Бүгінгі қоғамдық өмірдің осындай заманауи талабынан туындаған мәселе республика өңірлері арасында Ақтөбе өңірінде кеңінен қанат жайып отыр. Осы орайда өңірде алғашқы IT кластардың бірі Үш тілде оқытатын №21 орта мектеп – гимназиясында ашылды.
IT кластарды жобалау шеңберінде программалау, немесе программалау тілін үйрету деген ұғым бар. Мұны республика мектептерінде жаппай оқыту бағдарламасына енгізілген информатика пәнінің атқаратын қызметімен шатастырмаған жөн. Өйткені бұл мүлдем жаңаша түсінік. Мұндағы бірінші міндет жас жеткіншектерді программалау тіліне жаттықтыру болса, екіншіден IT кластар роботты техникамен жұмыс істеу дағдыларын да берік орнықтыруға негіз қалай алады. Мұның арғы жағында оқушылардың күрделі техникалық құрылымдарды тәжірибелік түрде өз қолымен құру ісін меңгеруі деген мәнді де маңызды мәселе бар. Бұл біріншіден жаратылыстану ғылымдары ілімдеріне, сондай-ақ физика-математика пәндеріне арқа сүйейді,- деді газет тілшісіне жоғарыда аталған Ақтөбе қаласындағы мектеп – гимназияның директоры Маржанкүл Тойшыманова.
Мұндағы ашылған IT кластар соңғы үлгідегі компьютерлермен және 3D принтерлермен, жоғары жылдамдықтағы интернетпен, сонымен бірге қажетті веб-бағдарламалармен жабдықталған. Заманауи жобаның жүзеге асуына «НұрОтан» партиясы бастамашы болып отыр. Атап айтқанда «НұрОтан» партиясы Ақтөбе қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратбай Әжібаевтың айтуы бойынша биыл партиялық жоба аясында өңірдегі 20 жоғары білім беретін мектептерде IT кластар ашылмақ. Оның дені биылғы жылдың екінші жарты жылдығына дейін іске қосылады деп күтілуде.
IT кластарды жобалау бірініші кезекте қаржыландыру мәселесін оңтайлы түрде шешу қажеттілігін туындатады. Осы орайда әрбір IT кластарды жасақтау үшін төрт миллион тенге қажет екендігін айтқан жөн. Бұл ретте Ақтөбе өңірінде жергілікті бюджетке салмақ сала бермей, оны білім беру ісінің жанашырлары, кәсіпкерлер және үкіметтік емес ұйымдар қаражаттары есебінен шешу көзделген. Сөз соңында облыстық және қалалық «НұрОтан» партиясы филиалдары қолдауымен қолға алынған IT кластар ашу мәселесі облыста ілкімді түрде жүзеге аса бастағанын айтқан жөн.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ