«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ еліміздегі білім беру жүйесіндегі педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттырумен айналысатын бірден-бір мекеме. Жақында орталықтың Оралдағы филиалы – Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру жүйесіндегі смарт технологиялар» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференцияға БҚО білім беру ұйымдарының педагогтері, соның ішінде 41 базалық білім беру ұйымдарының басшысы қатысты.
Шараға қатысушыларды тіркеу электронды түрде жүргізілді, яғни алдын ала дайындалған гугл кестеге тіркелді. 4 топқа шоғырланған секциялық отырыстарда институттың «Математика оқулығы» жобасы, «Бірге оқимыз!», «Қашықтық курстары», «Сабақ жоспары» жобалары таныстырылды. Барлық қатысушылар ыстық ықылас білдіріп, қызығушылық танытты.
Конференцияда педагогтерге смарт техникаларды қолдану бойынша әдістеме көрсетілді. Инновациялық технологияны қолданудағы шетелдік тәжірибені зерттеу, отандық практикадағы жетістіктер, туындайтын қиындықтар талқыланды. Қатысушылар өздеріне қолжетімді смарт техника арқылы теория түрінде айтылған сабақты практикалық тұрғыда жүзеге асырып көрді. Сапалы ұйымдастырылған кері байланыс нәтижесінде өздерін қызықтырған сұрақтарға тұшымды жауап алды.
250 педагогті қамтыған айтулы шараға келіп түскен мақалалар 6 секцияға топтастырылып, институт сайтында талқылау жүргізілді. Әр қатысушының мақаласына пікір жазылып, ұсыныстар да берілді. Конференцияның сайттағы беті әлі де ашық. Мамыр айының соңына дейін сайттағы мақалаларды талқылап, пікір алмасуға болады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында «Адами капитал – жаңғыру негізі» деген болатын. Жолдауда тікелей білім беру мәселелеріне қатысты «Оқытудың мазмұндылығы заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үйлесімді түрде толықтырылуға тиіс. Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кеңжолақты Интернетке қосу және мектептерімізді видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру қажет. Орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеолекцияларын Интернетте орналастыру керек. Бұл барлық қазақстандықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашады» деген тұжырымдар бар.
Президентіміздің өзі видеосабақ туралы нақты тапсырма берген кезде білім берудің алдында түрлі саласындағы үздік педагогтарды анықтау және олардың сабақтарын бейнеге түсіріп, өңдеу, кейін интернетке орналастыру тәрізді жауапты әрі ауқымды істердің тұрғаны мәлім болды. Осылайша біз Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасымен ынтымақтастық меморандумын жасасып, 41 базалық білім беру ұйымын анықтадық.
Осы келісім аясында атқарылған алғашқы жұмыс – Орал политехникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Эльмира Нахуованың 2 бейнесабағы болды. «Құбырларды кесу және пісіру» бейнесабағы электр дәнекерлеуші мамандығының 1-курс студенттеріне арналған.
Бүгінгі таңда институт базасында түрлі пәндер бойынша 14 бейнесабақ түсіріліп, олар «Өрлеу» БАҰО» бас кеңсесіне жолданды. Бұл сабақтың үздіктері сайтқа жарияланып, республика көлемінде ұстаздар қаралымына ұсынылып, лайықты бағасын алуда.
Қазақстандық мұғалімдердің озық тәжірибесін бейнесабақ түрінде таратудың қандай пайдасы бар?
Біріншіден, бейнесабақ – қазіргі заман талабына сай қашықтан оқыту үшін аса қажет материал. Бейнесабақтар жинала келе болашақта кәсіби контент құрастыратын авторлар қалыптасады деп сенеміз.
Екіншіден, бейнесабақ көмегімен оқыту тәжірибелерін ішінара енгізу арқылы қазіргі балалардың интернетке, компьютерге, смартфондар мен планшеттерге деген жоғары қызығушылығын пайдалы арнаға бұру мәселесі шешілуі мүмкін.
Үшіншіден, қазақ тіліне латын графикасын енгізу нәтижесінде тілімізде орфографиялық өзгеріс пайда болады. Бұл орфоэпияға да әсер етіп, сөйлеу дағдымызда елеулі өзгеріс болуы мүмкін. Бейнесабақта мұғалімнің сабақты түсіндіру барысындағы сөйлеу үлгісі жазбада сақталып, ақпаратты сақтаудың жаңа форматында болашақ ұрпаққа қашанда қолжетімді болады.
Бейнесабақта мұғалімнің жаңа сабақты түсіндіруі, 40 (бұрын 45 минут) минуттық сабақ мазмұнында мұғалімнің оқушыға беретін ең маңызды ақпараттары бейнесабақ көмегімен 10 минуттан аспайтын уақытқа жинақталады.
Дайындалған бейнесабақтардың қандай пайдасы бар? Оқушы осы бейнебаяннан жаңа сабақ мазмұнымен алдын ала танысып, сабаққа жоғары дайындықпен келеді. Тіпті денсаулығына байланысты мектепке келе алмаған кезде де сабақ мазмұнымен өз бетінше шұғылдануға мүмкіндік алады. Сондай-ақ ауа-райына, төтенше жағдайға байланысты мектепте сабақ тоқтатылған кезде де оқушы оқу үдерісін өз бетімен жалғастыра алады. Ал үлгерімі төмендеген оқушылар сабақты қабылдау қабілеті күшейген кезде өз бетімен бұрынғы сабақты қайталап түсіне алады.
Міне, XХI ғасырдың білім беру жүйесі мұғалімдер арасындағы серіктестіктің кеңеюіне әкеледі. Мұның аясында мұғалімдер бірлесіп жұмыс жасай алады, инновациялық және тиімді ойларымен бөлісе алады. Осындай мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін «Өрлеудегі» өрелі өзгерістер қоғам дамуына қарай жалғасын таба берері сөзсіз.
София ІЗМҰХАНБЕТОВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директоры