Қазақтың классикалық опера жауһарына деген осыншама зор ықыластың болуы бекер емес. Атап айтсақ, М.Төлебаевтың опера шығармашылығына 1950 жылдан қалыптасқан қызығушылық ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысында өз кемеліне жетсе, қазіргі уақытта нағыз қайта жаңғыру сәтін басынан өткеруде.
Ең қызығы, бірнеше рет жаңартуларды басынан өткерген М.Төлебаевтың шығармашылық мұрасы осы уақытқа дейін көптеген интерпретациялық шешімдерге ие болса да, заманауи қазақстандық театр сахнасында лиро-психологиялық драма мазмұны жаңа қырынан ашыла түсті. Опера қойылымдарының тарихына үңілетін болсақ, алғашқы жылдары дүниеге келген (1946) және бүгіндегі «Астана Операның» нұсқасын (2018) ерекше атап өтуге болады. «Біржан-Сараның» қос интерпретациясы жалпы қазақ ұлттық опера пайымын түсінудегі маңызды кезеңдеріне айналып отыр.
Демек, «Астана Операның» жоғары деңгейдегі кәсіби орындаушыларынан, дирижерлер мен режиссерлерінен құралған шығармашылық ұжым үнемі ізденісте болып, осынау алып драмалық туындыны заманауи әрі шыншыл баяндауға ұмтылғанын көреміз. Нәтижесінде, «Біржан-Сара» операсының ұсынылған нұсқасын қоюшы режиссерлер Асхат Маемиров пен Михаил Панджавидзе қазақ халқының өмір салтын, тұрмысын, әдет-ғұрпы мен дәстүрін сахнада көрсете білгені қуантады. Мұндай шынайылықты көрсетуде белгілі сценографтар – Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов жасаған ғажайып декорациялар мен ұлттық нақыштағы костюмдердің алатын орны айрықша. Осы қоюшылар интерпретациясындағы опера жүйелі ойымен, бейнелеу құралдарын таңдаудағы сындарлығымен, таңғаларлық драматургиялық ауқымымен ерекшеленеді.
«Астана Опера» театрының солистері вокалдық және әртістік жағынан өте күрделі партияларды асқан шеберлікпен орындай білді, ал оркестр симфониялық көріністердің қанық бояуын жеткізе алды. Кең ауқымды хор және хореографиялық көріністер көздің жауын алады.
«Біржан-Сара» операсының орындаушылық интерпретациясы айқын психологиялық көзқараста құрастырылған. Режиссерлер әдейілеп кейіпкерлер бейнелерін даралай түскен. Олардың барлығы жан-жақты болғандықтан, көрермен көңілінде түрлі сезімдер туғызып, жағымды және жағымсыз бейнелер ара-жігін анықтау қиынға соғады. Драматургиялық жағынан барынша түсінікті әрі анық оқиға желісі осынау қазақ опера классикасының жауһар туындысын өзгеше баяндауға мүмкіндік береді. М.Төлебаев ең жарқын әрі жүректі тебірентер музыканы басты кейіпкерлерге арнаған. Ұсынылған редакцияның қорытынды көрінісінде Біржан мен Сара өлімді махаббат белгісі ретінде қабылдайды.
Соңғы нұсқада «Астана Опера» режиссерлері қойылым финалын өзгерткен. Басты кейіпкерлер қаза табады. Аналықтың «Жоқтауынан» кейін, Біржанның «Теміртас» әнін пианиссимода хор мәтінсіз а capella орындап, көрермендердің жүрегін елжіретеді.
Аталған қойылым үшін осынау керемет әуеннің аралас хорға арналған өңдеуін жас сазгер Тасқын Жармұқамет жасаған. Хордан кейін іле-шала домбырада танымал халық композиторы Әбікен Хасеновтің «Қоңыр» шертпе күйі тартылады. Күйді асқан шеберлікпен орындаған Руслан Баймурзин – бұрында домбырашы болса, қазіргі таңда «Астана Опера» симфониялық оркестрінің дирижері. Дәл осы сәтте симфониялық оркестрдің орындауында баршаға таныс соңғы аккордтар шырқалды. Бұл көрініс ерекше мәнге ие: сахнада тау жоталары жылжып, қолдарына домбыра алған бас қаһармандар – Біржан мен Сараның сұлбасы көрінеді. Спектакль қайғылы аяқталады, дегенмен махаббат пен музыка ажалдан да қайсарлы, өлімнен де өжет екендігі айдан анық.
Қойылымның жаңа нұсқасында пайдаланылған жаңалықтар жөнінде айта келе, симфониялық оркестр рөлінің барынша артқанын атап өткім келеді. Нақты алғанда, барлық маңызды оқиғалар оркестрге жүктеліп, әрбір төрт көріністің басында керемет жарқын, қысқа да нұсқа оркестрлік қосымшалар енгізілген. Олардың авторлық нұсқада да болғанын, алайда тек екінші және төртінші көріністерде орын алғанын атап өткен жөн.
Дирижер Абзал Мұхитдиновтің партитуралық оқылымының өзгешелігі – оркестрлік партияны барынша айқын әрі анық, яғни жан-жақты «нұрландыра» түскені. Қажет жерінде дыбысталуын үдеткен, жекелеген музыкалық жолдарды нақтылаған. Ал кей тұстарында оркестрді тек вокалдық партияларды сүйемелдеу үшін пайдаланған. Осылайша таңғаларлық кеңістік әсерін жасаған.
Орындаушылардың өнерін сөз етпес бұрын, Төлебаевтың вокалдық музыкасын орындау аса қиын екенін атап өткен жөн. Бұл әнге де, романсқа да, сонымен қатар операдағы жекелеген нөмірлерге де қатысты. Әншілер терең тынысқа, кең диапазонға, мықты да қуатты дауысқа, жақсы кәсіби дайындыққа ие болуы тиіс. Атап айтсақ, Біржанның партиясын орындайтын әншіге қиынға соғары сөзсіз, бұл әрбір лирикалық-драмалық тенордың қолынан келе бермейді: ол көлемі жағынан ауқымды ғана емес, сонымен қатар екпінді әрі ырғақты тұрғыдан алғанда күрделі болып табылады. Оның үстіне, дауыстың «самғап, қалықтауы» әрі «таза» тембрі болғаны, яғни вокалистің әрбір алған дыбыстағы обертоны оркестр аспаптарының обертонынан біршама жоғары болғаны дұрыс. Сондықтан бас кейіпкерлер – Біржан мен Сара партиясын орындаушылар айрықша «төзімділікке» ие болуы керек.
Біржанның «Сарыарқа» лирикалық-драмалық ариясы М.Төлебаевтың үздік туындылары қатарына жатады. Әуеннің қанықтығы, мәнерлілігі, кең кантиленасы бойынша бұл музыка Дж.Пуччинидің «Тоска» операсынан Каварадоссидің «В небе звезды горели» ариясымен, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан Ленскийдің «Куда, куда вы удалились» ариясы және өзге де атақты туындылармен теңестіріліп, бір қатарға қойылады.
Сараның партиясына келетін болсақ, операның алғашқы екі нұсқасында (барлығы үш нұсқа болған) оның жеке нөмірлері көп болмаған. Алайда спектакльдің музыкалық-драмалық арқауын жетілдіру барысында М.Төлебаев операны басты кейіпкерге арналған бірнеше жаңа опустармен толықтырған, соның салдарынан операда музыкалық тұрғыдан алғанда Сараның қызықты жеке өнер көрсетулері пайда болды.
Жоғары тесситураны игерген және дауысының лирикалық-драмалық тембрі бар тенорлар айтарлықтай сирек кездесетінін атап өтсек болады.
Сонымен бірінші құрамға Мейір Байнеш пен Майра Мұхамедқызы қатысқан. Олардың өнері үлкен қарқындылығымен ерекшеленді. Әйгілі кейіпкерлердің тұлғалары көрермендердің есінде қалды. Көрермен техника көмегімен іске асқан табиғат көріністеріне таң-тамаша болды. Ал күшті, тамаша шырқалған солистердің дауыстары үйлесімді ансамбльде айқын ашылып, болып жатқан оқиғалардың мәнін, төгіліп жатқан әуеннің сұлулығын көрермендерге жеткізді.
Екінші құрамда дәстүрлі қазақ әнінің рухын жеткізген солистер Бейімбет Таңарықов пен Жаннат Бақтайдың өнері ұсынылды. Оның үстіне, еуропалық ән орындау мәнері арқылы жеткізілген бейнелердің жаңа қыры мен фольклордың айқын көріністері сезілді.
Бірінші құрамға қайта келер болсақ, Мейір Байнештің «Астана Опера» театрында жасап жатқан бес жылғы жұмысы барысында дауысы жаттығып, барынша икемді, төзімді және қарқынды бола түскен екен. Біржан бейнесін қалыптастырып, өз қаһарманын бекзат, парасатты әрі асқақ етіп көрсетті. Біржан (Мейір Байнеш) сахнаға шыққан сайын жаңа жағынан ашыла түсіп, бұл кейіпкердің көркемдік бейнесінің үнемі дамуын қамтамасыз етті. Әсіресе II бөлімнің вокалдық партиялары сәтті шыққан.
Бейімбет Таңарықовтың орындауындағы екінші құрамдағы Біржан бірқатар ерекше қырынан көрінді. Шеберлік жағынан алғанда оның өте тәжірибелі және өткір мінезді екені сезіледі. Өзіне тән ән орындау мәнері мен күшті лирикалық-драмалық дауысы қайсар қазақ батырларының бейнелерімен еріксіз байланыстырылады. Бейімбет Таңарықов Біржанды батыл әрі өжет етіп көрсетті.
Басты әйел рөлі Сараға баға беретін болсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қос әртісі: Майра Мұхамедқызы мен Жаннат Бақтайдың орындауында бұл бейне көңілге өте қонымды және терең мәнде ұсынылған. Бұдан республикамыздың екі атақты солистерінің аса үлкен ән орындау және актерлік шеберлігін көреміз. Дауыс тембрлері әртүрлі болса да, олардың партиялары жеңіл тыңдалады. Майра Мұхамедқызының дауысы шарықтап қалықтаса, Жаннат Бақтайдың дауысы айтарлықтай қанық және қоңыр. Әншілердің тамаша сыртқы келбеті, музыкалық материалды жеткізудегі шынайылығы мен нәзіктігі, сондай-ақ әртістік шеберлігі қойылымның тартымды тұсы болғаны сөзсіз.
Екінші деңгейлі кейіпкерлердің орындаушылары да сәтті таңдалынып алынған. Жанбота рөлінде Жанат Шыбықбаев пен Талғат Мұсабаев, Алтынай – Салтанат Ахметова мен Айзада Капонова, Жиенқұл – Ержан Саипов пен Талғат Ғалеев, Қожағұл – Евгений Чайников пен Шыңғыс Расылхан, Аналық – Дина Хамзина мен Гүлжанат Сапақова, Естай – Жұмабек Қаңтарбаев. Олардың ішінде Алтынай рөліндегі Салтанат Ахметова мен Естайды орындаушы Жұмабек Қаңтарбаевты ерекше атап өткім келеді.
«Біржан-Сара» операсы сол заманның рухын жаңадан жасауға мүмкіндік беретін жаңа техникалық және технологиялық құралдарды қолданбайынша, көрермен тарапынан осыншалық қошемет пен ыстық ықыласқа бөленбес еді. Көне үй жабдықтарының көптеген атрибуттары көрнекі түрде ғажап ұсынылды. Ал ерекше талғам мен кең ауқымда тігілген қазақ ұлттық киімдері өзінің сәнімен жұртшылықты таңғалдырды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген көпестер, халық, әйгілі күйшілер мен ақындар, балуандар, сиқыршылар, акробаттардың басын қосқан Қоянды жәрмеңкесінің атмосферасы тамаша жеткізілді.
Сөйтіп жаңа қойылымды іске асыруда қоюшы режиссерлер Асхат Маемиров пен Михаил Панджавидзе, сондай-ақ дирижер Абзал Мұхитдинов ерекше рөл атқарды. Аталған шығармашылық одақ операның сюжеттік арқауына және тиісінше оның партитурасына бірқатар елеулі өзгерістер енгізді. Өзгерістер, негізінен, соңында екі бас кейіпкердің қаза табуына әкеліп соқтырған Жанботаның – Біржан мен Қожағұл арасындағы, Жиенқұл мен Алтынайдың – Сарамен арадағы кикілжіңдерін күшейтуге бағытталған музыкалық нөмірлерді қайта қоюға қатысты болды. Түпнұсқаны еске сала кетсек, соңғы көріністе тек Біржан қаза табатын.
Операның сәтті әрі жарқын қойылуына «Астана Операның» басшылығы, қоюшы режиссерлер, дирижер, оркестр, солистер, хормейстер, хор, балетмейстер, балет әртістері мен менеджмент тең дәрежеде ықпал етті. Ұжымның жүйелі жұмысы операның идеялық мазмұнын шынайы әрі дәл ашуға бағытталғаны көрініп тұр.
Алтын КЕТЕГЕНОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі