10 Желтоқсан, 2011

Бүлік шығарғанға аяушылық болмасын

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Соңғы кездері еліміздің әр аймағында белең алған лаңкестік оқиға еріксіз жаға ұстататын бол­ды. Күні кеше Алматының жанындағы Боралдайда болған оқиға қай-қайсымыздан да сақ­тық пен қырағылықты қажет ете­тіндігін көрсетті. Бейбіт өмір­дің берекесін кетіргісі келген қылмыскерлердің бұл әрекетіне ана ретінде лағынет айтамын. Оларды да ана өмірге әкеліп, ақ сүт беріп, ертеңінен үміт күтті ғой, әттең... Діни экстремистік әрекеттер­мен ертеңіне сеніммен қараған мұсылман қауымының арасына іріткі салғысы келген жексұрын­дарға қандай шара қолданса да артық емес. Өйткені, олар бүгін­гі бейбіт тіршілігіміздің іргесін сөгуге тырысып жатыр. Алматы облысының Іле ауда­нындағы Боралдай елді мекенінде болған оқиғаны соның бір нақты айғағы деп түсінемін. Алланың жаратуымен бұл өмір­ге қонақ болып келдік. Алла­ның біз үшін қандай керемет ға­ламды жаратқанына таңғал­ма­уың мүмкін емес. Осындай сезімнен кейін барлық мақтаулар мен мадақтаулардың тек қана Аллаға лайық екенін түсінесің. Бірақ, көбіміз Тәңір берген сансыз нығ­метке тойымсыздықпен қарап, ма­саятын сәттеріміз болады-ау деген ой келеді. Маскүнемде, то­ғышарда ақыл-ес болады деп кім айта алады. Ондайларға еш­кім­нің көңілі толғанын көрген емеспін. Ондай адам өзінің білгенін жасайды. Ал ұятсыздық пен иман­сыздық үстемдік құрған жерде жанымыздың, тәніміздің, жалпы өмірдің тыныштығы бұ­зы­лады. Дәл осындай ессіздер­дің тірлігі ұрпаққа да, қоғамға да үлкен кесел келтіріп жатыр. Баланың дұрыс тәрбие алу­ы­на отбасындағы әке-шеше міндетті. Құнарлы жерге отырғы­зыл­ған, күтімі жақсы ағаш күні ертең мәуелі жеміс береді. Бала да осындай. Айналамызға бір қа­рағанда бәрі әдемі, сұлулығында шек жоқ, керемет. Осы сұлу­лық­ты біреулердің түсінбейтіні қи­найды. Ата-анаға қамқор бола­тын балаларымызды қайдағы біреулер өзінің арам пиғылына пай­даланып, жеті атада жоқ жиіркенішті әрекетке барғызып отыр. Иә, біз алмаған қамал жоқ. Қандай қиындықты да халқымыз адалдығы мен әділеттілігі, көзсіз батырлығы арқасында жеңіп, талай өткелден өтіп, бейбітсүй­гіш­тігін дәлелдеді. Оны әлем халқы біледі, мойындады. Бүгін Абай­ды, Жамбылды, Шәкәрім, тағы басқа даналарымызды кім таны­майды. Абайдың асыл мұрасына зер салсақ, қазіргі өмірде болып жатқан және ұлтымыздың ал­дын­дағы бар дүниенің шешімін айтып, жол сілтеп тұрған жоқ па. Көп балалы ана ретінде көрші ауылдағы қантөгіс қолыма еріксіз қалам алдырды. Ойымды ашық айтуға үндеді. Саналы ғұмыр кешіп, сали­қа­лы із қалдыру үшін көкірегіміз нұрлы болуы керек. Отбасында бала-шағамен бірге ойланып, олар­дың өмірде адаспайтын жол­ды таңдауына бағыт-бағдар сілтесек, олар әлдекімдердің азғы­руы­на бармас еді. Сонда ғана қоғамға елі мен жерін сүйетін ұрпақ дайындай аламыз. Есімізді жинайық, баянды ғұмыр кешкіміз келсе, ұлттық санамызды, салт-дәстүрімізді, бабадан қал­ған текті жолды сақтайық, аға­йын. Тыныштығымыз бен ба­қыт­­ты өмір үшін қырағы болай­ық қашанда. Алтын НҰРҒИСАЕВА, көп балалы ана.

Алматы облысы, Іле ауданы, Жетіген ауылы.