Футбол • 29 Мамыр, 2018

Жаһан жаңалықтары. Чемпиондар лигасының символикалық құрамы

1067 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еуропа футбол қауымдастығының одағы (УЕФА) Twitter парақшасына Чемпиондар лигасының 2017/2018 жылғы символикалық құрамын жариялады.

Жаһан жаңалықтары. Чемпиондар лигасының символикалық құрамы

Биылғы тізімге 18 футболшы енген. Оның сегізі «Реал» ойыншылары болса, «Ливерпуль» командасынан үш, «Бавария» мен «Ромадан» екі, «Ювентус», «Манчестер Сити» және «Барселона» клубтарынан бір-бірден футболшы бар.

Қақпашылар: Кейлор Навас («Реал»), Алисон Бекер («Рома»).

Қорғаушылар: Йосуа Киммих («Бавария»), Серхио Рамос, Марсело, Рафаэль Варан (үшеуі де – «Реал»), Вирджил ван Дейк («Ливерпуль»), Джорджо Кьеллини («Ювентус»).

Жартылай қорғаушылар: Кевин Де Брейне («Манчестер Сити»), Каземиро, Лука Модрич, Тони Кроос (үшеуі де – «Реал»), Хамес Родригес («Бавария»).

Шабуылшылар: Эдин Джеко («Рома»), Роберто Фирмино, Мохамед Салах (екеуі де – «Ливерпуль»), Лионель Месси («Барсе­лона»), Криштиану Роналду («Реал»).

Боксшы екі жылға спорттан шеттетілді

Америкалық боксшы Эрик Молина антидопинг ережелерін бұзғаны үшін екі жылға бокстан шеттетілді.

Британия антидопинг агенттігінің (UKAD) мәлімдеуінше, Молинаның 2016 жылғы 11 желтоқсан күні британиялық Энтони Джошуаға қарсы жекпе-жек алдында тапсырған допинг сынамасы оң нәтиже берген. Сол уақытта оның қанынан тыйым салынған дексаметазон табылған.

Молинаның шеттетілуі 2017 жылдың 28 қазанынан бастап өз күшіне енген. Енді ол үлкен спортқа 2019 жылдың қараша айында оралады.

Риккардо – Монако Гран-приінің жеңімпазы

«Формула-1» спортының Монакода өткен кезекті Гран-при жарысында «Ред Булл» командасының аустралиялық өкілі Даниэль Риккардо жеңімпаз атанды.

Мәре сызығын екінші болып «Феррари» пилоты Себастьян Феттель кессе, үздік үштікті «Мерседес» өкілі Льюис Хэмилтон қорытындылады. Бұл 28 жастағы Риккардоның мансабындағы алтыншы, ал осы маусымдағы екінші жеңісі.

«Формула-1» жарысының алтыншы кезеңінен кейін 110 ұпай жинаған Хэмилтон бірінші орында келеді. Екінші орында Феттель (96) болса, үшінші сатыда Риккардо (72) тұр. Жарыстың келесі кезеңі 8-10 маусым күндері Канадада өтеді.

Дайындаған

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»