Қазақстан • 29 Мамыр, 2018

Елорданың келбеті Испанияда таныстырылды

432 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Испанияның Валенсия қаласында ха­лық­аралық сәулет-құрылысы саммиті өтіп, «ENNOVA» атауын иеленген ал­қа­­лы жиында сәулет өнерінің озық үлгі­сі ретін­де елорданың бүгінгі келбеті та­нысты­рылды. Биыл елорда атанғанына 20 жыл тол­ған бас қаланың бұлайша насихатталуына Қазақстандағы Сараптама ұйымдарының палатасы мұрындық болды.

Елорданың келбеті Испанияда таныстырылды

Палата саммитке 15-ке жуық сала ме­ке­­ме өкілдерін бастап барды. Қазақ­стан Сараптама ұйым­дары па­ла­тасының бас­қар­ма төр­ағасы Бірлік Ере­же­пов жиын­да әлемнің әр ай­ма­ғы­нан жиналған құры­лыс шеберлеріне кәсіби бір­лес­тік жұмысын танысты­рып, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың елорданың кел­бетін­де ең соңғы үздік қа­ла құ­ры­лысы мен сәулет өнері жа­ңа­лықтары көрініс тапқанын жіті қадағалайтынын айтты. Сонымен қатар палата төр­ағасы, еліміздегі құрылыс қар­қынының экономикаға да соны серпін беріп отырғанын атап өтті.  

«Астана Қазақстанның алып құрылыс алаңы іс­пет­ті. Онда бірегей сәулет өнері­нің қолтаңбасы сезіліп тұра­ды. Төрткүл дүниенің ең білікті сәулетшілері мен инженерлері үшін бас қала­мыз­дың құшағы әрдайым ашық», – дей келе, Б.Ере­жепов Норман Фостер, Ман­фреди Николетти сияқты атақ­ты сәулетшілердің Аста­на қаласындағы бірегей жобаларына тоқталды.

Бұл ақпаратқа ис­пан­­дық маман­дардың қызы­ғу­шы­лығы зор болды. Себебі Сан­тья­го Калатрава мен Рикар­­до Бофилл іспетті Испа­ния­ның беделді сәулетші­лері Елбасына қала аума­ғын дамыту жөніндегі өз тұжырым­дарын ұсын­ғаны белгілі.

Саммит барысында жобалау және сараптама қызметі бойынша төрт жұмыс сессиясы өтті. Аталған кездесулер­ге қатысушылар маңызды мә­се­лелерге байланысты жемісті сұхбат құрып, қос тарап құ­ры­лыс саласындағы рұқсат беру қағаздарын келісімдеу, қызметті сақтандыру тә­різ­ді өзекті мәселелерді талқы­ла­ды. 

Қазақстандық қонақ­тар Испанияның құрылыс сарап­­шыларын өзіндік кәсі­би кеңістікке біріктіру тәжіри­бесін зерделеп, сәулетшілер Фран Сильвестер мен Хосе Мария Томас Льявадордың кеңсе-студияларында болды. Мәселен алғашқысының төл жобасы бойынша салынып жатқан «Casa Hofmann» тұрғын үйінде ішкі жайлар мен сыртқы ортаның қа­зір­гі заманғы үйлесімі ойлас­тырылған. Бұл жерде Қазақ­стан өкілдері нысанды тұр­ғы­зудағы озық технология­лар және материалдармен танысты.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»