Мамуду Гассама ғимараттың төртінші қабатына ешбір құралсыз өрмелеп шығып, бүлдіршінді құтқару үшін бір минутқа жетер-жетпес уақытын ғана жұмсады.
Осы оқиғадан хабардар болған Франция президенті Эммануэль Макрон 22 жастағы Гассаманы дүйсенбі күні Елисей сарайында қабылдап, бүкіл Франция халқының атынан алғыс айтты (суретте). Сондай-ақ, оған Франция азаматтығын беру, әрі Париждің өрт сөндіру қызметіне жұмысқа орналастыру туралы шешім қабылдады.
Оқиғаның видеосы сол мезетте-ақ түрлі желілерде тарап кетті. Бір ғана Facebook-тегі қаралымы 13 миллионнан асып кетті.
Сонымен қатар Париж қаласының мэрі Анн Идальго малилік жігіттің ерлігіне таң қалып, телефон арқылы алғыс айтты. Анн Идальго бейбіт күннің батырын «18-округтің Өрмекші адамы» деп атады. Яғни оқиға қаланың осы мекенжайында өткеніне байланысты жылы лебізін білдірді.
«Бәрекелді, Мамуду Гассама. Ержүректігінің арқасында балапанды өлімнен құтқарып қалды», деп жазды Идальго Twitter парақшасында. Оның айтуынша Гассама бірнеше ай бұрын Малиден Францияға жаңа өмір бастамақ оймен келіпті.
«Қаһармандығы барлық азаматқа үлгі болғанын әрі оның Францияға орналасып кетуін Париж тарапы қуана қолдайтынын айттым», деді қала мэрі.
Айта кетейік, оқыс оқиға өткен сенбі күні Франция астанасындағы көшелердің бірінде болды. Гассама журналистерге берген сұхбатында сол маңайдан өтіп бара жатқанда биікке қарап, шулап тұрған жұртқа көзі түскенін айтты.
«Ол сәби ғой. Мен қолымнан келгенін жасадым. Құдайға шүкір, жоғары қарай өрмелей жөнелдім де құтқарып қалдым», деді 22 жастағы мигрант.
Жергілікті БАҚ-тың хабарауынша баланың ата-анасы үйінде болмаған.