Егер бұрын шаңғы спортымен айналысқан бобслейші, Сочидегі қысқы Олимпия ойындарының алтын медаль иегері Александр Зубковты есептемегенде, спорттағы бағыттарын өзгерткен спортшылар көп емес екен. Басқа спорт түріне ауысқанына таңданыспен қарайтын жанкүйерлерге спорт жұлдыздары мұндай қадамға бару бұрыннан ойында жүргендігін айтып ақталады. Сонымен қатар мұндай әрекеттерін спортшылар сол спорт түріне деген қызығушылығымен түсіндіреді. Алайда олардың көпшілігі «екінші арманы» туралы ол көпшілік алдында бұрын-соңды жария етпеген.
Танымал швед футболшысы Златан Ибрагимович доп қууға келген кезінде таэквондодан қара белбеу иегері атанған. Тіпті оны жаттықтырушылары мақтанышпен айтып жүретін болған.
Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, бұрынғы кәсіпқой боксшы – Николай Валуев жас кезінде диск лақтырудан спорт шебері атанған, содан кейін боксқа келіп, 2005, 2006, 2007 және 2009 жылдардағы ауыр салмақтағы әлем чемпионы атанды. Италиялық футбол форварды Кристиан Вьери кәсіби крикетші болар еді: 90-жылдардың соңы, 2000 жылдардың басындағы ақша ең көп төленген футболшылардың бірі крикет жалпыхалықтық танымалдылыққа ие ел Аустралияда өткен. Шабуылшы 2003 жылы бір сұхбатында: «Егер маған дәл осындай (футболдағыдай) келісімшарт ұсынғанда, мен (крикетке) ауысып кетер едім», деген болатын. Ол қазір де крикеттен әлемдік турнирлерді қадағалап отыратынын айтады.
Бұл спортшылардың барлығынан америкалық Эдвард «Эдди» Иган асып түсті. Ол жазғы және қысқы Олимпиадада қатар чемпион болған екі адамның бірі болуды көздеді: 1920 жылы боксшы ретінде Олимпиаданы бағындырса, он екі жылдан кейін АҚШ құрамасы сапында бобслей спортынан қысқы Олимпия ойындарының алтын медалін иеленді. Жеңіске қол жеткізген тұста Иган 34 жаста болатын, содан кейін спорттық дарыны оған Екінші дүниежүзілік соғыста көмектесіп, ол Тынық мұхит және Еуропа майдандарында соғысып, полковник дәрежесіне дейін жеткен.
Олимпиада тарихында швециялық мәнерлеп сырғанаушы Йиллис Графстрем жазғы Олимпия ойындарымен қатар қысқы ойындардың да жеңімпазы атанған тұңғыш спортшы. 1920 жылға дейін мәнерлеп сырғанау жазғы ойындары құрамында болса, содан кейін ғана қысқы Олимпиада ойындарының тізіміне ауысты. Графстрем 1920, 1924 және 1928 жылғы Олимпия ойындарында чемпион атанған.
2016 жылдың желтоқсан айында словениялық Филип Флисар жұртты таңғалдырды. Ски-кросстан әлем кубогының иегері сәтсіз маусымнан кейін маунтинбайк спортына ауысып, әлем чемпионатының алғашқы маусымының өзінде 10-орынға көтерілді.
Конькимен жүгіруден үш дүркін Олимпиада чемпионы және 13 дүркін әлем чемпионы, Чехия спортшысы Мартина Сабликова 2015 жылы веложарысты қолға алып, тіпті Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін жеке жарыс бойынша квалификациялық кезеңнен өткен. Бірақ оны тасжолдағы веложарысқа квалификация алмағаны үшін жарысқа қатыстырмай қойды. Енді 31 жастағы чех спортшысының жаңа Олимпиадаға дайындалуға әлі екі жылдай уақыты бар. Оған қатысуды спортшы өзінің өмірлік арманы деп есептейді.
Спорт тарихындағы ең танымал желаяқтардың бірі, 8 дүркін Олимпия ойындарының чемпионы ямайлық Усэйн Болт күтпеген жерден футболға ауысқандығын айтып, тіпті Германияның сегіз дүркін чемпионы дортмундтық «Боруссиямен» өткізетін жаттығуларының кестесін жариялады. Сонымен қатар әйгілі желаяқ бірер ай бұрын «Боруссия» сапында бір рет жолдастық кездесу өткізіп те үлгерді.
31 жастағы спортшының БАҚ өкілдеріне берген сұхбатына сенсек, ол жаңа мансабындағы мүмкіндіктері жайлы футбол әлеміндегі білікті адамдармен кеңескен. «Егер мен «Манчестер Юнайтед» командасында ойнасам, арманым орындалар еді», деп спортшы өзін «сынақ» матчына шақырса деген ниетін білдірген-ді.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»