Жарыстың шымылдық ашар күні дзюдошыларымыз үшін сәтті басталғанымен, бәсекенің қалған күндері отандастарымыз тұғыр биігіне көтеріле алмады. Доданың алғашқы күні Ұлттық құрама сапынан татамиге шыққан төрт балуанымыз үш медаль олжалады. 60 килода белдескен Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев финалға дейін қарсылас шақ келтірмей, екеуі финалда жолықты.
Елдос Сметов жарыс жолындағы алғашқы белдесуін жапониялық Юма Ошиманы қосымша уақытта (голден скор) вазари ұпайымен, екінші айналымда ресейлік Роберт Мшвидобадзені уақытынан бұрын таза жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда Бразилия дзюдошысы Пелим Фелипені иппон ұпайымен ұтып, финалға шықты.
Ал Ғұсман Қырғызбаев финалға дейін жеңіліссіз үш кездесу өткізді. Алғашқы белдесуінде солтүстіккореялық Пае Донг Жонгпен кездесіп иппонмен жеңсе, екінші белдесуінде әлем және Азия чемпионы моңғолиялық Ганбад Болдбаатардан басым түсті. Жартылай финалда тағы бір моңғолиялық балуан Амартувшин Дашдавааны уақытынан бұрын иппон ұпайымен қапы қалдырып, шешуші кезеңге жолдама алған-ды.
Екі қазақ оғланы кездескен финалдық сайыста Елдос Сметовтің бағы жанып, Гран-при жеңімпазы атанды. Ғұсман Қырғызбаев болса күміс медальды қанжығалады. Ал 66 кило салмақта жарыс жолына шыққан Елдос Жұмақанов ел қоржынына қола медаль салды. Ол бес кездесу өткізіп, тек біреуінде, жартылай финалдық жолдама үшін күресте германиялық Себастян Сейдлге есе жіберді. Ал жұбаныш финалында Абдулла Абдужалиловты вазари ұпайымен жеңіп, қола жүлдені жеңіп алды. 66 килода белдескен тағы бір балуанымыз Ерлан Серікжанов жартылай финалда Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері моңғолиялық Ан Ба Улдан жеңіліп қалды.
Гран-при жарысының үшінші күнінде татами төріне Қазақстан құрамасынан Бекәділ Шаймерденов (73 кг), Жансай Смағұлов (73 кг), Дидар Хамза (81 кг) және Азиз Қалқаманұлы (81 кг) көтерілді. Бұл дзюдошылар арасынан Жансай Смағұлов қана жұбаныш белдесуіне дейін жетті. Медальға жолдама берер сында Смағұлов ресейлік балуаннан айласын асыра алмады. Ал қалған балуандарымыз екінші белдесуден әрі асқан жоқ.
Соңғы жарыс күнінде 90, 100 және +100 кило салмақтағы балуандарымыз жүлде үшін белдесіп көрді. Жыл басында Тунисте өткен Гран-при жарысында топ жарған Ислам Бозбаев (90 кг) бұл жолы екінші айналымда жеңілді. Бірінші айналымда Иран балуанын жеңгенімен, екінші айналымда түрікменстандық балуанға есе жіберді. Сонымен қатар 100 килода сынға түскен Виктор Демьяненко да екінші айналымнан аса алмады.
+100 кило салмақта белдескен Санжар Жабборов пен Ерасыл Қажыбаев бірінші айналымнан сүрінбей өткенімен, екінші кезеңде қарсыластарына есе жіберіп қойды. Жабборов корей балуанынан жеңілсе, Кажыбаев Иран балуанынан ұтылды.
Қазақстан құрамасы жалпы командалық есеп бойынша 49 елдің ішінде бір алтын, бір күміс және бір қола медаль еншіледі. Медаль саны бойынша бес алтын олжалаған Жапония құрамасының балуандары көш бастады.