Бокс • 27 Мамыр, 2018

Жүкембаев WBC Continental чемпионы атанды

394 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Канаданың Квебек қаласында өткен бокс кешінде қазақстандық кәсіпқой боксшысы Батыр Жүкембаев (13-0, 11 КО) жартылай орта салмақта WBC Continental Americas чемпиондық атағын жеңіп алды.

Жүкембаев WBC Continental чемпионы атанды

Отандасымыз Давид Лемье мен Карим Ашур андеркардында аргентиналық боксшы Джонатан Хосе Енизбен жұдырықтасып, қарсыласын жетінші раундта техникалық нокаутпен ұтты. Екі боксшы арасындағы чемпиондық атақ сарапқа салынған жекпе-жек он раундқа жоспарланған болатын. Дегенмен аргентиналық боксшының қауқары жеті раундқа дейін жетті. Десе де бұл жекпе-жек жерлесімізге оңайға соққан жоқ. Бес раунд бойы қарсыласынан басым болған Жүкембаев бесінші раунда Ениздің ауыр соққысын өткізіп алып, нокдаунға түсіп қалды.

Нокдауннан тез ес жиіп алған Батыр Жүкембаев жекпе-жекті қайтадан өз қолына алды. Жетінші раундта отандасымыз қарсыласын екі рет нокдаунға жіберіп, Хосе Енизді жекпе-жекті жалғастыра алмайтын халге түсірді. Нәтижесінде төреші кездесуді тоқтатып, чемпион ретінде отандасымыздың қолын көтерді. 27 жастағы Жүкембаев спорттық мансабындағы екінші чемпиондық атағына қол жеткізді. Бұған дейін ол IBO International белдігін иеленген-ді. Осылайша, Батыр Жүкембаев кәсіпқой бокстағы 13-ші жекпе-жегін өткізіп, 13-ші жеңісіне қол жеткізді. Оның 11-де қарсыласын мерзімінен бұрын жеңген.

Сонымен қатар бұл бокс кешінде екі қазақстандық боксышы Нұрзат Сабыров (6-0, 5 КО) пен Садриддин Ахмедов те (2-0, 2 КО) жұдырықтасты. Сабыров аргентиналық қарсыласын төрешілер шешімі бойынша жеңсе, Ахмедов 34 жастағы тағы бір аргентиналық боксшы Ариэль Алехандро Зампедриді бірінші раундтың орта тұсында нокаутпен жеңді.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»