Заң жобасының мақсаты мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласындағы заңнаманы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асырудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру, сондай-ақ уәкілетті органға мәліметтер беретін коммерциялық емес ұйымдардың тізбесін оңтайландыру арқылы жетілдіру болып табылады.
Құжат бірқатар заңнамалық актілердің мазмұнына өзгеріс енгізеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне түзетулер субъектілердің коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылығын нақтылауға бағытталған.
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» заңға жаңа «мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру» және «мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың нәтижелерін бағалау» ұғымдары енгізіледі. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру және оның нәтижелерін бағалауды жүзеге асыру бөлігінде уәкілетті орган мен мемлекеттік органдардың құзыреті нақтыланды.
«Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңға уәкілетті органға мәліметтер беретін үкіметтік емес ұйымдардың тізбесін қысқарту мақсатында түзетулер енгізіледі.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңға Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Үкіметпен және мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимылы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы», «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» және «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңдарға «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес келтіру бөлігіне түзетулер енгізілді.
Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.