Қазақстан • 29 Мамыр, 2018

Ауыл шаруашылығын қолдау көлемі артады

1042 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божконың төрағалық етуімен өткен Үкімет сағатында Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралды. 

Ауыл шаруашылығын қолдау көлемі артады

Отырыста Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасап, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісіне тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл ша­руа­шылығында еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортының көле­м­ін 2,5 есеге арттыру туралы батыл мін­дет қойды. Бұл міндетті ше­шу саланы дамытуда мүлде жаңа көз­қарасты талап етеді, – деді Ө.Шө­кеев.

Сонымен қатар мемлекеттік бағ­дарламада 10 міндетті орындау көзделген. Олардың шеңберінде бір­қатар жаңа жүйелі іс-шаралар да қарастырылған. Оның ішінде азық-түл­ік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге маңыз берілген. Атап айтқанда, ал­ғаш рет бұл мәселені физикалық қол­жетімділік, экономикалық қол­же­тімділік, азық-түлік қауіпсіздігі бағыттары бойынша кешенді түрде шешу жоспарлануда.

Бағдарламада өнім өндірумен қатар, сапалы ауыз сумен, сапалы жолдармен қамтамасыз ету, халықтың табыс деңгейін арттыру азық-түлік қауіпсіздігі және басқа да мәселелер қарастырылатын болады.

Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін қар­жы­ландырудың қолжетімділігі 8 нақты іс-шара есебінен шешілмек. Мәселен, жаңа қаржы тетігі – аграрлық қол­хатты енгізу ұсынылады. Ауыл шаруа­шылығындағы сақтандыру жүйе­сін түбегейлі өзгертіп, міндет­ті сақтандырудан еркін сақтан­ды­руға көшу жүзеге асырылатын бо­лады. Бұл ретте бұрынғыдай сақ­тан­дыру төлемдеріне емес, сақтан­дыру сыйақысына субсидия беріл­мек. Бұл – шынайы және тиімді агро­сақтандыруды енгізуге мүмкіндік беретін бағыт.

Ө.Шөкеевтің мәлімдеуінше, етті мал шаруашылығын дамыту бағ­дар­ламасының негізіне отбасы­лық фермалар түріндегі шағын шаруа­шылықтар алынады және ол ірі қара мал өсіру жөніндегі фермерлік шаруашылықтардан, өнеркәсіптік бордақылау алаңдарынан және заманауи ет өңдеу кешендерінен тұра­тын зәкірлік кооперация нысанын­да жасалады. Ірі қара мал шаруа­шылығымен, қой шаруашылығымен және жылқы шаруашылығымен айналысатын 80 мыңнан астам отбасылық ферма құру, пайдаланылатын жайылымдар алаңын 58 млн гектардан 100 млн гектарға кеңейту, ірі қара мал санын 15 млн басқа дейін, қой санын 30 млн басқа дейін ұлғайту көзделіп отыр.

– Жобаға қатысушылар үшін қолдаудың жеке шарттары көз­делетін болады. Атап айтқанда, жер учаскелерін басымдылықпен беру, фермерлік шаруашылықтарға мал басын, техника мен жабдық сатып алуға жеңілдікпен несие беру, жайылымдар инфрақұрылымын құру қарастырылған, – деді Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл ша­руашылығы министрі.

Ал сүтті мал шаруашылығы бағдарламасы да сүт өндіру жө­ніндегі отбасылық фермалардан, өнеркәсіптік сүт-тауарлы фермалардан және заманауи сүт зауыттарынан тұратын зәкірлік кооперация қағидаты бойынша жасалмақ. 2027 жылға қарай отбасылық фер­малардың санын 380-нен 930-ға дейін, ірі сүт-тауарлы фермалардың санын 108-ден 170-ке дейін, сүт зауыттарының санын 163-тен 174-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жобаға қатысушылар үшін қолдаудың жекелеген шаралары ұсынылатын болады. Нәтижесінде сүт өндірісінің көлемін 2027 жылға қарай 1 млн тоннаға ұлғайту міндеті қойылып отыр.

Құс шаруашылығын дамыту бағдарламасы шеңберінде жаңа кә­сіпорындар салу, қолда­ныс­тағы­ларын қайта жарақтандыру және жаңарту, сондай-ақ ет және жұ­мыртқа бағытындағы құстардың өнімділігін арттыру көзделген.

Ал өсімдік шаруашылығында сапа­лы тұқымдардың болуы, техни­калық жарақтау, нақты егіншілік, ты­ңайтқыштар мен өсімдіктерді қор­ғау құралдарын қолдану, әртарап­тан­дыру, суармалы жерлерді айналымға енгізуге басымдық берілмек.

Жиында қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Аграр­лық мә­се­лелер комитетінің төрағасы Сапар­хан Омаров ауыл шаруашы­лығы саласындағы шешімін толық тап­паған біраз мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ депутат барлық ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру­ші­лердің агробизнесте әрекет ету­дің қағидаларының шаруаларға түсі­нікті және бірізді болуға тиіс деген өтінішін жеткізді.

Депутат сонымен қатар, топы­рақтың құнарына байланысты да пікірін білдірді.

– Топырақтың құнарлылығы нашар­лауының негізгі себебі жер пайдаланушылар егістіктерінде агротехника сапасының төмендігі, көпжылдық шөптер егістігінің азаюы, минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемінің жеткіліксіз болуы, органикалық тыңайтқыштардың іс жүзінде қолданылмауы. Мысалы, Беларусь елінде бір гектар егістікте дақылдарды өсіру кезінде 200 килограмға дейін тыңайтқыш пайдаланылса, Ресейде – 50 килограмға, Украинада 100 килограмға дейін пайдаланылады. Қазақстанда бұл көрсеткіш орташа алғанда шамамен төрт килограмды ғана құрайды. Бұл бізде топырақтың құнарлылығын сақтаумен іс жүзінде ешкім айналыспайтындығын көрсетеді, – деді С.Омаров.

Ол, сондай-ақ 1990 – 2016 жылдар аралығында елімізде суармалы жерлердің көлемі 2,3 млн гектардан 2,1 млн гектарға дейін қысқарғанын, оның ішінде бүгінгі күні тек 1,4 млн гектары ғана қолданылып жатқанын атап өтті.

Отырыс барысында депутаттар мемлекеттік орган басшысына бірқатар сұрақтарын қойып, оған жауаптарын алды. Үкімет сағатын қорытындылаған Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко қолданыстағы бағдарламаға толықтырулар, бірінші кезекте, жобаны басқару қағидасын толық іске асыруды талап ететінін айтты. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы – тек Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана міндеті емес, баршаға ортақ іс екенін жеткізді. Отырыстың қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары тиісті ұсынымдар қабылдады.

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»