Осы орайда өзім 25 жыл бойында үздіксіз басқарған, екі дүркін «Республикамыздың ең таңдаулы мектебі» конкурсының жеңімпазы атанған Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияда 1-сыныптан бастап оқып, оны 15 жасында үздік бітіріп шыққан түлегіміз, 100 жаңа есім санатына енген Рахат-би Төлегенұлы Әбдісағин туралы өнеге болсын деп ой толғағым келеді.
Рахат-Би Төлегенұлы Әбдісағин – композитор және пианист, өнертану ғылымдарының магистрі. Ол – «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының ең жас иегері, Қазақстан республикасы Президентінің «Ең дарынды өнерпазға» кубогінің жеңімпазы. ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Мәдениет пен өнердің дамуына сіңірген еңбегі үшін» Құрмет белгісімен марапатталды. Ол өзінің 17 жасында-ақ Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихында осы марапатқа ие болған бірден-бір өнерпаз ...
Рахат-Би музыкасы барлық Еуропа және бірқатар Азия мен Америка елдерінде ірі концерт залдарында іс жүзінде сахна репертуарынан тұрақты орын алған. Оларды белгілі солистер, камералық ансамбльдер мен симфониялық оркестрлер орындайды. Оның шығармаларының әлемдік деңгейдегі премьералары Лос-Анжелесте, Прагада, Лондонда, Венада, Парижде, Берлинде, Сеулде, Анкарада, Мәскеуде, Томда, Каирде, Астана мен Алматыда, тағы да басқа шетелдік 12 қалада табысты өтті. Көп ретте өзінің симфониялық шығармаларындағы сольдік фортепиано партияларын өзі орындайды, сондай-ақ классиктер мен қазіргі көрнекті шеберлердің шығармаларын ойнап, сольдік концерттер берді.
Шетелдік сарапшылар мен музыка сыншылары Рахат-Биді «Нағыз қазақ кереметі, қолдары талуды білмейтін қайратты, бітімі ірі көркем мінезінің зиялы маңғаздығында табиғи өрлік бар» деп бағалайды. Ол жалпы білім беретін мектепте үздіксіз оқи жүріп, білім жолындағы үздік шығармашылықтары үшін Алматы қаласы әкімінің бірнеше қолдау- марапатына ие болды, бір мезгілде мектептен тыс білім мен өнер ұйымдарында білім алып шыққан қабілеттілігімен ерекшеленді. 2012 жылы М.Төлебаев атындағы №5 жетіжылдық музыка мектебін 4 жылда бітіріп, Италияның Бергамо қаласындағы Музыкалық академияға студент болып қабылданды, сонымен қатар эксперименттік режімде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқыды. 2016 жылы оны үздік аяқтап, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде магистрант болып, 18 жасында аса үлкен табыспен магистрлік диссертациясын қорғап шықты. 2017 жылы Рахат-Би Италияның аса беделді екі бірдей жоғары оқу орнының докторантурасына халықаралық таңдау сынағы бойынша табысты нәтиже көрсетіп, қабылданды.
Рахат-Би оқу және музыкалық шығармашылықпен бір қатарда өз сөзін ғылымда да айтуға үлгеруде. Ол 14 жасында «Математика және қазіргі музыка» атты еңбегін жазып, Мәскеудегі VІІ халықаралық ғылыми жобалар конкурсында 1-орынды иеленді. 2011 жылы оның «Гармония қырлары», 2017 жылы «Космоспен тілдесудің 10 сәті» атты музыкалық шығармалар жинағы және «Тәңір жолы» (2017 ж) кітабы жарық көрді. Сондай-ақ оның көптеген ғылыми мақалалары Ұлттық ғылым академиясының және университеттердің ғылыми журналдарында жарық көрді. Ол 13 жасынан бастап-ақ түрлі отандық және шетелдік университеттерде лекция-концерттер өткізді.
Рахат-Би үнемі шығармашылық ізденістің, өзін өзі жетілдірудің биігінде. Әсіресе оның шетелдердегі білім, ғылым, шығармашылық жеңістері – өзі қасиетті санайтын қазақ тілін және орыс, ағылшын, итальян, испан тілдерін еркін меңгеруінің арқасында. Бүгінде ол неміс тілін білуге ден қойған.
Тума дарындылық, аса жоғары интеллект, тоқтаусыз жаңа танымдарға ұмтылыс, қайтпас күш-жігер мен қайталанбас еңбекқорлық, өзіне деген үлкен талап пен жауапкершілік, үлкен азаматтық ой-сана – Рахат-Бидің табыстарының алғышарттары. Осынау қасиеттер мен нәтижелі еңбек Рахат-Би Әбдісағиннің «Қазақстанның 100 жаңа есімі» атты аса беделді, аса өзекті, аса бағалы республикалық жоба таңдауында жеңімпаз атануына негіз болды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2017 жылы 1 желтоқсанда «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жеңімпаздарымен тарихи кездесуінде Рахат-Би Әбдісағиннің шығармашылық жетістіктеріне, орындаушылық таңғажайыптылығына арнаған түсіндірмесінде: «Мен әдетте ұйықтар алдында Моцартты тыңдаймын. Маған ол ұнайды. Жан тыныштығына келтіреді, онда ғарыштық рух бар сияқты. Мұндай музыка өз-өзінен туа салмайды. Солай ма?! Сенің шығармашылығың да осы сияқты емес пе! Ендігі жерде сені тыңдайтын боламын», деген еді. Мемлекет басшысының бұл жүрекжарды тілектестігі жас дарынның жаңа жасампаздыққа, жаңа табыстарға жете беруіндегі шабыт көзі болып табылады.
Бірде Берлиндегі әлемдік премьерадан соң, Рахат-Биге бір мосқал еуропалық келіп: «Сенің осы симфонияң Құдай нұрынан пайда болған. Мен оны тыңдай отырып, бүкіл Ғалам-ғарышты кезгендей болдым. Сәттілік тілеймін!» деп ризалығын білдірген. Сондай алғыс пен тілектестіктер Рахат-Биге қанат бере түсуде.
Осы орайда бұл жетістіктің Рахат-Би өзі туып-өскен отбасының да жемісі екенін айтқым келеді. Ол отбасы – сүйіспеншілік, шығармашылық ниеттестік, ынтымақтастық, өзара түсіністік, жанашырлық, мейірімділік және риясыз қызмет ету қағидаларының негізінде құрылған бақытты отбасымыздың бір үлгісі. Мұндай отбасының балалары шартсыз сүю, риясыз қызмет ету, бірлесіп жасау, шексіз сену, шектеусіз сыйлау, кеңпейіл мен кешіру қасиеттерінің иесі болады. Мұнда әркім бір-бірінің мұратын түсінуге және оны орындауға көмектеседі.
Отбасынан өнетін бұл қасиеттер мектепте және мектептен тыс білім ұйымдарында қолдау тауып дамиды. Білім адам бойындағы даналықты оятады. Солай болса да мұнда тұқымқуалаушылықтың қуаты бөлекше деп ойлаймын. Данышпан деп ұғынылатын «гений» сөзінің түпкі мағынасы италия тілінде «ақылды ата-ана» екен. Десе дегендей, Рахат-Бидің әкесі – елімізге белгілі ғалым, академик, үлкен физик. «Жігітке жеті өнер де аз» демей ме? Төкеңнің көрнекті қайраткерлігі өз алдына, ол түрлі музыкалық аспаптарда шебер ойнайды, айналасын үйіріп алып кететін көпшіл, шешен. Анасы Гүлмира Естайбекқызы Исимбаева – Тәуелсіздігімізді орнықтырудың ең қиын кезеңдерінде 14 жыл бойында Алматы қалалық Білім басқармасын басқарып, жеңістен жеңістерге бастаған қайраткер. Одан кейінгі жылдарда Парламент депутаты, бүгінде Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары.
Даналық дәнінің өсіп-өнуі үшін әрбір адам өзінің жаны сүйетін, көңілі қалайтын оқумен, іспен, жасампаздықпен айналысуы шарт. Бұл турасында Рахат-Би: «Музыка – адамның өзін-өзі танытуы. Адам жасампаздық қабілетімен әдемі. Музыкада үнемі жасампаздыққа құлшындыратын күш бар. Ол адам жан дүниесін ғарыштық құпия биікке көтереді, сананы сілкіндіреді, рухани тазартады әрі сауықтырып сейілтеді, ғарыштық қуат береді. Менің космосым – музыка», дейді.
Сөзімнің қорытындысында айтарым, жас өркеннің өз жүрек қалауы, ата-ана қолдауы, мектеп тәлімі, қоғамдағы қамқорлық біріге келе тоғысып жатса, өспейтін-өркендемейтін бала болмайды деп ойлаймын. Оған менің ұзақ жылдардағы педагогикалық тәжірибемде көз жеткіздім. Жас дарынға, жас қабілетке, жас талантқа, ең алдымен, өзіндік талап керек. Талант пен талапқа ата-ана дер кезінде назар аударып, оның одан әрі гүлденуіне барлық мүмкіндік жасауы ауадай қажет. Сондай-ақ қағаздай бала өмірі небір ғажаптардан түзіле бастайды. Осы ұмтылыс баяулап, тежеліп қалмас үшін тәлім, қоғамның қамқоры қажет. Бүгіндердегі мектеп реформасы да осы бағытты ұстанады. Оқушыға білім жиынынан гөрі өмірге керекті құзыреттіліктерді, сыни ойлауды, креативті дағдыларды, функционалдық сауаттылықты дарыту көзделеді, оны қоғам болып қолдау көрсету мақсат етіледі. Осындай үйлесімді ынтымақтастықтың бір жемісі Рахат-Бидің табыстары деп ойлаймын.
Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері