Жалпы, еліміздегі балық өңдеу кәсіпорындары ірі су айдындарына жақын орналасқан. Оның негізгі үлесі Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының еншісінде. Осы аймақтардағы 72 балық өңдеу кәсіпорнының өндірістік қуаты жылына 87 мың тоннаны құрайды. Алайда ол кәсіпорындардың шикізатпен қамтамасыз етілуі небәрі 43 пайыздың шамасында ғана болып отыр. Ал аграрлық өнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында тауарлы балық өсіру көлемін 2021 жылға қарай 5000 тоннаға дейін көбейту болжамдалған. Бір қарағанда бұл сандар көзге қораш көрінбеуі мүмкін. Бірақ өткенмен салыстырсақ, қазіргі көлемнің болмашы екендігіне және жоспардың мерзіміне қарап-ақ аталған салаға көзқарасты айқындауға болады. Осы жерден сәл шегініс жасау тарихи ақиқатқа бір табан жақындата түспек.
«Қан мен тер» дәуірін айтпағанның өзінде, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейінгі кезеңді елімізде балық шаруашылығының дәуірлеген кезі болды десек қателеспейміз. Мәселен 1991 жылы елімізде балық аулау мен балық өнімдері өндірісінің жалпы көлемі 80 мың (!) тоннадан асқан. Оның ішінде тоғандық балық аулау 10 мың тоннаға жуықтаған. Барлық облыстарда балық зауыттары мен балық комбинаттары, басқа да кәсіпорындар тиімді жұмыс істегенін аға буын ұмыта қойған жоқ. Оның үстіне Кеңес одағындағы республикалардың үшеуінде ғана Балық шаруашылығы министрлігі болса, соның бірі біздің елімізде еді. Өкінішке қарай, еліміз нарықтық жүйеге бет түзеген кезеңде экономиканың жетекші саласына айналған балық шаруашылығы құлдырауға ұшырады. Мемлекет бұл саланы дамытуға бағытталған іс-шараларды тек 2000 жылдардың бас кезінен бастап қолға ала бастады. Бұл қазақстандықтардың балыққа деген сұранысының кемуінің көрсеткіші ме? Әрине, жоқ. Қазір күллі әлем аса жоғары қарқынмен балық еті мен теңіз өнімдеріне ден қойып, тез қорытылатын, сіңімді, жұмсақ әрі тағамдық құнары мол жеңсік асқа құмартып отыр. Ал біздің еліміздегі балық шаруашылығы саласы ішкі қажеттіліктің өзін өтеуге қауқарсыз. Елдегі балық шаруашылығы саласында су қорына бай Каспий теңізін қоспағанда су тоғандарының жалпы ауданы 5 млн гектардың шамасында. Осыған қарамастан балық тұтынудың ғылыми негіздегі бір адамға шаққандағы жылдық нормасы 14,6 килограмнан 2000 жылдары 4 килограмға дейін түсіп кеткен. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 10 килоға жетпейді. Демек бұл саланың мүмкіндігі толық пайдаланылмай отыр. Балық өнімдеріне қажеттілікті қанағаттандыру үшін балық аулауды, тауарлы балық өсіру мен балық импортын жылына 272 мың тоннаға дейін жеткізу қажет. АШМ ақпаратына сәйкес, елімізде 2017 жылы бар-жоғы 45 мың тонна балық ауланған. Ал ішкі сұранысты қанағаттандыруға саланы орнықты дамытып, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға импортты ауыстырып, экспортты ұлғайтуға қандай кедергілер бар? Осы мәселеге қатысты Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов былай дейді:
– Біріншіден, балық ресурстарын мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесі жоқ. Тәуелсіздік жылдарында балық жөніндегі орталық мемлекеттік орган бірнеше рет құрылымдық өзгеріске ұшырады. Қазір жауапты комитет атауының өзінде «балық» сөзі жоқ. Ондағы балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасында салаға жауапты 9 штаттық маман ғана бар. Бұл мамандар экономиканың тұтас бір саласын аяғынан тұрғызу, оған ғылыми негіздеме дайындау үшін жеткіліксіз. Балық ресурстарын басқару жөніндегі орталық мемлекеттік органның тұрақты болмауы оның қазіргі уақыттағы мәртебесінің төмендегі аталған салада нәтижелі мемлекеттік саясат жүргізуге қолбайлау болып отыр. Сондықтан осы саланы өркендету үшін арнайы дербес Агенттік құру туралы ұсынысты көптен бері айтып келеміз.
Екіншіден, балық шаруашылығын дамыту жөніндегі терең ғылыми негізделген бағдарламаның немесе нақты іс шаралар жоспары жоқ. Тәуелсіздік жылдары ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға арналған 9 бағдарламалық құжат қабылданды. Соның өзінде қордалаған мәселе толық шешілген жоқ, ал балық шаруашылығына арналған бір ғана бағдарлама әзірленді. Оның да көптеген талаптары орындалмай қалды.
Үшіншіден, балық шаруашылығы кәсіпорындарына берілетін мемлекеттік қолдау түрлерін жетілдіру қажет. Бұл, әсіресе балық өнімін өңдейтін және экспортқа шығаратын кәсіпорындар үшін маңызды.
Төртіншіден, заңнамалық актілерді жетілдіру керек. Балықшылар үшін маңызды мәселенің бірі – жыл сайын берілетін лимиттің немесе квотаның уақытында шықпауы жыл сайын қайталанатын жағымсыз құбылысқа айналды. Көктемгі балық аулау мерзімінің қысқа екенін ескеріп, құжатты алдын ала қараша-желтоқсан айларында қабылдау қажет. Сенатор пікірінде айтылғандай, бұл сала дамуына айтарлықтай кедергі келтіріп отырған мәселенің бірі – құжаттардағы қисынсыздық.
Оны бір ғана Қиғаш өзенінің мысалымен баяндап көрейік. Еділдің бір саласы саналатын бұл өзеннің қайнары балыққа толы. Атырау облысының аумағында Каспийге құяды. Аталған трансшекаралық өзеннің ырзығын толық көру әзірге еліміздің балықшыларына бұйырмай отыр. Өйткені өзен ортақ болғанымен, екі мемлекеттің балықшыларға жасаған жағдайы мен бекіткен тәртібі, ережесі бөлек. Мәселен, ресейлік балықшылар Қиғаштың қызығын күні-түні көре алады. Ал қазақстандық балықшылардың балық аулауына тек күндізгі уақытта ғана рұқсат етілген. Орыс балықшылары балық лимитін 15 жылға бір-ақ алса, қазақстандықтар жыл сайын құжат рәсімдеуге мәжбүр. Ұзақ мерзімдік рұқсаттың өндірісті дамытуға қаржы салуға ынталандыратыны айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ биоресурстарды пайдаланғандығы үшін төленетін төлемнің айырмашылығы да жер мен көктей. Ресейде балықтың килограмына біздің теңгемен шаққандағы төлем – 80 тиын, отандық балықшылардың осы салмақтағы өнімге төлейтіні – 35 теңге. Айырмасы тым үлкен. Сенатор С.Еңсегенов қазақстандық балықшыларға қойылатын бұл шектеу бар байлығымызды өзгеге өз қолымызбен ұстата салғанмен тең деп пайымдайды. Осыдан кейін өнім өндіруде бәсекелестікке төтеп беріп көріңіз. Енді еліміз үшін ортақ өзенді тиімді пайдалануға берілетін құжаттарды ресейліктермен теңестіре салудан өзге келісімдерге қол жеткізудің машақаты көп. Оның үстіне тәулік бойы балық аулау Қиғаш өзенінің балығы мен су өнімдерінің қорына әсер етпейтіндігі ғылыми тұрғыда дәлелденіп те қойған.
Жоғарыда келтірілген деректердің екінші қырын да бүгіп қалуға болмас. Атап айтқанда, балық қорын қорғауға жауапты мекемелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуы да сын көтермейді. Олардың жоғын жоқтап, жетпесін түгендеп беруге Атырау облыстық әкімдігінің мүмкіндігі болғанымен, заң аясында қаржы бөлуге құзыры жоқ. Өңірдегі азғантай инспекторлар балықшылармен қатар, орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау арасында сабылып жүр. Оның үстіне жалақылары мардымсыз, көліктері көне.
Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаевтың мәліметтеріне қарағанда, 2018 жылы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде балық өсіру кәсіпорындары су айдындарына 60,1 млн құнды балық түрлерінің шабақтарын жіберуді жоспарлап отыр. Бұдан басқа конкурстық негізде жекеше балық өсіру кәсіпорындары 9,1 млн дана құнды балық шабақтарын жіберуге ниетті.
– Өткен жылы балық өсіру кәсіпорындары 2700 тонна тауарлы балық өсірді.
Негізінен өсіру биотехнологиясы пысықталған бекіре, бақтақ және тұқы тұқымдас балықтар өсірілуде. Балық өсіру шаруашылықтары үшін техникамен жабдықтар сатып алуға инвестициялық салымдар жұмсалған жағдайда шығындардың 30 пайызы; бекіре, бақтақ және тұқы тұқымдас балықтарды өсіруде балық жеміне жұмсалған шығындардың 30 пайызы мемлекет есебінен өтеледі. Осы жылдар аралығында Қазақстан мен Қытайдың ветеринарлық сертификаты теңестірілді, бұл өз кезегінде экспорт әлеуетін арттыра түседі. Қазір отандық балық және балық өнімдері Австрия, Германия, Грузия, Қырғызстан, Канада, Литва, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Өзбекстан, Нидерланды, Польша, Украина мен Чехияға экспортталуда.
Тиісінше былтыр балық өнімдерінің импорты азайды. Импорттың негізін теңіз және мұхит балықтары және теңіз өнімдері құрайды, – дейді Е.Нысанбаев.
Экспорттың жөні бөлек, бірақ жергілікті балықшылар көбіне балықты терең өңдеуден бұрын, оны тұздап қана сатуды қолай көретіндігі көптен айтылып жүр. Бұның салдарынан шетелде қайта өңделген балық өнімдері өз дастарханымызға қымбат бағаға оралуда.
«Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры Қуаныш Исбековтің деректеріне қарағанда, елімізде ауланатын балық көлемін 60 мың тоннадан асыруға мүмкіндік бар. Тек ғылымға негізделген мемлекеттік қолдау ғана қажет. Сондай-ақ балықты заңсыз аулауға қатысты кешенді шаралар қабылдануы тиіс.
Ал «Қазрыбхоз» балықшыларының қоғамдық бірлестіктері мен балық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Серік Темірханов балық экспортын Ресей мен Қытайға үстемелеуге болатындығын айтып отыр. Алайда ол қазір елімізде ғылымға бөлініп отырған қаржының жеткіліксіздігін мойындайды.
Жалпы балық шаруашылығының басы-қасында жүрген «Жайық-Атырау» бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК директоры Гильман Сәрсемалиев елімізде балық өсімін жасанды көбейтудің биотехнологиялық жүйесі ескіргендігін, бұл салада Еуропа елдерін айтпағанда, көршілес Ресей мен Әзербайжан және Иранның өзінде кәсіпорындардың анағұрлым жаңартылғандығын жеткізді. Олар соңғы он жылда бекіре тұқымдас балықтарды өсірудің заманауи технологияларын қолдана бастаған. Оның үстіне соңғы жылдары Жайық-Каспий бассейніндегі табиғи балық күрт азайып, жылдық жоспарды орындаудың өзі қиындап кеткен. Демек, бұл салаға да шұғыл қозғалыс керек.
– Бізге болашақта бекірені терең өңдеу, өнімі мен уылдырығын экспортқа шығару міндеттелді. Бірақ оған тиісінше инфрақұрылым, зертханалар қажет. Оған қоса жыл сайын азайып бара жатқан бекірені қорғау мен қатар насихаттай да білуіміз кезек күттірмес мәселелерді бірі, – дейді Г.Сәрсемалиев.
Ал Атырау облысының әкімдігі балық шаруашылығын жүргізуге, есепке алуға, бақылауға құзырлы органның материалдық жағдайын жасауға дайын екендігін жоғарыда айттық. Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев заңнамалық тұсы реттелген күнде қажетті 1,5 млрд теңгені облыстық бюджеттен бөлуге мүмкіндіктерінің бар екендігін мәлімдеді. Бұл шаруаны реттеуге Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың ықыласы ерекше болып отырғандығын да айта кеткен жөн. Алайда әкімдіктерде мәселеге ықпал етерлік құзырет аз болып отыр.
Жалпы әлемдік балық шаруашылығындағы алпауыт елдердің үлесі миллиондаған тоннамен есептеледі. Біз оған жетуді көксемесек те, қазіргі қарқынмен 2021 жылға бекітілген тауарлы балық өсіруді 5 мың тоннаға жеткізу жоспарының да орындалуы неғайбыл.
Дегенмен бұл мәселе жуырда Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаевтың төрағалық етуімен өткен жиынды талқылануының өзі үміт отын маздатады.
Ең бастысы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында көрсетілген аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыруда балық шаруашылығы қалыс қалмауы қажет.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»