Әдебиет • 29 Мамыр, 2018

Аманолла Ғабдолқайұлы. Әулет ғұмыры

529 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Аманолла Ғабдолқайұлы – лауазымды қызметтердің күрмеуі қиын тұстарын айқындаудағы тапқырлығымен, оларды шешуде жоғары билік алдында нақ­ты дәлелдеу, түйіндеу, баяндау, сарап­тау, өндірісті тікелей басқару шебер­лігін өзінің күнделікті қызмет дағы­дысына айналдыра білген ұқыпты да, қабілетті басшылардың дәрежесіне жеткен азамат.  

Аманолла Ғабдолқайұлы. Әулет ғұмыры

Біздің замандаста­ры­мыз­дың өзі екі дәуірдің қи­лы да қызықты кезеңдерін бас­­та­рынан өткізіп келеді. Қаз­ақ халқының ұлағатты дәстүрлерінде кісі­лікке ие болудың, өмір­­танудың, қоғам­та­нудың бола­шақ­қа ұластыратын мәң­гілік бағыттары – да­ра дана­лардың өмір тә­жі­рибесі арқылы ұрпақтан ұрпаққа ұласуда. 

Халқымыздың үлкенді де, кішіні де мәңгілік болашақты болжауға нұс­қайтын «Жақсы адам – елдің ырысы» дейтін даналық ұғымы бар. Осылай пайымдағанда аға ұрпақтар әулеттерінің өнегесі – қазақ даналарының дүниета­ным­дық негіздері халқымыздың ұрпақ өсіру, тәрбиелеу жолдарынан айқын аң­ға­рылады.

Ғабдолқай әулетінің тәрбие, өнеге беру дәстүрінде кісітану қасиеттері негі­­зінде береке-бірлікке жетудің, іздену­дің амал-әрекеттері көрініс береді. Бас­­­­­­ты мақсат бүкіл қазақ қауымының, тұ­­­тас халықтың дүниетанымдық бағы­тын көздің қарашығындай сақтау бол­ған­ды­ғы байқалады.

Аманолла Ғабдолқайұлы  Кеңес ода­ғының тұсында еліміздегі аса жоғары лауазым иелерінің бірі болса да қызметтен сәл босаған уа­қыттың өзінде ата-баба дәстүрін сақ­тау, туыстық ниетке берік болу әрбір қа­зақ азаматының ата-баба алдындағы мыз­ғымас парызы екендігін түсіндіруді, оны қайталап айтуды өзінің міндеті са­нағанын құрбылары, замандас­тары қазірге дейін еске алып жүр.

Аманолланың сәби шағынан ой тоқтатып, есейіп жеткіншек қатарына жеткен кездерінен көргені – әкесі Ғаб­долқайдың туған бауыры Әсетпен бір үйде бірге тұрып, енші бөліспей, бірінің қамын екіншісі әрқайсысының жеке дара мұқтаждығындай сезініп, екі отбасы бірінің баласын бірі мәпелеп, өсіргені. Мұндай дәстүр оның ірі лауа­зымдық қызметтерде сыналған шақ­тарында, ел ішінде сыйластықты, туыстықты, бірлікті және ынтымақты нығайту барысында амал табуына үлкен тірек болған. Бұл кезеңді ол ерекше толғанып еске алады екен.

Аманолла Ғабдолқайұлы Краснокутск (қазіргі Ақтоғай) ауданының «Ақкөл» совхозында директор болып жүргенде ауыл­да тұңғыш рет волейбол командасын ұйымдастырып, өзі сол команданың белсенді әрі шебер шабуылшысы, жат­тықтырушысы болды. Таңның атуы­нан күннің батуына дейінгі аралықта ауыл шаруашылығының егін егу, ору, малды жайлауға шығару, мал азығын дайындау, мал тұқымын асылдандыру, ветеринарлық қызметті бақылау сияқ­ты жұмыстарының науқандық кезең­деріндегі қарбалас шақ­тардың өзінде спорт­тың бұл түріне уақыт бөлген. Ауыл ша­руашылығының осындай тынымсыз қызметтерін атқару, әлеуметтік мәдени, білім беру саласындағы мәсе­лелерді реттеу сияқты күрделі қызметтер арасынан саң­лау тауып волейболшылармен жаттығу өт­кізуді назардан тыс қалдырған жоқ. Аманол­лаға мұндай аласапыран кезеңде әулеттің тектілігінен ұласқан біліктілік, кісітанушылық ше­бер­лігі демеу болғаны туралы сол кез­дегі қызметтестері, ауыл, ­аудан жұрт­шылығы бүгінде ризашылықпен баян­дайды. Солай болатын жөні де бар, өйткені ол команда аудан бойынша ешкімге дес бермей бірінші орынды иеленетін.

Аманолла балаға ат қою кезінде қазақ дәстүрінің өміршеңдігін айқындайтын іс-әрекеттердің мән-мағынасына назар аударып жүріпті. Мұндай жағдайды ырым деп айтып жүргенімізбен, мұның бала келешегін болжауға негіз болатынын аңғарған. Кезінде «Марксизм тұқым қуалаушылықты жоққа шығармайды», деген қағида да айтылды ғой, деген ойға тоқталады екен ол.    

Баланың туа салысымен ойлау қа­бі­леті бекімейтіні – анық құбылыс. Бірақ ата-анадан туа даритын, туа біт­кен қасиеттер де болатыны жайында көптеген ғалымдар айтып та, жазып та жүр. Ойлау баланың сыртқы ортамен белсенді қарым-қатынасынан, оның өмірді бағамдауы арқылы қалыптаса бастайды. Ал баланың тілі шығу барысында, алғашқы көргендерін анықтай бастауында олардың өсу кезеңдерін аңғару қиын емес. Олай десек баланың ой өрнегінің ширауы жоғарыда ай­тыл­ғандай, әулеттің тектілігіне, өне­гелі де өркениетті ортаның қарым-қа­тынас­тарына тікелей қатысты екен­дігі Аманолла өмірінің өсу, толығу кезең­дерінен аңдау қиын емес.

Мемлекет, қоғам қайраткері, көрнек­ті ақын Кәкімбек Салықовтың 2010 жыл­ғы 19 тамыздағы «Сырымбет пен Баянауылдың ортақ ұлы» атты есте­лігінде Аманолланың әкесі, ұстазы, орыс тілі және әдебиетінің мұғалімі Ғаб­дол­қайдың оқыту шеберлігі өзінің ақындық жолында Абайшыл және Пушкиншіл болуына тартымды әсер еткенін айтып өтеді. Осы естелікте ол Аманолланың Сырымбет пен Баян­ауылдың ортақ ұлы болып жүріп, қазақ елінің ірі тұлғалары қатарына жет­кендігі  туралы ой толғайды.

Аманолла Ғабдолқайұлының еңбек жолы Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасында аға агроном, бас агроном қызметтерінен басталып, совхоз директоры, Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масының бастығы, 35 жасында Баянауыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, одан кейін облыстық партия комитетінің хатшысы лауазымдарымен жалғасқан. Оның еңбек жолына көз жүгірткенде еш нәрсеге жал­тақтамайтын, өз қабілетіне сенген аза­мат болғанын байқауға болады. Оның табанды да тапқыр іс-әрекеттерін қасындағылар да, жоғары биліктегі тұлғалар да дер кезінде бағамдаған.

Аманолла үшін тосын оқиға – Баян­ауылда бірінші хатшы болып жүр­ген кезінде Дінмұхамед Ахметұлы Қо­наев­тың оған тікелей телефон со­ғуы. Бұл күні ол әдеттегідей аудан шаруа­шы­лықтарын аралап, жұмыс барысымен, жергілікті мамандардың іс-әрекеттерімен танысуға шыққан екен. Кешкілікте үйіне оралған тұста оған екінші хатшы Николай Феодорович Гегер хабар бе­ріпті. Оның аптығып, асыққан хабарламасында Дінмұхамед Ахметұлының телефон соғуы жайында айтылыпты. Ертеңінде Дінмұхамед Ахметұлының көмекшісімен хабар­ласқан. Ол Аманол­ланы Димекеңмен дереу байланыстырыпты. Қазақстандық бірінші басшыны мазалаған мәселе – ауданның қыстан шығу, егістікке дайындық, егін өнімінің жағдайы, ке­лесі қысқа мал азығын, жем-шөбін әзір­леу, мал жайылымының қалпы, жал­пы ауыл шаруашылығы саласында науқандық жұмысқа ауданның сақадай-сай әзірлік жайын анықтау екен. Димаш Ахметұлы көктем науқанындағы атқарылған жұмыстың күзгі науқандағы нәтижесін білу үшін кейінірек тағы да хабарласыпты. Аманолла жұмыстың тиянақты барысын толық баяндап берген. Осындай телефон арқылы әр байланыс Аманолланы ойландырып, оның себебін анықтағысы да келіпті. Отбасы өнегесі мен тәрбиесінен алған тәжірибесі оған бұл ретте де дұрыс ой қорытуға әсер еткен. Өз өміріндегі өзі сұрыптаған әлеуметтік сапалар жиынтығын сараптай білуі, жоғары лауазымды тұлғалармен билік алаңында пікірлесудің ақиқатты бағыттарын нақты болжауы оның қабілеттілік дең­гейін дамытқан. Кейін Аманолла Димекеңнің мұндай қызмет әдістемесін Қазақстанның барлық аудан басшыларымен жұмыс нәтижесін анықтауда қолданатындығына көз жеткізген. Сон­дықтан Аманолла әрдайым жұмыс нәтижесін аралап кө­румен, дер кезінде мамандармен пікір­лесумен ғана шектелмей, оларға нәтижеге жетудің өзегін жүйелі баяндауға әрқашан дайын болуға толық мүмкіндік алған.

Аманолла Ғабдолқайұлы ‒ лауазымды қызметтердің күрмеуі қиын тұстарын айқындаудағы тапқырлығымен, оларды шешуде жоғары билік алдында нақ­ты дәлелдеу, түйіндеу, баяндау, сарап­тау, өндірісті тікелей басқару шебер­лігін өзінің күнделікті қызмет дағды­сына айналдыра білген ұқыпты да, қа­білет­ті басшылардың дәрежесіне жет­кен азамат. Ол – өзінің жоғары дең­гейдегі билік алдындағы ел-жұрт дәулетін, ырысын, несібесін еселей білудің жолдарын игеру қабілетін қа­жетті тұста ұтымды жұмсаған абзал азамат екендігін әрқашан көрсете білген. Оның мұндай деңгейдегі ақылды бейнесі КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы А.Н. Косыгиннің алдында үш рет болу сәті кезінде айқын байқалған. Аманолла Ғабдолқайұлы Рамазановтың замандас­тары оны өз ұлтының құндылықтарын өміріне серік еткен, ұлттық мəдениетті өркениетті елдер қатарында ұстауда дара көрінетін «Асыл ердің баласы көп тыңдап аз сөйлейді», деген халқымыздың даналығын көкірегіне ұялатқан асыл да ардақты азамат деп құлшына еске алады.

Жұмасейт БИЖАН,

КСРО Теледидары және радио үздігі, Қазақстанның құрметті журналисі,
С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры