Бағдарламада айтылғандай, қазақстандық қоғамды жаңғыртудың бірінші талабы ұлттық код пен өз мәдениетін сақтау екені баршаға аян. Тарихи тәжірибе мен ең озық ұлттық дәстүрлер жаңғыру жолындағы жетістіктердің маңызды шарты болып саналатындықтан, ол Қазақстанның заманауи мәдениеті алдында да жауапкершілікке ие. Осыған орай шараны ұйымдастырушылар талай жыл мұрағатта шаң басып жатса да, кейін тынысы қайта ашылып, америкалық және британдық документалистерге ерекше әсер еткен, тамыры тереңнен сыр тартатын алғашқы кинотуындыны жарыққа қайта алып шығып, ағылшын көрермендеріне жақынырақ таныстыруды жөн деп тапқан. Себебі қазақ даласында түсірілген туындыға «әлемде бұрын-соңды болмаған бірегей деректі фильм» деп баға берген де осы британдық кино институтының мамандары болатын.
Фильмді ағылшын көрермендеріне таныстырудағы мақсат – Қазақстанның оң имиджін қалыптастыруға әсері бар кино мен музыка саласындағы отандық авторлардың таңдаулы шығармаларының маңызын арттыра түсу. Сол себепті Еуропа төріндегі өнер залында «Қазақстан камератасы» мен «Түркісіб» фильмі қатар ұсынылды. Тоқсан жыл бұрын Орта Азия мен Сібірдің арасын қосқан магистральдың салыну тарихынан сыр шерткен «Түркісіб» фильмнің режиссері Виктор Турин. Фильм толығымен өңделгеннен кейін «Қазақстан камератасы» мемлекеттік камералық оркестрі орындаушыларының сүйемелдеуімен белгілі композитор Қуат Шілдебаев оған арнап ән жазды. «Қазақстан камератасы» мемлекеттік камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі – Қазақстанның халық әртісі Гауһар Мырзабекова.
Лондонда өткен шараға Қазақстан Республикасының елшілігі, Ұлыбританиядағы дипломатиялық корпус, Британия кино институты, музыка қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Лондондағы қазақ диаспорасы, сарапшылар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ