Елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған шарада Астана қаласы әкімдігінің жобалары, инновациялық идеялар таныстырылды. Астана қаласы әкімдігінің түрлі басқармалары мен құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері Атырауға жұмыс сапарымен келді. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев іскерлік мақсатта кездесу өткізіп, алдағы мақсат-міндеттерді айқындады.
– Астана – Қазақстанның барлық қалаларына үлгі, – деді қонақтарды қарсы алған Нұрлан Ноғаев. – Әлемдік стратегиялық міндеттерді шешу үшін көптеген елдердің бірінші басшылары Астанаға арнайы келеді, ауқымды шаралар өтеді. Медицинаның, ғылым мен білімнің барлық маңызды нысандары елордада шоғырланған. Өңірді дамыту бойынша Астанадан көп тәжірибе алуға ниеттіміз.
Бизнес-форумда аймақ басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін жаңалықтарды енгізу бойынша екі қала арасында тәжірибе алмасудың маңызы зор екенін атап айтты. Экономиканы әртараптандыру бағытында жүзеге асып жатқан жұмыстар жақсы нәтиже беріп келеді. Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев жиырма жылдық тарихында бас шаһар біраз тәжірибе жинағаны жайлы баяндады. Арнайы делегация Астана күні мерекесі қарсаңында барлық облыстарды аралап, бренд-жобаларын таныстыруды қолға алған.
Атыраумен өңіраралық ынтымақтастық өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм, цифрландыру, «Ақылды қала» технологиясын енгізу бағыттары бойынша жүзеге аспақ. Бизнес-форум аясында Астана қаласы инвестициялар және кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бекмұрзаев елорданың даму стратегиясы туралы баяндама жасады. Форум жұмысына қатысқан атыраулық іскер азаматтар да игі іске жұмыла кірісуге мүдделі екендерін жасырмады. Мысалы, Қазақстанда баламасы жоқ әмбебап сауда орталығы, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын сәулетті тұрғын үй кешені, төрт мыңға жуық оқушыны қабылдай алатын мектеп кешені мен «Ақылды қала» жобалары кәсіпкерлер тарапынан қызығушылыққа ие болды. «Ақылды қала» жобасы бойынша Атырауда да жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл ретте азаматтық белсенділік басты рөл атқаратынын атап өтті. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында Атырау қаласындағы барлық көшелерге бейнекамералар орнатылып жатыр.
Астана қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бекмұрзаев бас шаһарда 20 жылда табысты іске асқан жобаларды өңірлерге тарату мақсатында жұмыстанып жатқандарын айтты. «Атыраулықтар әсіресе екі жобаға қызығушылық танытты, оның бірі ІТ-қауіпсіздік саласында, қала көшелеріне бейнебақылау камераларын орнату, екіншісі – «1000 жаңа сауда орны» жобасы. Мемлекет-жекеменшік әріптестігіне негізделген бұл бастамаға мемлекет қаржы салған жоқ. Сауда алаңдарына арналған жер телімдерін инвесторлар ұсынды, жобаны іске асыру Астанаға жаңа инвестициялар тартты және жаңа жұмыс орындары құрылды», дейді Е.Бекмұрзаев.
Бизнес-форум нәтижесінің нақты қандай болатыны болашақтың еншісінде, аймақаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қадамдар ел игілігін еселеудің алғышарты болары сөзсіз.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ