Аймақтар • 28 Мамыр, 2018

Маңғыстауда цифрландыру жұмыстары қалай жүруде?

846 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» мақсатты бағдарламасы – ел дамуын заманауи қажеттілік талабына сай жаңа сатыға көтеретін бастама. Қазіргі таңда цифрландыру жұмыстары еліміздегі әрбір салада кең қолға алынған десек, Маңғыстау өңіріндегі бұл бағыттағы жұмыстар жайлы ауыз толтырып айтуға болады.   

Маңғыстауда цифрландыру жұмыстары қалай жүруде?

Биыл аймақта «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Электронды еңбек биржасы» іске қосылып, жыл басынан бері 4 мыңға жуық азамат Еңбек биржасына тіркелді. Жұмысты жеңілдетіп, жан-жақтылыққа бастайтын бағдарламаны жүзеге асыру барысында «Еңбек нары­ғы» автоматтандырылған ақпа­рат­тық жүйесі іске қосылды. Бұл ақпараттық жүйе жұмыс іздеушілерді және жұмыссыз ретінде тіркеуді, жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылғандарға жолдама беру және мониторингілеуді, жұмыспен қамту саласындағы есептілікті қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Жұмыспен қамту орталықтарына жыл басынан бері 11 978 адам жүгінген, яғни осы жүйеге тіркелген. 

Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруда электронды еңбек келісімшарттарын тіркеу жүйесін енгізу болды. 

– Бұл жүйе жалпы еңбек келісімшарттарының қоймасы және бүкіл республика бо­йынша жұ­мыс істейтін барлық еңбек келісім­шарт­тарының электронды фор­ма­тына көшуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыспен қамту үдері­сін жеңілдетеді, яғни құжат­тарды жинаудың қажеті жоқ. Өз кезегінде жұмыс беру­ші үшін қызметкерлердің қадр­лық құжаттарын жүргізі­луі жеңілдетілген және оңтайлан­дырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы жобаны әзірлеуші ретінде ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін Үкіметке ұсынылатын заңнамаға түзетулер дайындау жоспарлануда, – дейді бұл туралы Еңбек басқармасының басшысы Шыңғыс Дүйсенов.

Қазіргі таңда Маңғыстау облысында 49 453 зейнеткер тіркелген. Жаңа стандарттар бойынша зейнетақы алу үшін азаматтар енді «Азаматтарға арналаған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтініш бере алады. Бұл арқылы берілетін құжаттардың санының қыс­қаруына қол жеткізуге болады және барлық қажетті ақпарат авто­маттандырылған базада ұсы­нылатын болады. Бұл өз­геріс­тер зейнетке шығатын аза­мат­тардың 70 пайызын қамти­ды. Аталмыш жағдайда уақыт­ты үнемдеу мүмкіндігі пайда болады, нақтырақ айтсақ, мем­ле­кеттік қызмет көрсету мерзімі 10 күнен 8 күнге дейін қысқармақ. 

«Цифрлы Қазақстан» бағдар­ламасы Маңғыстау облысының білім саласында да жүйелі қолға алынған. Жуырда аймақтың үш мектебінде IT-сыныптар ашылған болса, жаңа оқу жылына дейін тағы 33 IT-сынып қатарға қосылмақ. Ал Мұнайлы ауданының Қызылтөбе ауылын­дағы мектепте IT-сыныппен бірге, IT алаң жасақталған. 

– Алаңда Қазақстанның картасы, киіз үй, ұлттық аспаптар, қалқан, кітаптар, өзге де тақы­рыптар бар. Штрих код арқылы бір тақырыпты таң­дағанда, ол ұяшықта біраз мәліметтер шо­ғырланған. Мәсе­лен, кітап­тар ұяшығы арқылы қазақ­стан­дық және әлемдік клас­сиктер­дің шығар­малары, ұлттық аспап­тар ұяшығы арқылы қазақ­тың, Маңғыстаудың өнері мен өнер­паздары туралы мағлұмат алуға болады, – дейді «Нұр Отан» партиясы Мұнайлы аудан­дық филиалы төрағасының бірін­ші орынбасары Мұқанжан Камалов. 

Бұл цифрландыру сала­сындағы бастапқы жұмыстар, ал­дағы уақытта осы бағытта жұ­мыстар жүйелі жүргізіле бермек. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы