Қуанышқа қарай, Қазақстанда медициналық қызмет көрсету тегін әрі қолжетімді болып отыр. Әлемнің дамушы елдерімен салыстырғанда отандық дәрігерлердің біліктілігі мен білім деңгейі жоғары саналатындығы жайлы деректер бар. Әрине тұтас салаға шаққанда көптеген мәселе бары тағы рас. Бірақ, жалпы алғанда елдегі денсаулық сақтау қызметінің жұмысына лайықты бағасын беруіміз керек. Ал ел медицинасының даму динамикасы аймақтардағы денсаулық сақтау қызметінің жұмысы негізінде айқындалатыны сөзсіз. Көп жағдайда облыс орталықтары мен аудан, ауылдардағы аурухана, емханалардың жұмысына сын көп айтылады. Бұл бірнеше өткір факторлардың салдарынан туындайтын мәселе. Білікті мамандардың алыстағы елді мекендерге ерікті түрде бармауынан кадр тапшылығы нақты сезіледі. Медициналық керек-жарақтың да шағын емханалардың маңдайына бұйырмайтыны тағы бар. Орталықтан тысқары аудан мен ауылдарда негізінен жасы келген, денсаулығы сыр берген адамдардың тұратыны да өңірлердегі медициналық қызметке сұраныс тудырып, қажетті дәрігерлердің жұмысына зәрулік пайда болып отыр. Бірақ барлық сындарлы жағдайға қарамастан денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мен адам жанына араша тұру күресіндегі ісі алға жылжып келеді. Бұл аймақтардағы ақ желеңді жандардың жұмысынан айқын аңғарылады.
Мысалға, 2 млн-ға жуық тұрғыны бар Алматы облысындағы медициналық қызмет көрсетудің сапасы жыл сайын жақсарып келеді деуге толық негіз бар. Бастысы, облыстың денсаулық сақтау саласын мемлекеттік қолдау дұрыс жолға қойылған. Оны салаға бөлінген қаржының еселеп артуынан байқауға болады.
– 2017 жылы облыстың денсаулық сақтау саласына арналған қаржы 82,8 млрд теңгені құрады. Оның 74,7 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, қалған 8,1 млрд теңгесі жергілікті бюджет қоржынынан бөлінген. Осылайша, өткен жылғы бөлінген қаржы арғы жылмен салыстырғанда 14 пайыз-
ға көбейді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.
Облыста ауруханалар мен фельдшерлік амбулаториялардың ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу мен емханаларды жаңадан салу сәтімен жүзеге асып жатыр. Қазір барлық аудан орталықтарындағы медициналық нысандар жөнделіп, ауруханалардағы орын жетіспеушілігі шешімін тапқан. Адам санының артуына орай облыс пен аудан орталықтарында балалар емханасы, перзентхана мен көп салалы аурухана жаңадан салынды. Алыс ауылдардың барлығында дерлік дәрігерлік қосын мен «жедел жәрдем» көлігі қызмет көрсетеді. Алғашқы медициналық көмек көрсету жұмысы көңілден шығады.
Өкінішке қарай, Жетісуда дәрігер жетіспеушілігі бар. Қазір облысқа 106 дәрігер керек. Әсіресе науқас үшін бірінші кезекте көмекке келетін реаниматолог, неонатолог, гинеколог, педиатрлар сияқты мамандардың орны бос тұр. Кадр тапшылығы облыс орталығынан алыстау жатқан аудандарда қатты сезіледі. Тәжірибелі дәрігерлердің зейнетке шығуына орай, олардың орнын басатын жас мамандар арасындағы сабақтастық жалғасын таппай тұр. Өйткені медицина қызметкерлеріне төленетін жалақының аздығы мен ауылдарда әлеуметтік қолдаудың жоқтығы жоғары білім алып жұмыс іздеген жастардың ауылға келуіне кедергі болып отыр.
– Біздің ауданда дәрігер жетіспеушілігі жоқ. Керісінше, мейірбикелер мен санитарлардың орны үшін резерв жасап қоямыз. Себебі іргемізде Алматы қаласы тұр. Өркениет қол созымда. Баспана жағын да қиналмай шешуге болады. Ал облыстың басқа аудандары үшін жақсы кадр табу қиын екені рас, – дейді бізбен әңгімесінде Іле аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Майра Егембердиева.
Іле аудандық орталық ауруханасына арнайы тоқталып отырғанымыздың өз себебі бар. Осы жылдың басында бұл ауруханада әлемге әйгілі оңтүстік-кореялық хирург, профессор Чжо Хён-Мин ішкі ағзаларды алмастыру мен обырды хиругиялық жолмен емдеу жөнінде шеберлік сабағын өткізіп, науқастарға күрделі операция жасауды үйреткен. Нәтижесінде аудандық аурухананың оташылары дерті жанына батқан ауруларға ота жасауға бел шешіп кірісе бастады. Бұл істің басында осы аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі Айдын Елікбаев жүр. Айтпақшы, Айдын 2017 жылы «Алматы облысының үздік дәрігері» атанып, сыйлыққа автокөлік мінген болатын.
Алыстағы ауылда жасалған тағы бір күрделі ота туралы біз жақында арнайы мақала жазған болатынбыз. Онда Сарқан аудандық ауруханасында белгілі хирург Нұрлан Арын өңеш пластикасы отасын жасап, күйіктен зардап шеккен жас баланы құтқарып қалғаны жайлы баяндағанбыз. Демек аймақтағы ауруханалар туралы айтқанда үнемі сыни көзқарас ұстанбай, әділетті болуға тиіспіз.
Әрине облыс медицинасындағы олқылықтарды, оның ішінде дәрігерлердің салғырттығынан болған кемшіліктерді жасыруға болмайды. Мәселен, ана мен бала өлімі былтыр бірнеше рет тіркелді. Райымбек, Қарасай, Балқаш, Іле аудандары мен Талдықорған, Текелі қалаларында болған қайғылы оқиғалардың алдын алуда жергілікті ақ желеңділер мүмкіндікті толық пайдалана алмаған. Биылғы жылдың басында Қаратал ауданындағы туабітті науқас нәрестенің өміріне аудан дәрігерлері ара тұра алмады. Аймақта жұқпалы аурулардың таралуы да көбейген. Талдықорған қаласында бруцеллез сырқатының анықталуына орай, оның ошағы дер кезінде залалсыздандырылмағаны да ақтауға болмайтын мысал. Дәрігерлердің немқұрайдылығы мен қызмет барысындағы жауапсыздығынан ем алушылардың өз бетінше әрекет етуі көбейген. Мұның соңы қайғылы жағдайға апарып соғуда. Жақында Жаркент қаласындағы дәріханалардың бірінде екпе салдырған тұрғын кенеттен қайтыс болған еді. Медициналық қызметтің сапасына жасалатын бақылаудың әлсіздігінен бе, кездейсоқ орындарда екпе салу мен лицензиясы жоқ емдеушілер қатары артып тұр. Ақылы қызмет көрсететін медицина мекемелеріндегі жағдай да сын көтермейді екен.
Жалпы, денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы мен материалдық базаны нығайтуға қатысты жұмыстардың көлеміне қарап осыншалық қолдау жасалып отырған салада кемшілік орын алмауы керек еді ғой деген ой туады. Материалдық база дегеннен шығады, былтыр ғана облыста 15 дәрігерлік амбулаториялық қосынның құрылысы мен 8 нысанның күрделі жөнделуіне 4,6 млрд теңге қаржы жұмсалыпты. Бұған қоса ауылдық жерде қызмет көрсететін медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге де қыруар қаржы қарастырылған екен. Биыл да емханалардың құрылысы жалғасып, 18 ғимарат жаңадан салынбақшы. Медициналық қызмет көрсету бойынша электронды құжат айналымын жүзеге асыру толықтай аяқталып, дәрігерлердің компьютермен қамтылуы мен интернетке қосылуына қажетті мүмкіндік жасалады. Бұған облыстық бюджеттен 352 млн теңге бөлінген.
Ендеше, жетісулық ақ желеңді жандарға Гиппократ антына адал болудан басқа мәселе жоқ екен. Екінің бірінің қолынан Эскулап болу келмес, бірақ елге етене жақындап, «Біздің сүйікті дәрігер» атануына не кедергі?..
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы