30 Мамыр, 2018

Бір сауалдың жауабы

654 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қай бір жылы Мәрмәр теңізінің сол­­түстік жағалауына сұғынып жат­қан Из­мит дейтін қалаға жолымыз түскен-ді. Түр­кия­ның Қоджаелі про­винциясындағы бұл шаһар аса маңызды өндірістік аудан­­­ның орталығы саналады. Осыдан кейін­гі сапарымыз Измит­тен аса қашық емес, Қартепе деген ауданда жалғасты. Таби­ғаттың тамашасын аямай берген бұл өңір де Түркияның ең көрікті жерлерінің бірі. 

Бір сауалдың жауабы

Кешке қарай Қартепе ауданының әкі­мімен кездесу үшін алма бағының ішіне орналасқан түріктің дәстүрлі дәм­ханасына келдік. Көп ұзамай қасындағы көмекшілерімен әкім де жетті. 

Бірден әмпей-жәмпей әңгімелесіп кетпесек те, әр тақырыптың басын бір шалып отыр едік, ол кісі: «Сіздер Қазақстан жер көлемі жөнінен дүние жүзінде тоғызыншы орын алады дейсіздер. Түркиядан төрт есе үлкен ел екен. Бірақ халқы неге аз? Сондай байтақ, аумағы үлкен елде бар болғаны 15 миллион халық тұратын көрінесіздер...», деп сұрақты төтесінен қойды. 

Тарихта қолдан жасалған зұлматтарды ойша тізбелеп, ашаршылық жылдарында, репрессия, Ұлы Отан соғысында нақ­ты қанша қырылғанымызды ойша тізбе­лей бастағанымыз сол еді, Қазақстан Жастар одағының бұрынғы төрағасы Әсет Тұр­дығұлов рұқсат сұрап, орнынан тұрып, тарихи зұлматтарды нақты мәліметтермен қысқа әрі саралап айтып берді. Әкім көп ойланып қалды. Алайда әкімнің сол сауалы сапар аяқталғанша санада жаңғырып тұрып алғаны.

Мына қызықты қараңыз, түрік бауыры­мыздың осы сауалынан кейін көп ұзамай-ақ, сол сапарда болған бірнеше адам Алматыда ұлт зиялылары «тарихи конференция» деп атаған жиыннан бір-ақ шықтық.

Осы басқосуда ашаршылыққа саяси баға беру мәселесі барынша ауқымды көтерілді. Оған ұйытқы болып жүрген – жазушы Смағұл Елубай. Бұл тірлікке ұзақ жылдар бойы дайындалып, өмірлік пайым елегінен өткеріп, трилогиялық туындымен келген суреткер Смағұл Елубайдың «Ақ боз үйі» қолына қалам ұстаған жазушылар қауымының осы жұтты тарихи тұрғыда арашалап алуға қосқан тағы бір сүбелі үлесі екені даусыз. 

 Осы жиында бір ғана адамға уақытын шектемей сөз берілді. Ол – академик Салық Зиманов еді. 

– 30-жылдары мен 11-12 жастағы бала едім. Сол кезде Атырау қаласында қынадай қырылған халықты өз көзіммен көрдім. Үйіміздің дәл қасында базар бар болатын. Ауылдардан арып-ашып кел­ген жұрт көбінесе осы базар маңын жағалайтын. Ел «осы жақта темір жол бар, балық бар, отарба, тамақ бар дейді», деп ағылып, аштан бұратылып келіп жатты. Ішінде осы Жетісу өңірінің де адамдары көп. Базардың айналасы толған қайыр сұраған ел. Базарда не жоқ дейсіз, тышқанның, иттің етін пісіріп әкеліп сатады. Біздің үйден сәл әрірек жерде күл-қоқыс төгетін жер бар еді. Сол жерге өлгені бар, өлмегені бар, адамдарды жиып әкеліп тастайтын. Шыбын үймелеп жатады. Күн сайын елдің ішінде әлі бар адамдар солардың бетін топырақпен, күлмен жауып қайтатын. Үйіліп жатқан өліктердің арасында әлі жаны шықпай, жыбырлап жататындары да жеткілікті. Оларды көміп үлгеру мүмкін емес. Біз ойын балалары сол жерге барып, қарап-қарап кететінбіз, – деді жаны күйзелген академик. 

Академиктің сөзін тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков жалғастырып, тек салықтың 20 түрі болғанын атады. 

Ғылымдағы ғұмырының көп бөлігін осы зобалаңды зерттеуге арнаған тарихшы Талас Омарбеков сол 30-жылдардағы ашаршылықта жалғыз қазақ емес, украин халқы да қырылғанын тілге тиек етті.

Ғалым сол кездегі ресми деректер бойын­ша қазақтың 40 миллион малы болғанын, саяси науқан кездерінде сол малдан 4 миллион ғана қалғанын алға тартты. 

Сөз Сейіт Қасқабасовқа тигенде, академик қолға түскен тарихи деректерге сүйеніп, 1930-жылдары 5 миллионға жуық қазақ болса, 1932 жылдары сол 5 миллионнан 2 миллион 600 мың ғана адам қалғанын деректер келтіре отырып айтып өтті. 

Тарихшылар ашаршылық себептері әлі де көпе-көрінеу бұрмаланып келгенін дәйектеп жатты. Мәселен, ашаршылық дегенде көбінесе 30-жылдардағы нәубет ауызға түседі де.1921-1922 жылдары орын­ алған жұт ұмыт қалып қоя беретіні де айтыл­май қалған жоқ. Смағұл Елубай 1921-1922 жылдардағы ашаршылық туралы Мұхтар Әуезовтің Ташкентте жасаған баяндамасындағы мәліметтерді алға тартып, сол нәубетте 1 миллион 700 мың адамнан айырылғанымызды еске салып өтті. Мәселен, 1916 жылы Ахмет Байтұрсынов 6 миллионға жеттік деген екен!..

 Міне, бір ғана сауалдың бір үзік жауабы осындай болды.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»