Нәтижесінде көлемі 1500 шаршы метрден асатын 1243 нысан тексерістен өтіп, онда 15 мың ереже бұзушылық тіркелген. Өз кезегінде ортақ талаптарды орындаудан жалтарғандарға 19 миллион теңгеден астам айыппұл белгіленіп отыр. Бұған қоса, нысандардағы 41000 қызметкерге төтенше жағдай кезінде не істеу керектігі үйретіліп, 494 оқу-тактикалық жиыны өткен.
Айта кетерлігі, мемлекеттік бақылау кезінде көзге іліккен 120 нысан қайта тексерістен өтіп, оның ішінде 98 нысан белгіленген ескертулерді толықтай орындаған. Ал орындамаған 22 нысанға қатысты іс әкімшілік кодекске сай сотқа жіберілді. Сот шешімі бойынша 462-бап негізінде мұндай нысандарға 500 ең төменгі АЕК көлемінде айыппұл салынып немесе аталған нысанның жұмысы үш айға дейін тоқтатылмақ. Ал Білім және ғылым министрлігіне қарайтын білім беру мекемелерін мемлекеттік бақылау бойынша тексеру қорытындысына сәйкес, 11541 нысанның 7600-і тексерілді. Алдағы маусым-шілде айларында тексеріс жұмыстары толығымен аяқталады. Ескертулерді орындамаған білім мекемелерінің ісін сотқа жіберіп, әрі қарай оларға да айыппұл салу немесе уақытша жұмысын тоқтату жазасы қолданылмақ.
Ішкі істер министрі орынбасарының хабарлауынша, республика бойынша биыл орман өртінің саны – 71-ге жеткен. Орман өрті еліміздің шығыс өңірінде жиі орын алады. Көрсеткіштерге келсек, өткен жылмен салыстырғанда жазық алқаптар мен нулы ормандардағы өрттің саны биыл айтарлықтай артып отыр. Тілсіз жаудан келетін қауіптің алдын алу мақсатында облыс және аудан орталықтары техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, дайындық шараларына әзірлікті бастап кеткен.
Ал ел аумағындағы жазғы лагерьлер мен демалыс, сауықтыру орталықтарына таяу арада жаппай тексеріс жүргізіледі. Ішкі істер министрінің орынбасары келтірген мәлімет бойынша, биыл жаз басталмай жатып 28 адам суға кеткен, оның 11-і балалар екендігі анықталып отыр. Көп жағдайда жеке тұрғын үйлердің аулаларында 3-4 жасар балалар ата-аналарының қарауынсыз қалып, қайғылы жағдайға тап болады. Осыған байланысты мектептердегі ата-аналар жиналысында арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік сақтау ережелерімен таныстыру шаралары өткізілді.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»