Аймақтар • 28 Мамыр, 2018

Қостанай облысында мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асып жатыр

515 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Ба­қытжан Сағын­таев Қос­танай облысына келген сапар­ында облыс орта­лығы  мен Руд­ный қа­ла­ларындағы бірнеше өндіріс жә­не өңдеу кәсіп­орын­дарын аралады, ауыл­шаруашылық тауар өндіру­­ші­лерімен және  жас­тармен кездесті.

Қостанай облысында мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асып жатыр

Еліміз экономикасы үшін орны бөлек заң

Үкімет басшысының Қос­танай облысына бұл сапарын өңірдегі бизнес өкілдері құт­ты сапарға жорыды. Бақыт­жан Әбдірұлы Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың жария түр­де қол қойған «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңна­малық актілеріне кәсіпкерлік қыз­метті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енген алғашқы күні Қостанай өңіріне игі жақ­сы­лықты ала келгендей болды. Рудный қаласындағы «Ли­дер-2010» сүт зауытында болып, өңдеу кәсіпорнының зама­науи технологиямен жұмыс істеп жатқанына куә болған Б.Са­ғынтаев осы жерде тігілген ақ шатырда ауылшаруашылық та­уар өндірушілерімен кездесті. Ол бұл заңның тарихи маңызы зор құжат екенін, енді АӨК саласында өсімнің жаңа мүмкіндіктері ашылатынын мәлімдеді. 

– Қабылданған заң бизнесті реттеу саласындағы заңнаманы ырық­тандыруға бағытталған және ол мемлекеттік бақылау функ­­цияларын шамамен 30 пайыз­ға қысқар­туды көздейді. 14 ко­декске және 109 заңға енгізіл­ген 1000-ға жуық түзетулер биз­несті дамытуға барынша қолай­лы жағдай жасап, елімізде кәсіпкерлік қызметті нығайтуда ынталандырушы шара болады, – деді Б.Сағынтаев. 

Жыл басында Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында Елбасы алдағы бес жыл ішінде агроөнеркәсіп саласында еңбек өнімділігін кемінде 2,5 есе арттырып, экспорттық әлеуетті ұлғайтуды тапсырған бола­тын. Ауыл шаруашылығы бірінші ви­це-министрі Арман Евниев осы­ған орай мемлекеттік бағ­дарламадағы он міндетті саралап айтып берді. Ауыл шаруа­шы­лығында кәсіпкерлікті дамыту, шағын және орта бизнестің бә­се­кеге қабілеттілігін арттыру, экспорттың жаңа нарықтарына шығу мәселелері бойынша «Атамекен» ҰКП басқарма төр­ағасы А.Мырзахметов баян­да­ды. Үкімет басшысы ауыл­шаруашылық кооперативтерін да­мытуға баса маңыз беру керек­тігін тапсырды. Мәселелерді тал­қылау барысында жергілікті аг­раршылар кәсіпкерлік қыз­мет туралы жаңа заңға қол­дау білдіретіндерін айтты. 

– Біз Елбасының тарихи шешімін қолдаймыз. Қа­был­данған заң бізге бизнесті кеңей­туге үлкен мүмкіндіктер береді, – деді облыстың қоғамдық кеңес төр­ағасы, «Қарқын» ЖШС құрыл­тайшысы С.Бұқанов.

Кездесуде ауыл шаруа­шы­лы­ғы кәсіпкерлері сырттан тасы­латын техниканың қосалқы бөл­шектері Қазақстанда өндірілсе, отандық асыл тұқымды мал сатып алған шағын шаруашылықтарға субсидия қарастырылса деген секілді өздері ұшырасып отыр­ған көптеген проблемалар­ды да Үкімет басшысына жет­кіз­ді. Б.Сағынтаев олардың барлы­ғына жауап беріп, көтерілген мә­се­лелер назардан тыс қалмай­тынын айтты. 

Цифрландыру – уақыт көшінен қалмау құралы

Премьер-Министр бұл сапарында «Жас қанат-2006» құс фаб­рикасында және еліміздегі кен алыбы Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігінде, Қостанай қаласындағы индус­триялық аймақта болды. Үкімет басшысына «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында іске асып жатқан «ақылды құс фабрикасы» және «ақылды кеніш» жоба­лары таныстырылды. «Жас қанат-2006» ЖШС директоры Қай­рат Маишев «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бағдарламасы ая­сында жүргізіліп жатқан жаң­ғырту шаралары туралы айтып берді. Кәсіпорын жаңғыртудың үш кезеңінен өтті. Инвестициялар көлемі 3 млрд теңгеден асады. Процестерді автоматтандыру жұмыртқа өндірісін жылына 7 млн-нан 250 млн данаға, яғ­ни шамамен 35 есеге дейін ұл­ғай­туға, ет өндірісін 30 тоннадан 500 тоннаға дейін немесе 15 есеге ұлғайтуға мүмкіндік бер­ді. Өндірілетін өнім Ресейге, Ау­ғанстанға, Тәжікстанға және Қырғызстанға экспортталады. Биыл өнімді Иран мен Қытайдың жаңа нарықтарына экспорттау басталды. Алдағы үш жылда ци­фрлы технологияларға 2 млрд теңгеге жуық инвестиция салу жоспарланып отыр. 

«ССКӨБ» АҚ президенті Бе­реке Мұхаметқалиев Соколов-Сарыбай кен орнында Индустрия 4.0-тің бірден бірнеше элементі енгізіліп жатқанын атап өтті. Бұған дейін Қашар кен орнында іске асырылған «Ақылды ке­ніш» жобасы нақты уақыт режі­мінде кен тасымалдау көлі­гі кешенін басқарудың автомат­тан­дырылған жүйесін, спутниктік дәл жайғастыру және бұрғылап қопару жұмыстарын басқаруды қамтиды. Соколов-Сарыбай кен орнындағы технологиялық жаңғырту 2020 жылы аяқталып, өнімділікті 10 пайызға арттыруға жол ашады.

Индустриялық аймақта 119 млрд теңгеден астам қаржыға 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады. Онда машина жасау және металл өңдеу, химия, тоқыма өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі және басқа да өңдеу салалары секілді экономика секторларының кәсіп­орындары орналасады. Ин­дус­триялық аймақты аралау барысында Б.Сағынтаевқа «Цифрлы Қазақстан» мемле­кеттік бағдарламасының өңірде іске асырылуының ағымдағы нәтижелері және орындалу перс­пективалары баяндалды. Өңірді цифрландыру облыс әкімдігі бекіткен 2018 жылға арналған жол картасы аясында жүзеге асырылып жатыр, оған 77 іс-шара кіреді. Қостанай облысы аграрлық өңір болғандықтан өңірде ауыл шаруашылығы қа­нат­қақты режімде цифрланды­рылып жатыр. Аграршылар қа­зірдің өзінде геоақпараттық жүйелер, алқаптардың электронды карталарын енгізу, ауыл­­шаруашылық техникасын қашық­тықтан бақылау және жайы­лымдық жерлерде үй жа­нуар­ларын бақылауға арнал­ған «Дрон» ұшқышсыз ұшу ап­па­­раттары сияқты заманауи ал­дың­ғы қатарлы әлемдік технологияларды пайдалана бастады. Б.Сағынтаев цифрландыру уақыт талабы екенін, онсыз Қазақстан мойны озық отыз елдің қатарына кіре алмайтынын айта келіп, облыста атқарылып жатқан іске көңілі толатынын да білдірді. 

Біткен іс – береке, проблемалар шешімін табады

Үкімет басшысы Рудный қаласында жастармен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Онда Президенттің бес әлеуметтік бас­тамасы аясында студенттерге теңдессіз қолдау көрсетілетіні атап өтілді. Облыс әкімі Архи­мед Мұхамбетов өңірде бес жа­тақ­хана салып, екеуін қайта жөндеу жоспарланып отырғанын, бұл 2700 студенттің тұрмыс жағ­дайын жақсартатынын айтты. Қазақстанда цифрлы техно­ло­гиялардың қалай дамып жат­қандығы туралы әңгіме барысын­да осы кездесуге Б.Сағынтаев өзі­мен бірге арнайы алып келген ІТ саласындағы елордалық жас са­рапшылар айтып берді. 

Премьер-Министрдің об­лыс­қа сапары облыс активі кез­десумен аяқталды. Облыс әкімі А.Мұхамбетов облыста мем­ле­кеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы қысқаша баян­дап берді. Өңір басшысының айтуынша, алдағы жылдары өсім қоры ретінде облыста 6000-нан астам жұмыс орнын ашу және 1,2 трлн теңгеге 40 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Б.Сағынтаев Президент бастамашы, Үкімет қабылдаған барлық бағ­дар­ламалардың өңірде сәтті жүр­гізіліп жатқанын атап өтті. Өңірде «бес әлеуметтік мәселе» бойынша да елеулі жұмыс­тар жүргізіліп жатыр. Әсіресе тұрғын үй құрылысы жөні­нен облыс республикада алдың­ғы қатарда. Сонымен қатар Б.Са­ғын­таев әкім мәлімдеген өзекті мә­селелердің Үкіметте қарала­тынын айтты. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы