Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер арасындағы туризм, өлкетану қызметі саласында жинақталған тәжірибе аз емес. Жасөспірімдердің туристік орталықтары халықаралық қатынастар аясында ішкі және сыртқы туризмді дамытуда.
Алайда балалар туризмін дамытуға арнаулы туристік өкілдер спектрінің шектеулі болуы балалар туризмі инфрақұрылымының дамымауы, заңдық база жетіспеушілігі және балалар туризмін дамытудағы бірыңғай стандарттар қызметінің жеткіліксіздігі сияқты факторлар кедергі болуда. Осыны ескеретін болсақ, бүгінгі таңда балалар және жасөспірімдер туризмі мен өлкетану республикалық орталығын құру қажеттілігі туындап отыр. Аталған мәселе бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілген болатын, дегенмен бүгінге дейін нақты шешімін таппай келеді.
Республикалық орталықтың жанынан елордада республикалық жарыстар мен фестивальдардың, сонымен қатар жас туристердің экскурсиялық топтарын қабылдайтын арнайы турбазалардың болғаны жақсы болар еді. Мұндай құрылым мысалы, «Туған өлкеден – Астанаға дейін» атты республикалық туристік-экскурсиялық марафонды өте нәтижелі өткізуге ықпалын тигізетіні сөзсіз. Ал туристік-өлкетану бағытындағы қосымша білім беру бағдарламасын жүзеге асырушы білім беру ұйымдарының басшыларының Республикалық үйлестіру кеңесінің басшылық деңгейін Премьер-Министрдің орынбасары деңгейіне көтерсе, құба-құп болар еді.
Сондай-ақ барлық оқу орындарындағы, тіпті ең шалғай қыстақтардағы барлық балаларды өзінің ықпалымен қамтитын облыстық, қалалық, аудандық орталықтар немесе балалар туризмі стансалар желісін қалыптастыру бойынша шаралар қабылдаған жөн. Республика бойынша мұндай стансаларды құру барысында, оларды жалға алынатын емес, меншікті үй-жайлармен, жыл бойына созылған туристік кешендермен немесе маусымдық туристік базалармен қамтамасыз еткен дұрыс. Әрине олар қажетті туристік құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілуі қажет.
Біздің ойымызша, жоғарыда айтылған шараларды қабылдау қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған міндеттерді толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондықтан біз Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, аталған мәселені шешу жолдарын қарастыруды ұсындық.
Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ,
Сенат депутаты