Қазақстан • 28 Мамыр, 2018

Денис Тен спорттық киімін экспозицияға тапсырды

463 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы Елбасы кітапханасында еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы спорт тарихы мен отандық спорт­шы­лардың әлемдік аренадағы жеңістерінің символы қойылған «Қазақстанның олимпиадалық қозғалысы» тұрақты экспозициясының ашылу салтанаты өтті. 

Денис Тен спорттық киімін экспозицияға тапсырды

Жиынға Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) бас директоры Нұрлан Нөгербек, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов және Серік Сәпиев, Василий Левит, Денис Тен, Гузель Манюрова, Қайрат Ерәлиев пен Абзал Әжғалиев сияқты даңқты олимпиадашылар қатысты.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған Нұрлан Нөгербек экспозицияны көрген өскелең ұрпақ еліміздің спорттық тарихымен және чемпиондарымыздың жігерлі жеңісімен қанаттанатыны сөзсіз дейді. «Осыдан бірер күн бұрын Мемлекет басшысы республикадағы спорттық бастаманы қолдау мақсатымен видео үндеу жолдады. Ол спортпен шұғылдану тек қана физикалық күш пен денсаулықты жақсартып қоймай, ерік-жігерді жақсартып, табысқа жетелеп, жоғары моральдық және рухани байлықты арттыратынына назар аударды. Мен бұл экспозицияның өскелең ұрпаққа өте қызықты боларына күмән келтірмеймін. Еліміздің спорттық тарихымен және чемпиондарымыздың жігерлі жеңісімен танысқан соң балалардың қанаттанатыны сөзсіз», деді ҰОК бас директоры Н.Нөгербек.

Экспозицияға қойылған спорттық бұйымдар келушілерге Олимпиадалық қоз­ғалысты дамытуға арналған Мемле­кет басшысының бастамаларын, қазақ­стан­дықтардың саламатты өмір сүру салтын қолдану ережелерін түсіндіреді. Сондай-ақ материалдың біраз бөлігі Ұлттық Олим­пиада комитетінің құрылу тарихы, оның Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) тарапынан мойындалуы және қазақстандық спортшылардың Олимпия ойындарындағы жеңісіне арналған. Экспозицияны тамашалаушылар ХОК президенттерінің Елбасына тарту еткен сыйлықтарын, ҰОК-нің құрылғанына 25 жыл толуына орай тарту етілген сыйлықтар мен чемпиондарымыздың мұрағатындағы жеке заттарды тамашалай алады.
Сонымен қатар шара аясында Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен «Silk Road» бағдарламасына киген киім үлгісін экспозицияға тарту етті. «Қазақстанның Олимпиадалық қозғалысы» экспозициясының ашылу салтанатына қатысқаныма қуаныштымын. Шараға өз үлесімді қосу үшін спорттық киімімді табыс еттім», дейді Денис Тен. 

Аталған экспозицияның басты ерекшелігі – интерактивті аймақ. Экспозицияны тамашалауға келген әрбір көрермен зілтемір көтеру арқылы өзін спортшы ретінде сынай алады. Сондай-ақ олимпиадашылардың мүсіндерімен суретке түсіп, тұғырда тұру арқылы өзін чемпион ретінде сезінуге де мүмкіндіктері бар.