Тыңдаушылар «Саяси көшбасшылық» және «Саяси-партиялық менеджмент» бағыттары бойынша білім алды. Шараға партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, «Назарбаев Университеті» ДББҰ-ның президенті Шигео Катсу және Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Альтаир Ахметов қатысты.
«Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің соңғы кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Назарбаев партия алдына жаңа міндеттер қойып, бірқатар тапсырма берген болатын. Оның қатарында партиялық білім беру ісін жетілдіріп, кадрлық резервті жандандыру бастамасы да бар. Бастама нәтижесінде партияның Саяси менеджмент мектебі негізінде Саяси менеджмент академиясы құрылып, академия білім берудің жаңа форматына көшті. Міне, бүгін жаңа бағдарламамен қайта даярлаудан өткен партия кадрларының алғашқы тобына куәлік табыстаймыз. Алғашқы тыңдаушыларымыз болғандықтан, осы мамандарға артылатын үміт пен күтілетін нәтиже жоғары», деді шараны ашқан Саяси менеджмент академиясының директоры Жанар Боқанова.
Академияның алғашқы түлектерін құттықтаған Мәулен Әшімбаев өз кезегінде бұл бастаманың мәнісі зор екеніне тоқталды. Біз партия кадрларының біліктілігін арттыруға бағытталған жаңа бағдарламаны аяқтап жатқан әріптестерімізбен кездесіп отырмыз. 145 адам қатысқан үлкен іріктеуден өтіп, қайта даярлау бойынша жаңа заманға лайықты білім алған партия қызметкерлері оқыту барысында алған білімі мен машықтарын болашақта өз қызметінде кеңінен қолданады деген ойдамыз, деді ол. Партия қызметін жаңғыртуға тек жаңа жобалар, сараптамалық әлеуетті арттыру ғана емес, сонымен бірге білікті кадр даярлау мәселесі де жатады. Осыған орай Елбасы заманауи біліммен қаруланған партия кадрларын дайындауды тапсырған болатын. Бүгінгі шара – соның алғашқы нақты нәтижесі. Біздің мақсатымыз – заманауи инновациялық технологиялар мен сапалы білімге арқа сүйеп жұмыс істейтін нұротандықтардың білікті, кәсіби буынын қалыптастыру. Бүгінгі тың бастаманы сондай маңызды жолдағы серпінді қадам деп қабылдауымыз керек.
Одан бөлек, партия Төрағасының бірінші орынбасары партиялық білім берудің жаңа бағдарламасын жүзеге асыруда қолдау көрсетіп, ынтымақтастық танытқан Назарбаев Университеті мен Мемлекеттік басқару академиясының басшылығына және барлық лекторға алғысын білдірді. Ал «Назарбаев Университеті» ДББҰ президенті Шигео Катсу мен Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Альтаир Ахметов түлектерді оқуды табысты аяқтаған 50 академия тыңдаушысына арнайы куәліктерін табыс етті.
Болашақта тыңдаушылар партиялық кадрлық резервке ұсынылып, партиялық элитаның жаңа құрамын жасақтауға қатысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ академия түлектері мемлекеттік органдарға лауазымды қызметтерге ұсынылатын болады.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»