Аймақтар • 28 Мамыр, 2018

Қарағанды облысында төртем дүниеге келді

350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облыстық пери­­наталдық орталығында қата­ры­нан төрт сәбиді өмірге әкелген Регина Горх аман-есен аяқ-қо­лын бауырына алды. Көз тиме­сін деген болар, шақалақтар сәуір айының басында дүниеге кел­се де, ширағанша көпшілікке жа­рияламаған жас ана мен ме­ди­циналық мекеме сүйінші хабарды енді ғана таратып отыр. 

Қарағанды облысында төртем дүниеге келді

Алғаш рет босанған 32 жастағы Регина Горх бірден үш ұл мен бір қыздың анасы атанды. Ағайын-туысымен жабылып нәрестелерге Эмма, Вильгельм, Иоганн, Готлиб деген есімдер беріпті. 

Төртемнің дүниеге келетіні алдын ала белгілі болға­н­дық­тан, Регина жүктілігінің 28-ші аптасынан бастап дәрі­гер­лердің бақы­лауына алынған. Перинаталдық орталықтың акушер-гинеколог мамандары ерекше күтім жасап, жүк­тілік мерзімін 31 аптаға дейін соза алды. Бұл құрсақтағы шара­налардың мейлінше салмақ жинап, әлденуі үшін қажет болған. 

Ерлі-зайыптылар алғашқы сәбилерін күтіңкіреп қалса да, төртем ана бойына табиғи жолмен біткен екен. Жаратқанның бір-ақ сәтте жарылқай салғанына жас ата-ана дән риза.

Сәбилердің ең ірісі 1890 грамм болса, одан кейінгісі 1760 грамм, үшіншісі 1745 грамм, ал соңғысы небәрі 1095 грамм тар­тыпты. Дегенмен, неонатолог мамандар барын салып, бәрін де аман алып қалды. Шала туылған шақалақтар бір ай бойы қарқынды терапия бөлімшесінде қолдан жетілдірілді. Одан кейін де жаңа туғандар патологиясы бө­лім­шесінде бақылауда болған.

Сәбилер патология бөлімше­сіне ауыстырылғаннан кейін олар­­дың әкесіне де күндіз-түні жандарында болуға рұқсат беріл­ген екен. Балаларды сала­лық мамандар да айрықша тексеру­ден өткізді. Жүктіліктің ауыр өтуі салдарынан көзіне зақым келген жалғыз қыз Эмма­ға ота жасалып, сәтті аяқтал­ған. Жас босанған анаға да бір­шама уақыт оңалту шаралары жасалды. Төртем көтеру оңай емес, әлсіреген ананың ағза­сын перинаталдық орталық дәрі­герлері мейлінше қысқа уақыт ішінде қалпына келтірді. 

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ