Аймақтар • 28 Мамыр, 2018

Солтүстік Қазақстанда жұмыссыздарға арналған IT-орталықтар ашылады

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы  дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етудің, әрбір адамның  өз әлеуетін іске  асыра алуы үшін  жағдай жасаудың қажеттілігін атап көрсеткен болатын.

Солтүстік Қазақстанда жұмыссыздарға арналған IT-орталықтар ашылады

Бұл орайда озық технологияларды өндіріске енгізу, кеңінен қолдану, ең алдымен цифрландыру жөніндегі пилоттық бағдарламаларға жүгіну  мамандарды кәсіби жағынан дайындаудың, біліктілігін арттырудың  маңызды қадамы  болып табылары сөзсіз. Облыс орталығында  жұмыссыз азаматтар үшін сандық сауаттылыққа оқыту бойынша IT-орталығының ашылатыны соның бір айғағы болып табылады. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында өткен басқосуға  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «Есіл» дамыту аймақтың орталығының өкілдері қатысып,  жұмыссыз азаматтар және өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін IT-орталықтарынқ ұру, цифрлық жобаларды жүзеге асыру мәселелері аясында ой-пікірлер алмасып, меморандумға қол қойды.

Филиал төрағасының бірінші орынбасары  Артур Молдағұлов меморандумда партияның жаңа жобасын  жүзеге асырудың алғышарттары қарастырылғанын, ондағы мақсат азаматтардың сандық сауаттылығын арттыруды және білікті IT-мамандар пулын әзірлеуді діттейтінін атап көрсетті. Таяу арада облыс орталығында  екі IT- орталығы ашылатынын, бұл жұмыс аудандарда да жалғасатынын жеткізді.  Алғашқы жылы  жүзден астам мамандарды оқыту жоспарланған. Жобаның қатысушылары сұранысқа ие цифрлық дағдыларына және бағдарламалардың заманауи тілдерінде оқытылатын болады.Түлектерді  жұмысқа орналастыруға жәрдем беріледі. Оның түпкі  қорытындысы  IT-кәсіпкерлікті дамыту басымдығына негізделеді. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы алдында  ІТ-орталықтарының тізбесін айқындау міндеті тұр. Қала мен аудандық жұмыспен қамту орталықтарына  ІТ-орталықтарға оқуға жіберілетін тұлғалардың контингентін  нақты  анықтау тапсырмалары жүктелді. Өз кезегінде «Есіл» дамыту аймақтық орталығы IT-мамандарды даярлау және оқыту бойынша қызметтер ұсынатын болады.

Биыл «Нұр Отан» партиясы азаматтарды ауқымды қамтитын және партия қызметін трансформациялаудың  жаңа бағдарламаларын ұсынғаны белгілі.  Өңірде «Сандық партиясы», «Балалар үшін тегін IT-сыныптар»  жобаларына басымдық беріліп отыр.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.