкең 20-30-шы жылдары партиялық және кеңестік басшылықта болған қайраткерлердің, ал мен Алаш қайраткерлерінің қызметі мен саяси ұстанымына байланысты материалдар даярлап, комиссия отырыстарына қатысып жүрдік. Міне, осы ұлт қайраткерлерінің күрес жолын зерттеу арқылы біз қоғамдағы тарихи процестерді мүмкін болғанша тереңірек түсінуге күш салдық.
Т.Омарбекұлының осы мезгілде тыңға түрен салған еңбегі бұрынғы кеңестік тарихнаманың большевиктер билігінің өткен ғасырдың 20-30-шы жылдардағы мемлекеттік астық және ет дайындау, меншік иелерін меншігінен айыру, ауқатты шаруаларды тап ретінде жою, күштеп ұжымдастыру және еріксіз жаппай отырықшыландыру саясатына байланысты қалыптасқан біржақты, жалған тұжырымдарын елге ұғынықты тілде әшкерелеуі болды.
Бүгінгі күн биігінен қарағанда шынайы зерттеушінің міндеті де осы болуға тиіс-тін. Яғни бұрмалауға ұшыраған тарихи шындықты қоғамға жеткізу, кезінде елге, қоғамға, оның бүтін бір әлеуметтік топтарына зорлықшыл билік тарапынан жасалған қиянаттың бетін ашып көрсету еді. Бұл, әрине мүләйімсуді, фактілердің орнын ауыстырып ойнауды көтермейтін ауыр миссия болатын. Т.Омарбекұлы зерттеуші маман ретінде өзіне артылған осы жүкті қара нардай көтеріп, сыннан абыроймен өтті. «Зобалаң» «20-30-жылдардағы Қазақстан қасіреті», «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері» сияқты іргелі зерттеулерін жариялады. Осы және басқа еңбектерінде тарихшы 1929-1931 жж. қазақ даласында орын алған кеңестік билікке қарсы халық көтерілістерінің толықтай негізді де орынды қозғалыс болғандығын нақты дерекнамалық негізде баяндап, осы көтеріліске саналы түрде қатынасқан халық өкілдерін халық қаһармандары ретінде мойындап, отан тарихынан оларға тиесілі орнын беруді, оларды ел жадында мәңгі сақтаудың басқа да шараларын қарастыруды ұсынды. Тарихшының бұл еңбегі кешегі ел мүддесі жолында мерт болған азаматтардың артында жоқтаушысы бар дегенді білдіретін еңбек еді.
Тарих ғылымында қайта құру басталғанда (өткен ғасырдың 80-90 жж.) ең өзекті мәселе, әрине сол мезгілге дейінгі архив қорларындағы жабық құжаттық материалдардың қолжетімділігі болды. Сол уақытқа дейін тарихнамада үстемдік құрып келген методологиялық әдіс-құралдардан аяқ тартуға мүмкіндік беретін жалғыз жол осы жаңа тарихи деректерді игеру арқылы жүретін еді. Бұл тұрғыдан бұрынғы коммунистік идеологияның жеңіліс табуы отандық тарихшылар үшін қараңғы түнектен жарыққа шыққанмен теңестіруге болатын өзгеріс-тін. Өйткені идеологиялық бұғаудан құтылған тарихшы бұрыннан белгілі фактілерді жаңа таным тұрғысынан зерделеп, ал енді ашылған тың фактілерге еркін түсінік беру мүмкіндігіне ие болды. Т.Омарбекұлының жоғарыда аталған монографиялық зерттеулері осы арнада және рухани қанаттану жағдайында жазылғандығымен ерекшеленеді.
Тәкеңнің ұлы Шыңғыс Омарбековпен авторлық бірлестікте жазған еңбегі «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас» деп аталады. Осы еңбегінде Т.Омарбекұлы өтпелі кезеңнің зерттеушісі ретінде «Тарихымызды қалай жазамыз?» деген мәселеге тоқталып, «Тарихты жазуға талаптанушылар тарихымызды кімнің көзімен, яғни қандай көзқараспен жазамыз? – деген сауалға беретін өздерінің жауаптарын да айқындап алғаны жөн. Бұл – тарихымызды жазудың аса маңызды алғашқы мәселесі», деген орынды пікір білдіріп, осы ретте: «Қазақтың тарихын қазақтың өзі ана тілінде және шынайылық ұстаным тұрғысынан жазғаны жөн. Осы ғасырға дейін біздің тарихымызды басқалар жазып келді. Кеңестік кезеңде тарихымызды жазу ісін қолға алған зиялыларымызды оны «ұлы орыс» халқының немесе Мәскеудің ұстанымы тұрғысынан жазуға мәжбүр болды. Әлі күнге дейін көп томдық тарихымызды алғаш орысша жазып, соңынан қазақшаға аударып келе жатқанымызды кімнен жасыра аламыз?» – деп бар шындықты жайып салады. Біз де бұл пікірге қосыламыз.
Міне, бұл пікір-пайымнан өз кәсібіне адал, осы уақытқа дейін отандық тарихнамада орын алып келген бұрмалаушылықтар мен ағаттықтарды жою ісіне өз үлесін қосып, осындай азаматтық ұстанымын жариялаған еңбектері арқылы дәлелдеп келе жатқан тарихшы бейнесін көреміз.
2005 жыл тарихшы шығармашылығына бетбұрыс ала келген кезең болды. Кәсіпкер-ғалым Хайролла Ғабжәлеловпен шығармашылық бірлікте «Алаш» аталған тарихи-зерттеу орталығын ұйымдастырып, орталыққа пікірлес әріптестерін жинап, қазақ ұлтының шаңырағын көтеріскен ру-тайпалардың тарихын жазуға бет бұрды. Тарихшының осы бағыттағы ізденістерінің нәтижесінде «Қазақ мемлекеті: қағанаттар, ұлыстар мен хандықтар баяны» және «Қазақ хандары» сияқты жаңа кітаптары жарық көрді. Оның басшылығымен орталық қызметкерлері жиырма кітаптан асатын ру-тайпалар тарихын жарыққа шығарды. Өкінішке қарай, осы көп томдық басылымды терең де кәсіби талдауға алған мақалалар жарық көре қойған жоқ. Ондай жұмыс болашақта атқарылар деген үміттеміз. Дегенмен, осы еңбек арқылы атқарылған мынадай жұмысқа көңіл аудармау мүмкін емес.
Адамзат тарихының терең қойнауынан бастау алатын қазақ тарихы бұл елдікке ұмтылыс, ұлтқа бірігу, ұйысу тарихы. Осы ұзақ та азапты жолдағы ру-тайпалар тарихының терең қатпарларына мүмкін болғанша жан-жақты, ғылыми талдау жасамай толыққанды ел тарихын бажайлап түсіну мүмкін емес. Міне, осы ру-тайпалардың жүріп өткен күрделі тарихынан байқалатын тарихи шындық мынау: кезінде түрлі себептермен шығыстағы Керулен өзені бойы (Моңғол қыраты) мен Қытай қабырғасынан ығысып, бүгінгі киелі қазақ жеріне келіп ұлтқа бірігіп, мемлекеттігін құрған көне ру-тайпалардың көш бастаушыларының шешімі тарихи тұрғыдан алғанда өзін ақтаған кемеңгерлік болғандығын уақыт көрсетіп берді. Сол үшін де сол ата-бабаларымызға мың да бір алғыс! Олай болса, осы атамекен жерімізді, қасиетті атажұртта тамыр жайып, қалыптасқан елдігімізді сақтау және заман сұранысына сай көркейту бүгінгі және ертеңгі ұрпақтардың ең биік мұраты.
Т.Омарбекұлы кезінде архив қорынан алып 1929-1933 жж. билікке қарсы халық наразылығын қолдап, қолдарына қару алып көтеріліске шыққан ауыл адамдарының тізімін жария етті. Кейіннен осы тізімде аты аталған азаматтардың тағдыр-талайына қатысты елден көптеген хат-хабар алды. Бұл, әрине зерттеушінің қарапайым халықтан алған алғысы еді. Тәуелсіздік кезінде өз елінің тарихын жазу ісіне белсенді түрде атсалысқан тарихшыға елінің алғысынан үлкен бақыттың болуы да мүмкін емес.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ,
академик
АЛМАТЫ