Заңсыздық белең алған кезде, жемқорлықтың айдарынан жел есе түседі-ау. Мың жерден «Қазынадан ұрлаған – күнәһардың көкесі» деп обал-сауап туралы әңгіме қозғап, елдік мүдде туралы айтқанымызбен, айтқан сайын күнәһарлар қатары көбейіп келе жатыр ма қалай?
Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан 31 балл жинап, әлемдегі 180 мемлекеттің ішінде рейтингтегі 122-орынды Әзербайжан, Джибути, Либерия, Малави, Мали, Молдова және Непал сынды мемлекеттермен бөліскен көрінеді. Рейтинг бойынша ең жоғары нәтижені 89, 88 балл жинаған Жаңа Зеландия мен Дания мемлекеттері көрсеткен. Яғни аталған елдер жемқорлық атаулыдан мейлінше ада мемлекет саналады. 14, 12, 9 балл жинаған Сирия, Оңтүстік Судан, Сомали сияқты мемлекеттер рейтингтің төменгі жағында тұр. Мемлекеттері 66 балл жинаған Батыс Еуропа ең жақсы нәтиже көрсеткен аймаққа жатады. Орташа есеппен 32 балл жинаған Сахараның оңтүстік бөлігінде орналасқан Африка мемлекеттері мен орташа есеппен 34 балл жинаған Шығыс Еуропа мен Орталық Азия мемлекеттерінің де жағдайы мәз емес.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Кеңес Одағында «нетрудовой доход» деген ұғым пайда болды. Басқалай айтқанда, маңдай терімен таппаған кіріс. Осы әдіс қызметтегі талай басшыны ауыздықтап ұстаған еді. Айлығынан басқа, көлденең табыс қайдан келді деген сауалға жауап іздететін әрекет парақорлықты тежеуге септігін тигізген-ді. Осы тәсіл қазіргі кезде Қытайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте пайдаланылады екен. Егерде лауазымды тұлғаның иелігінде қай қаржысына келгенін дәлелдей алмайтын меншігі болса, онда ол тұлғаны жауапкершілікке тартуға және сол активтерді тәркілеуге себеп болады екен. Осы заңды Қазақстанда қолданар ма еді? Талай шенеуніктің баға жетпес байлықты қаншалықты адал еңбекпен тапқандығы анықталар еді де, жауапқа тартылар еді.
Жемқорлықты ауыздықтау кез келген басшының қолынан келе бермейтіні әлемге аян. Бұл тұрғыда «сингапурлық экономикалық ғажайыптың» авторы Ли Куан Ю-дің жөні бөлек. Ол «үшінші әлем» елін алдыңғы қатарлы экономикасы бар және сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен деңгейдегі мемлекетке айналдырды.
Ли Куан Ю 1959 жылы маусымда «Халықтық қимыл» партиясымен бірге сайлауда жеңіске жетіп, премьер-министр лауазымын иеленді. Билікке келісімен партия әлеуметтік, құқықтық және экономикалық салаларда тәртіп орнатуға белсене кірісті. Ли Куан Ю-дің реформа жүргізуде қаншалықты табанды болғандығын оның айтқандары дәлелдейді: «Сыбайлас жемқорлықты жеңгің келсе, өз достарың мен туыстарыңды темір тордың арғы жағына тоғытуға дайын бол». Содан бастап елге заңның билігі жүрді. Заңның алдында барлығы да бірдей – орта буындағы шенеунік те, Парламент мүшесі де.
Жаңа үкіметтің пікірінше, лауазымды тұлғалар арасындағы қылмыстарға қарсы күрес барысында қалыптасқан билік-ақша-коррупция қатынасын түбірінен жою керек болды. Осы мақсат үшін Қаржы министрлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы бағдарлама жасап, ол бірқатар шараларды қамтыды. Олардың ішінде төменгі буындағы шенеуніктердің жоғарыдағы шенеуніктердің бақылауының ашықтығын қамтамасыз ету; сыбайлас жемқорлық байланысты болдырмас үшін шенеуніктер ротациясын жүзеге асыру; аяқасты инспекциялар жүргізу – бюрократиялық кедергілерді болдырмау мақсатында азаматтар мен ұйымдардың өзара бірлескен қимыл ресімдерін жетілдіру. Сондай-ақ Ли Куан Ю партиясы сыбайлас жемқорлыққа қатысты барлық дау-дамайларды батыл жазатын тәуелсіз және объективті бұқаралық ақпарат құралдарын қалыптастыруға қамқорлық жасады. Осылайша мемлекеттің түбіне жететін сыбайлас жемқорлықты ауыздықтады.
Қазақтың «Ұр тоқпақ» ертегісі оқырманның есінде болар. Сол ұр тоқпағыңыз ішкен-жегенін құстырады ғой қазан мен есекті ұрлаған балаларға. Ертедегі, сонау өркениетке иек артпаған замандағы тоқпақтың құдіреті қандай еді десеңші! Ал цифрлы технология заманындағы тоқпағы бар болғыр «искусственный» ма, әлде жасанды интеллектінің әлсіздігі ме, әйтеуір баяғы бабаларымыздың нағыз табиғи тоқпағының соққысына жетпей жатыр-ау. Сондықтан ғой, жасанды тоқпақтаған жасқанбаған жандардың қазына қаржысын ұрлап-жырлап, шетел асып кетіп жатқаны. Қысқасы, қазіргінің тоқпақ деген аты ғана, құр тоқпақ?!
Құр тоқпақ коррупцияға тұсау салады деп айту қиын ғой, өйткені кезінде қиырдағы ауыл-аймақтан басталған парақорлық бүгінде Астанадағы керенау кеңселердің қожайындарына келіп жетті. Коррупцияға байланысты істі болған бұрын-соңды үкімет басқарғандар мен лауазымды тұлғалардың тағдыр-талайы осыған саяды. Бүгінгілердің де ертең солардың күйін кешпесіне кім кепіл? Жемқорлық жайлаған елдің болашағы бұлыңғыр екені айқайлап айтпаса да түсінікті... Олай болса, табиғи, соққысы күшті тоқпақ керек қоғамға! Әйтпесе құр тоқпақ жетеді қазақтың түбіне!
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»