Жиынға Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Елена Бахмутова, Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова, «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Шәріп Берік қатысты.
Президент тапсырмасына сәйкес, оңтайландыру барысында медициналық көмектің құрылымын қайта қарауға, қымбат стационарлық көмектен тиімділігі жоғары профилактикалық медицинаға көшуге, диспансерлік бақылауды ауруды басқару бағдарламаларына трансформациялауға ден қойылып отыр. Осыны ескере отырып, медициналық қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесі ұсынылған. Ол жалпы жұртшылыққа арналған минималды әлеуметтік стандарт, яғни ТМККК пакеті, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылғандарға арналған қызметтер пакеті, сондай-ақ медициналық көмектің өзге қаржы көздерінен қаржыландырылатын қосымша көлемі. ТМККК-нің жаңа үлгісі шұғыл және кезек күттірмейтін жағдайға тап болған әр адамға көмек көрсетуге және жұртшылық үшін маңызы бар сырқаттарды бақылауда ұстауға бағытталған. ТМККК пакетінің жан-жақты нақтыланған тізімі Үкімет қаулысымен бекітіледі.
Баспасөз мәслихаты барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Л.Ақтаева жаңа үлгідегі ТМККК пакеті үш кезең бойынша енгізілетінін атап өтті.
«Бірінші кезекте бұл – қолданыстағы ТМККК пакетінде қамтылған медициналық көмекке ревизия жасау және көмек тізімін нақтылау. Екіншіден, МӘМС жүйесін енгізе отырып, ТМККК-нің жаңа үлгісін дамыту, үшіншіден, медициналық технологиялардың үздіксіз дамуын ескере отырып, ТМККК және МӘМС пакеттерін тұрақты түрде жаңартып отыру», деді ол.
Л.Ақтаеваның айтуынша, ТМККК пакетінде бастапқы медициналық-санитарлық көмектің барлық түрлеріне кепілдік берілген. Оған барлық азаматтарға арналған негізгі медициналық қызметтер, нысаналы топтарға арналған скринингтер, жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балаларды қарау, созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққан тұрғындарды тұрақты бақылау, т.б. жатады.
«25 мамырдағы мәліметтерге сүйенсек, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры келісімшарт бекіткен емдеу мекемелеріне 310,7 млрд теңге қаржы төледі. Бұл халыққа кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде тегін қызмет көрсету жөнінде бекітілген келісімшарт сомасының 45 пайызына тең. 2018 жылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасы 694 млрд теңгені құраған болатын. Қазіргі таңда қор 1463 медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен. Оның 613-і жекеменшік клиникалар», деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Е.Бахмутова.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»