Аймақтар • 29 Мамыр, 2018

Батыс Қазақстанда балғын қаламгерлер марапатталды

573 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері былтыр шыға бастағанына 100 жыл толған мерейтойын атап өткен еді. Осы датаға орай ұйымдастырылған балалар шығармашылығы байқауы биылғы оқу жылының соңында қорытындыланып, кішкентай жеңімпаздар танымал қаламгерлердің қолынан сый-сияпат алды.

Батыс Қазақстанда балғын қаламгерлер марапатталды

Айта кету керек, «Орал өңірі» газеті кішкентай оқырмандарымен жүйелі байланыс орнатқан. Басылымда балалар шығар­машылығына арналған «Айналайын» беті тұрақты жарияланады. Ал кішкентай қаламгерлердің шығармашылығына арналған байқау 2002 жылдан бері өтіп келеді. «Мектепте оқып жүрген кезінде осы байқауға қатысып, жүлдегер болған бірнеше жас бүгінде журналистика саласында қызмет етіп, әріптес болып жүрміз» дейді «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин.

Бұл жолғы байқау 1-6 сынып аралығын­дағы оқушылар арасында ұйымдасты­рылыпты. Жеңімпаз атанған кіп-кішкентай қаламгерлер «Жайық Пресс» ғимаратына арнайы шақырылып, сыйлықтары салтанатты жағдайда тапсырылды.

Осы шараға арнайы келген ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева жас қаламгерлерді құттықтап, ақ тілегін айтты:

– Біз сөзді ұғып, шығарма түсінетін балдырғандарға зәруміз ғой. Әдебиетке бейжай қарамай, кітап-газет оқуға ынталы балдырғандарды көргеніме қуанып отырмын. Мен де сендер секілді ауылда туып-өстім. Алғашқы өлеңдерім де ауылға арналды. Міне, ару Алматыны, әсем Астананы тастап, Ақ Жайыққа қайтып оралғаным да осы туған жерге деген махаббаттың арқасы, – деді Ақұштап Бақтыгереева.

Сонымен «Орал өңірі» газетінің ғасыр­лық тойына арналған балалар шығарма­шылығы байқауының жүлдесін өңірдің Зеленов ауданындағы Өркен мектеп бала­бақша кешені оқушысы Раукен Зайдуллин, Шыңғырлау ауданы Ақтау ауылы мектебі оқушылары Райхан Тасемен мен Шерхан Қайдарғали, Бөрлі ауданы Григорьев мектеп-балабақша кешенінің 4-сынып оқушы­лары Гүлайхан Ғаниева, Еркебұлан Шарибданов, Айкөркем Қанапия жеңіп алды. Олардың әрқайсысына арнайы дип­лом, ақшалай сыйлық, спорттық бұйымдар және кітаптар топтамасы сыйға берілді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы