Кеңестің «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен алғашқы жиынында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов жаңадан құрылған ұйымның мақсатына тоқталып, оның алдында тұрған міндеттер жайын сөз етті.
– Осы жылдың ең маңызды шараларының бірі «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі болды. Әр бастама – біздің азаматтардың жағдайын жақсартуға жасалатын қадам, – деді өңір басшысы. – Бұл құжат шыққан сәттен бастап Елбасы «Нұр Отан» партиясына осы әлеуметтік бастамалардың орындалу барысын бақылауды тапсырды. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Президент «Нұр Отан» партиясы Ассамблеяның қатысуымен әлеуметтік бастамалардың жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жасайтынын атап айтты.
Бүгінде Қарағанды аймақтық кеңесі жұмысқа кіріскен. Оның төрағасы ретінде облыстық мәслихаттың депутаты Серғазы Әдекенов тағайындалды, хатшысы – «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Бағыжан Сәдірбекова. Келешекте нақты бағыттармен айналысатын жұмыс топтары құрылатын болады.
Облыста қазірдің өзінде әрбір әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шағын несиелеуге 2018 жылы аймақта 5,7 млрд теңге қарастырылған. Студенттер қауымы арасында жатақханаға мұқтаждардың қажеттіліктері анықталған – олардың саны 2700 орыннан асады. Биылғы жылы колледждердің жатақханаларына арналып үш ғимарат қайта қалыпқа келтіріледі. 2019 жылы 4 студенттік жатақхана салу жоспарланып отыр.
Қоғамдық кеңес мүшелері «Сарыарқа» газ құбыры магистралінің жобасын да назарға алған. Себебі газ құбырының басым бөлігі Қарағанды облысы арқылы өтеді.
Газ саласының ардагері Геннадий Овчаров «ҚарағандыОблГаз» мамандандырылған кәсіпорнын құруды ұсынды. Қарағанды облысы кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Николай Абт газ саласына қажетті құрылғыларды жасап шығара алатын жергілікті зауыттардың мүдделерін алға тартуға кеңес берді.
– Біз сөзден іске көшіп, жұмысқа білек сыбана кірісуді бастадық деп айтуға болады. Бізді алдымызда қыруар жұмыс күтіп тұр. Бүгін де көптеген жақсы пайдалы ұсыныстар жасалды. Оларды жүзеге асыра бастаймыз. Қоғамдық кеңес тек Елбасы бастамаларының орындалуын ғана бақылап қоймайды. Ең бастысы – барлық күштерді біріктіру және әр бағыттағы жұмыстардың орындалуына жауапты құрылымдарға нақты көмек көрсету, – деп қорытындылады жиынды облыс әкімі Ерлан Қошанов.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ