Қазақстандықтардың басым бөлігі қазір темір жол тасымалы қызметін пайдаланады. Жуырда өңірлерде болғанымызда жолаушылардың темір жол қызметіне көңілдері толмайтынын білдік. Атап айтсақ, Жезқазған сияқты кейбір елді мекендердің өзінде вокзалдарда жолаушыларға қолайлы жағдайлар жасалмаған: іші салқын, қонақүйі жоқ, кішкентай балалары бар аналар мен мүгедектер үшін арнаулы бөлмелер қарастырылмаған, жылы су жоқ. Көптеген темір жол стансаларында жолаушыларды вагондарға отырғызу мен түсіру қолайлылығы мен қауіпсіздігі сақталмаған, перрондар жоқ, сондықтан адамдар, әсіресе қарттар мен мүмкіндігі шектеулі кісілер биік тамбурларға әрең мінеді. Ал жолаушыларды вагонға отырғызу уақыты аз, 2-5 минутпен ғана шектелген. Сол себепті жұрт пойыздан түсіп-мінуге үлгермей жатады. Пандустар орнатуға көңіл бөлінбейді, стансаларда мүгедектер қоларбаларының кассаға өту жолдары және вагондарға арнайы кірме жолдары қамтамасыз етілмеген.
Мәселен, Қарағанды облысының Осакаров ауданындағы Сарыбел, Ақтасты, Шоқай, Вольск (Сарыөзек) және Русская Ивановка сияқты бес стансада және Арал теңізі, Абай сияқты халық көп мінетін стансаларда осындай кемшіліктер көзге ұрып тұр.
Сонымен қатар пойыздардың жүріп-тұру кестесі мен маршруттары да халыққа қолайсыз. Мәселен, «Қарағанды – Қаражал – Қарағанды» бағытында қатынайтын жолаушылар пойызы 360 километр қашықтықтағы Қаражал кентіне 11 сағат 12 минут жүріп жетеді екен. Орташа жылдамдық сағатына 32 километр шамасында. Жолаушылардың титығына тиетін мұндай «өгіз аяңның» себебі аталған пойыздың Жаңаарқа стансасында 3 сағат 29 минут аялдайтындығында болып шықты. Ал қайтарда тіпті асықпай, Жаңаарқада 4 сағат 24 минут кідіріп, Қаражалдан Қарағандыға 11 сағат 41 минутта әрең жететін болып шықты.
Осыған ұқсас жағдай «Балқаш – Жезқазған – Балқаш» бағытында қатынайтын пойызда да орын алған. Қауіптілігі жоғары аймақ болып саналатын темір жол стансаларында жолаушылар қажетті санитарлық жағдайлар жасалмағандықтан, сыртқа шығып, темір жолдың үстімен жүріп, өз өмірлеріне қатер төндіруге мәжбүр. Күнара қатынайтын «Қызылорда – Жезқазған» бағытындағы пойыз да жолаушылардың орынды реніштерін туғызып отыр. Өйткені осы бағыттың стансаларында тұратын халық Астанаға жету үшін Жезқазған қаласының вокзалында 4 сағат аялдайды, ал кері қайтарда 14 сағаттай аялдауларына тура келеді. Осындай қиындық көріп жүрген жолаушылар «Қызылорда – Жезқазған» пойызының бағытын Астанаға дейін ұзартуды сұрайды.
Осы айтылғандарды ескеріп біз Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке депутаттық сауалмен төмендегі ұсыныстарды жасадық:
1.Барлық пойыздардың жолаушылар вагондарының техникалық жай-күйін бағалап, оларды жаңарту мәселесін қарастыру;
2.Барлық темір жол стансаларының жағдайын тексеріп, жолаушыларға мүмкіндігінше жағдай жасауды қолға алу;
3.«Қарағанды – Қаражал – Қарағанды» және «Балқаш – Жезқазған – Балқаш» бағыттарындағы жолаушылар пойыздарының жол жүру уақытын қысқарту шараларын қабылдау;
4.«Қызылорда – Жезқазған» пойызы қатынасын қолайлы етіп ұйымдастыру және оны Астана қаласына дейін ұзарту мәселелерін қарастыру.
Майра АЙСИНА,
Мәжіліс депутаты