Бірақ бұл мәселе бәрібір толық шешілер емес, көптеген меморгандар өздерінің жабдықтаушыларының мүддесін қорғап, заңнаманың нормаларын бұзуда. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы «Өскемен қаласының қаржы бөлімі» МК өздерінің жабдықтаушысын конкурста жеңгізудің жаңа жолын тапқан. Бағасы 9 млрд теңгеден артық тұратын тапсырысты (трансформаторлық қосалқы стансалар құрылысы) айрықша тәртіпті қолдану арқылы мемлекеттік сатып алулардың электрондық порталы арқылы өткізген. Осы орайда олар айрықша тәртіпті қолдану – ұлттық қауіпсіздік пен құқық қорғау органдары немесе қызметтік ақпараттарды шекті көлемде ғана тарататын мемлекеттік құпияға қатысы бар қызметтердің құрылысын салуға ғана қатысты екенін ескермеген. Тіпті айрықша жағдайлар мемлекеттік сатудың веб-порталына салынбайтындығы туралы 2015 жылдың 31 желтоқсанында қабылданған Үкіметтің Қаулысын да көзге ілмеген.
Кәсіпкерлердің шағымына байланысты «Ақ жол» ҚДП Қаржы министрлігіне қайырылған еді, оның ішкі аудит қызметі тексеріп, айрықша тәртіпті қолданудың заң бұзушылық екенін анықтады.
Осындай жағдай ОҚО Шардара аудандық әкімдігінде де орын алған. Онда Шардара су қоймасының жағалауындағы ғимаратты балалардың сауықтыру лагеріне жалға алу үшін өткізілген тендерде жеткізушіге қойылатын талаптардың арасында қызметкерлердің саны 37-ден (неге нақ 37?) кем болмауы, олардың жатын орындарының болуы, асхана 100 балаға және 37 қызметкерге арналуы және т.б. талаптар қойылған. Қызметкерлердің бәрінің лагерьде жатып-тұруын міндеттеудің қандай қажеттігі болғанын ешкім де түсінбейді. Сонымен бірге өрт сөндіру мен электр жабдықтарының сапасы емес, моделінің қандай болуы тиіс екені талап етілген. Ал осы конкурста жеңімпаз болған ұйымға ұсынылуға тиісті сома сатып алудың жоспарында 5,3 млн теңге болса, енді оның неліктен 4,5 млн. теңгеге азайып қалғаны да түсініксіз.
Бас прокурор Қайрат Қожамжаров пен Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың атына жолданған депутаттық сауалымызды аталған мәселеге қатысты арнайы тексеріс жүргізіп, тиісті шаралар қолдану сұралып отыр.
Кеңес АБСАТИРОВ,
Мәжіліс депутаты