Қазақстан • 28 Мамыр, 2018

«Жас қанат-2018» байқауының жеңімпазы анықталды

948 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Үміт толы жанар... Лүпіл қаққан жүрек... Қиял қанатында қалықтаған арман... «Жас қанат» байқауына қатысушы өнерпаздардың барлығын ортақтастыратын сезім бұл! Бес күн бойы бір қорқыныш, бір үміт, бір қуаныш, бір күдік жұдырықтай жүректерін тыным тапқызбай, мың мәрте толқытқан айтулы ән байқауы кеше өз мәресіне жетті. Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен шын жүйрік анықталған салтанатты жиында Қазақ елі «Жас қанат-2018» жас орындаушылардың XXVІІ республикалық байқауының кезекті  жеңімпазымен танысты. 

«Жас қанат-2018» байқауының жеңімпазы анықталды

Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»

1991 жылдың көктемінен бері жыл сайын үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан байқау өзінің 27 жылдық тарихында жас әншілердің тұтас толқынын тәрбиелеп шығарды. Талай таланттың бағын ашып, өнердегі бағытын айқындады. «Жас қанаттан» түлеп ұшқан Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Нұрлан Абдуллин, Бақыт Шадаева, Жанар Дұғалова, Мәдина Сәдуақасова, Маржан Арапбаева, Димаш Құдайберген бастаған таланттар шоғыры бүгінде отандық ән өнерінің мақтанышы. 

Еліміздегі ерекше танымалдыққа ие, айтулы музыкалық жоба Бейбітшілік және келісім сарайының киелі сахнасында мамырдың 25-і мен 27-сі аралығында өтті. Биыл «Жас қанатқа» республиканың түкпір-түкпірінен  12 үміткер іріктеліп алынды. Олардың арасында Астана, Тараз, Қарағанды, Алматы, Петропавл, Орал қалаларының және Ақтөбе облысының намысын қорғайтын өнерпаздар бар. Атап айтсақ, Арманай Әбдімомынова (Қарағанды), Бақтияр Ақылбек (Астана), Нұрай Ғаниқызы (Тараз), Диас Кәрімжанов (Астана), Нұрдәулет Қуандықұлы (Ақтөбе), Риза Мағзұм (Орал), Дәмел Ортамышева (Петропавл), Замира Сағадиева (Астана), Сымбат Сейілханова (Алматы), Жанболат Таласбай (Тараз), Аян Тасыров (Алматы), Сәуле Тыныштықова (Тараз)  байқаудың негізгі жүлдесі – «Алтын қанаттың» иесі болуға барын салып бақты. 3 сайыстық кезең бойынша өнер көрсеткен қатысушылар кәсіби музыка мамандарының бағасымен қатар шығармашылық үлкен тәжірибе мектебінен  өтті.  

«Жас қанат-2018» байқауы тек  қаты­сушылар үшін ғана емес, қазылар үшін де жауапты сәт болды. Себебі эстрада аспанында жаңа жұлдыздың жағылып, жас орындаушының үлкен сахнадағы алғашқы қадамына төрелік айту – тарихи һәм жауапты қадам. Өздеріне жүктелген салмағы зіл батпан сенімді абыроймен алып шығуды көздеген сарапшылар барынша әділетті болу үшін барын салды. 

«Жас қанаттың» биылғы XXVІІ маусымына жобаның төл перзенттері, яғни «Жас қанаттың» әр жылдардағы лауреаттары мен дипломанттары қазылық етті. Олар – Маржан Арапбаева, Медеу Арынбаев, Нұрлан Абдуллин, Бақыт Шадаева. Сондай-ақ «Астана Опера» театрының дирижері Абзал  Мұхитдинов, профессор Раиса Мұсаходжаева, «Астана Опера» театрының бас хормейстері Ержан Дәуітов, Kazakh-TV телеарнасының директоры Сандуғаш Рахимжанова және байқаудың негізін қалаушы, продюсер Мұрат Ерғалиев те байқау мықтыларына өз төрелігін айтты. 

– «Жас қанат» жылдан жылға жасарып бара жатыр. Небәрі 16-17 жастағы қатысушылар жоғары деңгейде өнер көрсетуде. Жастығына қарамастан бойларында әншіге керек барлық қасиет тоғысқан: жүрек те, дарын да, талап та, талғам да бар. Біз осы балалардай кезімізде үлкен сахнаға шығып, бақ сынамақ тұрмақ, әлі көркемөнерпаздар үйірмесінен де ұзай қоймап едік. Бүгінгі жастар шынымен де бақытты», – деп «Жас қанаттың» ең алғашқы түлегі, белгілі әнші Медеу Арынбаев байқаудан алған әсерімен бөлісті. 

Хош! Сонымен көптен күткен тарихи сәтке де келіп жеттік.  Қазылар алқасының шешімімен ақтық сынға 3 үміткер таңдалды. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан өнерпаздар кәсіби орындау шеберлігі мен ұпай санына байланысты І, ІІ және ІІІ орынды өзара бөлісті. Байқау қорытындысы бойынша, қазылар алқасының бірауыздан қолдауымен «Жас қанаттың» бас жүлдесі – «Алтын қанат» жүлдесіне Бақтияр Ақылбек (Астана) лайық деп танылды. «Күміс қанатты» Замира Сағадиева (Астана) еншілесе, Арманай Әбдімомынова (Қарағанды) «Қола қанаттың» иегері атанды. 

Сондай-ақ  «Жас қанат» бағдарламасында осымен үшінші жыл «Арманға бір қадам» атты «байқау ішінде байқау» өтіп келеді. Ереже бойынша арнайы жобадағы үміткерлердің арасынан қазылар алқасы «Жас қанат-2019» байқауына іріктеусіз өтетін бір орындаушыны таңдап алуы керек еді. Бірақ биыл «Жас қанат» байқауының тарихында тұңғыш рет қатысқан үш өнерпаздың үшеуі де келесі жылға жолдама алды. Олар: Тоғжан Қали (Астана), Өркен Миров (Қарағанды) және Ақбота Құснадин (Астана).  Бұл өнерпаздар келесі жылы дәл осы уақытта өтетін «Жас қанат-2019» байқауына іріктеусіз қатысады. 

Өнер байқауы үшін 27 жыл – аз уақыт емес. Осы уақыт аралығында «Жас қанат» өз дәстүрі мен талғамын қалыптастырып үлгерді. Оның игі мысалы – байқауға қатысушылар жыл сайын жасқанаттық дәстүр бойынша «Жас қанат» аллеясында естелік ағаштарын отырғызды.  Ағаш тамырымен бірге асыл армандары жазылған үшбу хатты да топырақпен бірге көмеді. Сол арқылы болашақ өнер адамы жүрегінің түкпірінде ешкімге айтпай  аялап келген аяулы арманын сыртқа шығаруға мүмкіндік алады. Бұл дәстүр «Жас қанатпен» бірге жасап, әуелдегі 2-3 тал ағаш бүгінде мәуелі орманға айналып үлгерді. Бірнеше буын қатысушыларының бар арман-тілегі мен сырын «Жас қанат» аллеясының мәуелі ағаштары жылдан-жылға аман жеткізіп, сақтап келеді...

Назерке ЖҰМАБАЙ, 
«Егемен Қазақстан»