Соның қатарында бұрын Ақмола атанған қала туралы елімізде айтарлықтай талас сөздер тым көп. Тіпті Астана қаласының маңындағы бұрын «26-нүкте» немесе «Алжир» аталған елді мекеннің аты «Ақмол» деп ауыстырылып, жергілікті әкімдіктің қуаттаған шешімі де шыққан. Бәлкім, Ақмола атауының түбірі – ақ, сүт, айран сияқты малдан алынатын ағарған өнімдері мол болғандықтан шыққан деп ойлаған шығар. Бұлай жасаған азаматтарды сөгудің реті де жоқ сияқты, туған өлкесінің атауын тартысқа салған жандарға тоқтау қойғысы келген болар?!
Осы орайда, мен де өзім білетін деректі көпшілікпен бөліскім келеді. Мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаров (1912-1970жж) туралы 2002 жылы жарыққа шыққан «Ильяс Омаров. Жизнь и философия» деген кітап авторлары Мұхаммед Халел және Жанар Сүлейменовтер атақты қоғам қайраткерінің бесінші атасы Ақмолла атты би болған деп жазады. Бидің әкесі белгілі Қарабалуан деген батыр ауылына тосыннан келген Ақмолла есімді татар молдасының жаңа туған баласының атын Ақмалат деп қойғанын айтады. Кейіннен батырдың ауылына Абылай хан келіп, ханның жас балаға берген есімді жаратпағанын ескеріп, атын Ақмолла деп өзгертеді. Сөйтіп баланың есімі әлгі молданың есімімен аталып кеткен.
Кейін жасөспірім Ақмолла Абылай ханның ұлы Уәли сұлтанның тұңғышының жанында жүріп, би атағын алып, жасы қырыққа тақағанда сұлтанмен бірге Көкшетаудағы негізгі хан ордасына бара жатқан жолда кенеттен қайтыс болып, сүйегі осы күнгі Астана, бұрын Ақмола атанған қала маңындағы төбе басына қойылады. Ол кезде ел арасында өздері танымайтын жерге белгілі азаматтың сүйегі қойылса, жер аты соған сәйкес ауызша өзгеретінін ескерсек, Ақмола атауының сыры осыда жатқан болуы әбден мүмкін.
Алда келе жатқан еңселі елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай, Ақмола атауының шығу тарихы туралы өзім оқыған тың деректі еліміздің бас басылымы арқылы жариялауды жөн көрдім. Бұл дерек Астана қаласының бұрынғы атауының тарихи мәнін ашып, жаңа ізге салады деп ойлаймын.
Жанболат ӘШЕРБЕКОВ,
92 жастағы ардагер, отставкадағы полковник