Ұлттық сана және оның ашықтығы, бәсекеге қабілеттілік, білім, Қазақстанның эволюциялық дамуы туралы айтып, таяу жылдардағы міндеттерді нақтылап берген мақала талай жылдар дағдарған сана мен езілген рухтың, тоқыраған ойдың түзеліп, қазақтың ұлттық рухы мен болмысына сай қайта жаңғырып, заманауи ағымға жаңғыра қосылуына негізделеді. Экономикалық дағдарыс өз алдына, ал ақыл-ойдың, сананың дағдаруы – жан-дүниенің ауруы, рухани жұтаңдану, ой-өрістің тұралауы – нағыз кесапат. Адам психологиясында орын алатын бұл дерттер келе-келе ұлт ретінде өзін-өзі танымай, тіпті жоғалтуға, байырғы бабаларымыздың бойында бар асылтектің жұқанасын да жұқтырмай дүбәра күйге түсірері анық.
Елбасы мақала арқылы халықты рухани оянуға шақырып, ұлттық болмысымызды жоғалтпай, кім екенімізді өзімізге де, өзгелерге де таныта отырып заман көшіне екпіндей ілесетін жобаларды қолға алу қажеттігін меңзеді. Келешек ұрпаққа кешегі бабалардың қасиетті қалпын жалғауды, қазақтың қазақтық болмысын сақтай отырып, биікке ұмтылуға шақырды. Иә, елдің ертеңі, ұлттың ұлағатын көксеген құжатты жүзеге асыруға жұрты жұмыла кірісті...
Бірақ, осы бағытта орын алған үлкен келеңсіздік жақсы бастаманың жолын кесіп, орта жолда омақастыра ма деген күдік бар. Нақты іс, сүбелі үлес пен нәтиже ғана күтілетін маңызды мақала ел ішінде жаппай даурығудың құралына, әр жерге жалп-жалп еткізіп жапсыра салатын жеңіл жарнама, кім көрінгеннің шалғайына оратылған құнсыз қолжаулыққа айналып бара жатқандай. Баяғы кеңестік жандайшаптарға жараса кететін «шаш ал десе, бас алатын» мінез қазір ел ішінде қайта асқынып, «рухани жаңғыруды» «жүз пайыз» жүзеге асырып жатыр. Қазір кез келген шара, басқосу, жиналыс, концерт, шығармашылық кештер, көрмелер, спорттық жарыстар, өнер байқаулары, сенбілік-тазарту, қоқыс жинау жұмыстары, өзге де қит еткеннің бәрі «Рухани жаңғыруды» «жамылып» алуды әдетке айналдырған. Бұл дұрыс па? Мысалы, бүгін жиналған қоқысты Маңғыстаудың тентек желі немесе көшедегі кесір жолаушы күні ертең-ақ орнына апарып қайта «жайғастырады». Қайда жаңғыру, және рухани жаңғыру? Бұл жерде қоқыс жинауды жаңғыртқаннан гөрі, сол көшедегі кесір жолаушының санасын жаңғырту маңызды еді емес пе? Мұндай күнделікті жұмыстардың рухани жаңғыруға қатысы қаншалықты? Тіпті жыл сайын дәстүрлі қалыпта өткізіліп жүрген үлкенді-кішілі шаралардың барлығы биыл «Рухани жаңғыру» аясында» бола қалыпты... Ал, бабасына ескерткіш тұрғызғысы келген, кітап шығарып, кино түсіргісі келген немесе қандай да бір шаруасын күйттеген жан бұл тақырыпты жазған арызы мен өтінішінің негізгі «ұранына» айналдыруды ұмытпайды. Мүжәлсіз отбасына, мүгедек адамға жасалған қайырымдылық көмектің арасынан да аңғарып қаламыз, қысқасы «рухани жаңғырудың» жүрмейтін жері жоқ...
Осы жағдайларды көре жүріп, «Елбасы тапсырмасын орындауда көзбояушылыққа жол беріліп жатқан жоқ па?» деген ойға қаласыз. Бұл жылтырақ жұмыстардан кім не ұтады – мүмкін, әлдекімдер үшін жасалған жұмыстың саны және сонымен өлшенетін рейтинг?! Ұтылатын – өзіміз. Қарасаңыз, Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» басқа да, жұрт «жүзеге асырып» жатқан «рухани жаңғыру» басқа секілді. Кең ауқымды, биік мұраттарды көксеген, елдің болашағына, тәуелсіздіктің беріктігіне, ұрпақтың лайықты жетілуіне «бір кірпіш қалағандай» пайдалы үлес қосуды мақсат еткен мақала сан-сапат шаралардың тасқынында тұншығып жатыр.
...Биыл Амал мерекесінен соң үйге құрбы қыз келе қалды. Мақсаты – көрісу. Мәз-мейрам көрісіп, бір-бірімізге жақсы тілектерімізді жеткізіп, дастарқан басына отырғанбыз. Сәлден соң, ұялы телефонына келген хабарламаны көзімен шолып өткен құрбым ыршып түсті. «Қасқаааа, жынды-ау деймін» деді маңғыстауша шошына тіл қатып. Өзінің ішкі толқыныс-қорқынышын ірке алмаған болу керек, ол телефонын маған ұстата қойды. Масқара! Балабақша тәрбиеленушісінің үйіне барып, дастарқан басына арқа-жарқа жайғасқан балабақша тәрбиешілері өз «қаңғыруларын» «рухани жаңғыруға» жабыстыра салыпты! «Тәрбиеленуші үйінде шай ішіп отырмыз рухани жаңғыру аясында» деген жазба да бар. «Шайға шақырылмаған» келесі тәрбиеші «Рухани жаңғыру» олай емес деп түсіндіріп жатыр... Журналистік қызығушылықпен құрбымнан осы жазбаларды сұрап алғым-ақ келді, бірақ ыңғайсыздандым. Тәрбиеші де – ұстаз, бұл әрекет ұстаздардың шын сөзі ме, әзілі ме – белгісіз. Бірақ, қай-қайсысының да қасіреті аз емес, ұлт болашағына қызмет етуге шақырған маңызды құжаттың үй аралап, шай ішіп қыдырған қыз-келіншектердің жеңіл әзіліне айналуы тиіс пе?! Құрметтің жоқтығы, құнының кеткендігі ме?..
Егер Елбасы тапсырмасына сай «Рухани жаңғыру» мақаласында берілген тапсырмалар нақты нәтижеге негізделмесе, сан-алуан шаралармен шулап өте шығатындай. Соңында қолға елдің пайдасына жарар әлдене қалдыра алса жақсы...
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы, аты айтып тұрғандай, болашаққа бағдар. Сондықтан жаңғыруды қаңғыруға да, даурығуға да, даң қылу мен таң қылуға да айналдыруға болмайды. Бұлай етсек, мағынасыз «мәңгіруге» ұрынатынымыз анық.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы