Қазақстан • 25 Мамыр, 2018

Атырау облысы мен Астананың әкімдіктері ынтымақтастық туралы келісім жасасты

259 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастық туралы 7 меморандумға  Атырау облысының әкімдігі мен Астананың әкімдігі арасында қол қойылды, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырау облысы мен Астананың әкімдіктері ынтымақтастық туралы келісім жасасты

Құрамында Астана қаласы әкімдігінің түрлі басқармалары мен құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері бар астанадан келген үлкен делегация Атырау облысында жұмыс сапарымен болуда. Астаналық қонақтардың келуі Астананың алдағы 20 жылдық мерейтойына орайластырылған. 

Сапар аясында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өңіраралық ынтымақтастық бизнес кездесуі өтті. Өзінің құттықтау сөзінде өңір басшысы жаңа инновациялық идеяларды, бизнес жобаларды және үлкен қалалар мен тұтас еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін техникалық жаңалықтарды енгізу бойынша екі қаланың арасында тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. 

- Бүгінгі күні Астана Қазақстанның барлық қалаларына үлгі, бұл – отанымыздың келбеті, мұнда әлемдік стратегиялық міндеттерді шешу үшін көптеген елдердің бірінші басшылары  келеді, ауқымды іс-шаралар өткізіледі. Астанада медицинаның, мәдениеттің, білім мен ғылымның барлық маңызды объектілері шоғырланған. Сіздердің облысымызға сапарларыңыздың маңызы зор, біз өңірді дамыту бойынша Астанадан барынша көп тәжірибе алуды ниет етеміз, -деді Атырау облысының әкімі қонақтарға арнап сөйлеген сөзінде.

Астана қаласының әкімі Ермек Аманшаев басқарған астаналық делегация өкілдерінің айтуынша, Атырау облысы қонақтардың үлкен қызғушылығын тудыруда, бұған қоса өңіраралық ынтымақтастық бірден бірнеше бағыт бойынша – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм, цифрландыру, «Ақылды қала» технологиясын енгізу және басқалары бойынша жасалуы мүмкін.

- Астанада 20 жылда іске асырылған табысты жобаларды Атырау облысында да енгізуге болады. Біз олар туралы айтқымыз, оларды іске асырудағы тәжірибемізбен бөліскіміз келеді. Екі күнгі сапарда Атырау облысының әкімдігі екі жобаға қызығушылық танытты деп айтуға болады– бұл ІТ-қауіпсіздік саласындағы жобалар, яғни бүкіл қала бойынша көше бейнебақылау камераларын енгізу, бұл қылмысты төмендетуге және  ашылуын арттыруға, сондай-ақ ЖКО азайтуға мүмкіндік береді. Екінші жоба – біз Астанада ойдағыдай енгізген «1000 жаңа сауда орындары» жобасы МЖӘ-ке негізделген, айта кететіні жобаға мемлекет бір тиын да салған жоқ – сауда алаңдарына арналған жер учаскелерін инвесторлар ұсынды, жобаны іске асыру Астанаға жаңа инвестициялар тартты және жаңа жұмыс орындарын құрды, - деп әңгімеледі Астана қаласы әкімдігінің инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Бекмурзаев.  

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірлерінде Астананың 20 жылдық мерейтойына орай Астананың мәдениет күндері өтуде.  Астаналық қонақтардың сапары екі бөлімнен тұрады – мәдени және іскерлік. Астаналық шығармашылық ұжымдардың концерттері іскерлік топтардың бизнес кездесулерімен, өнеркәсіптік және өндірістік кәсіпорындарды аралаумен қатар өтуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форумдар өңіраралық ынтымақтастыққа жаңа серпін бермек.