28 Мамыр, 2018

Игі заңға ізгі лебіздер

376 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Игі заңға ізгі лебіздер

Ыбраш ЕСТАЕВ,
«И.Естаев» шаруа қожалығының жетекшісі:

– Елбасы қол қойған «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бизнестің дамуына кепіл болатын тарихи құжат дер едім. Толып жатқан тексерулер, салық төлеудің, несие алудың күрделілігі кәсіпкерлерді аяғынан тоздыратын, бизнестің тұсауындай болатын.  Енді, міне,  соның барлығы ықшамдалды, жеңілдетілді. Сонымен қатар бұл заң бизнестің дамуына кесе-көлденең тұратын сыбайлас жемқорлыққа да тұсау болады. Мысалы, бұрын жер алу үшін конкурс хабарландыруы аудандық, не қалалық газетке шықса жарай беретін.  Енді хабарландырулар облыстық газеттерге шығады. Демек, конкурсқа көп кісі қатысады, бәсекелестік артады, жерді алуда ашықтық, мөлдірлік болады деген сөз.  Бұл ауыл шаруашылығы саласының дамуына, адамдардың өзін жұмыспен қамтамасыз етуіне жақсы ықпал жасайды. 

Олег ЦОЙ,
«Аллюр групп» компаниялар тобының президенті:

– Заң дер уақытында шығып отыр. Бұл қазақстандық бизнесті дамыту үшін терең зерттелген, мол еңбектің нәтижесі деп білемін.  Мұның бизнесті көптеген кедергілерден арылтарына сенемін. Мысалы, біз  компанияда көптеген, тіпті кейбір жағдайларда өзін өзі қайталайтын есеп берулерді дайындау, көшіру үшін  арнайы қызмет орнын, маман ұстайтынбыз. Егер осындай  қағазбастылықты көбейтетін 1600 есепті бірінші деңгейде 600-ге қысқартса, біздің де алтын уақытымыз мәнсіз кетпейді, материалдық шығын да, қаржы да үнемделетін болады. 

Олег ДАНИЛЕНКО,
«Агрофирма Диевская» ЖШС директоры:

– Президент жария түрде қол қойып отырған заң елімізде жалпы бизнестің да­муы­на ықпал етеді. Әсіресе ауыл шаруа­шы­лы­ғындағы кәсіпкерлікке мол жол ашары­на сенімім мол. Ауылдағы еңбек адамы заңды біле бермейтіні рас. Кейде болма­шыға айыппұл төлейді, ол кәсіпті баста­ған­дардың меселін қайтарып тастайды, өйткені жүрген-тұрғанның, орталыққа қатынағанның барлығы да ауылдағыларға ақшалай шығын емес пе? 14 кодекске және 109 заңға 1000-ға жуық түзетулер  енгізу бұл еліміздегі бизнес ахуалды жақсарту үшін жасалған ірі реформа екені анық. Шағын және орта бизнестің дамуына тағы да игі қадам жасалып отыр.