2018 жылдың 4 маусымынан бастап Қазақстанда Challenge «Сенің жаңа қырың» атты бұқаралық спорт бастамасы іске қосылады. Физикалық белсенділікті насихаттау мақсатында онлайн-жобаны іске асыру бастамасын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолға алды.
Баспасөз мәслихатына Challenge «Сенің жаңа қырың» жобасының ұйымдастырушысы Валихан Тен, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов, әртіс, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жобаның бренд-амбассадоры Мұрат Мұтырғанов, ТНТ телеарнасының «Танцы» тележобасының қатысушысы Мәдина Бейсекеева, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының басқарушы директоры-ресми өкілі Лима Диас қатысты.
«Қазақстанда Challenge «Сенің жаңа қырың» бұқаралық спорт бастамасы 2018 жылдың 4 маусымында басталады. Оның негізгі мақсаты – Қазақстан халқының арасында саламатты өмір салтын қалыптастырып, спортқа деген сүйіспеншілігін ояту. Жобаны Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қолдап, қазақстандықтарды спортпен шұғылдануға және белсенді өмір салтын ұстануға шақыратын бейне үндеу жолдады. «Challenge «Сенің жаңа қырың» – бұл елдің өмір салтындағы жаһандық өзгерістер. 2018 жылы жобаның сәтті өтуінің көрсеткіші ретінде Қазақстанда спортпен айналысатын адамдардың саны 2017 жылға қарағанда 300 мыңға көтеріледі деп жоспарланып отыр. Дәл осы қазақстандықтардың бойында саламатты өмір салтын ұстанудың дағдылары мен принциптерін тәрбиелеу жоспарда бар», деп атап өтті өз сөзінде «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ресми өкілі Лима Диас.
Жоба ұйымдастырушысы Валихан Теннің айтуы бойынша, Challenge «Сенің жаңа қырың» бастамасы қазақстандықтарда спортпен шұғылдану әдетін қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылады. «Бұл үшін 21 күн ішінде физикалық жаттығуларға тек жарты сағат уақыт бөлу жеткілікті», дейді ол.
Сонымен қатар жоба аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше назар аударылады. Олар үшін арнайы Алматы қаласында танымал тұлғалардың қатысуымен ұйымдастырылатын 3 оффлайн-жаттығу өткізу жоспарланып отыр.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»