2018 жылғы 29 мамырда Ақтөбе облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде 1-2 маусымға белгіленген «Baqytty Bala» балалар вокалдық фестиваль-конкурсының алдағы финалы бойынша баспасөз мәслихаты өтті. БАҚ өкілдерінің сұрақтарына Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова, «ДимашАли» шығармашылық орталығының басшысы Қанат Айтбаев, «Baqytty Bala» фестивалінің режиссер-сценарисі, Украина, Греция, Түркия, Қазақстандағы халықаралық көлемді жобалардың авторы Анна Обоянская жауап берді. Басқосуға «Ақтөбе қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ басшысы Алтынай Юнисова және «ДимашАли» шығармашылық орталығының өкілі, бүкіл әлемге әйгілі әртіс Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Айтбаева құрметті қонақтар ретінде қатысты.
«Baqytty Bala-2018» эстрадалық ән конкурсы екендігін, оған 10-нан 15 жас шамасына дейінгі жас музыкалық дарынды балалар қатысқанын естеріңізге саламыз. Ақтөбе облысының әкімдігі, «QAZAQSTAN» ұлттық арнасының қолдауымен «ДимашАли» шығармашылық орталығы фестивальдің ұйымдастырушылары болды.
Конкурс қатысушылары ана тілінде кез келген бір әнді (соның ішінде өзі шығарған бір әнді) және қалауы бойынша әлемдік хитті жеке орындауы керек. Балалар шығармашылығының ауқымды жобасы қашықтықтан іріктеу кезеңін және балалар эстрадалық әндерінің финалдық конкурсын қоса алғанда, бірнеше кезеңде өтеді. Ұйымдастырушылар атап өткендей, «Baqytty Bala» жобасы өзін танытқысы келген дарынды балаларға мүмкіндік беруге арналған. Қазақстан, Ресей, Украина, Өзбекстан және Грецияны қоса алғанда, әртүрлі елден келген 20 бала оның қатысушыларына айналды – осы елдерден келген үміткерлер 420 өтініштің арасынан қашықтықтан іріктеуден өтті.
«Біз жыл сайын «Baqytty Bala» фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз және аталған жобаны Ақтөбе облысының көпшілік мойындаған брендіне айналдыру – негізгі мақсатымыз. «Baqytty Bala» конкурсын 2020 жылы Астанада, ал 2021 жылы Алматыда өткізу жоспарымызда бар», - деп жобаның миссиясын айқындады Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова.
«ДимашАли» шығармашылық орталығының басшысы Қанат Айтбаев осы конкурсқа қатысатын балалардың тағы да әлемдік сахнаның жұлдыздарына айналуға үлкен мүмкіндіктері бар деп атап көрсетті. «Қазірдің өзінде біздің конкурсанттармен болуы мүмкін ынтымақтастық туралы продюсерлік орталықтардан ұсыныстар түсіп жатыр», - деп бөлісті спикер.
Бірнеше жеңімпаз арнайы шақырылған эстрада мен спорт жұлдыздарының қатысуымен 2 маусымда өтетін салтанатты марапаттау рәсімі барысында жарияланатын болады. Финалға қатысушылар бас жүлдеге тағайындалған 2 000 000 теңге үшін сайысқа түсетін болады. Негізгі жеңімпаздан басқа, бірінші орынның иегерін 1 500 000 теңге мөлшерінде, екінші мен үшінші орындардың екі иегерін – сәйкесінше 750 000 теңге және 500 000 теңге мөлшерінде ақшалай жүлде күтіп тұр. Сондай-ақ фестивалға қатысушылардың біреуі бүкіл әлемге әйгілі әнші, «Славян базары 2015», «Singer - 2017» халықаралық конкурстарының жеңімпазы, «MTV Music Awards» сыйлықақысының иегері Димаш Құдайбергеннің атаулы жүлдесімен марапатталады.
Әншінің анасы Светлана Айтбаева Қазақстанға конкурстың финалына келу мақсатымен Финляндия, Жаңа Зеландия, АҚШ, Германия, Малайзия, Жапония, Польша, Франция, Ресей, Индонезия, Украина және Қытайды қоса алғанда, әлемнің әртүрлі елдерінен Димаштың жанкүйерлері келетінін әңгіме барысында айтты. Димаштан басқа, іс-шараға Украинаның «Голос. Дiти» 2017 вокалдық конкурсының жеңімпазы Данелия Төлешова, «Витебскідегі Славян базары-2015» халықаралық фестивалінің бас жүлдегері Луиза Нұрқуатова, «Славян базары-2017» конкурсының жеңімпазы Влад Сытник, армян әншісі Джордан Аракелян, украиналық әуе гимнасты Анастасия Дидух қатысады.
Конкурстың финалы Ақтөбе өнер орталығының «Өнер орталығы» концерттік залында өтеді. «Ақтөбе қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ басшысы Алтынай Юнисова атап өткендей, орталықтың концерттік залы 1200 адамға арналған, бұл ретте солардың ішінде 600-ге жуығын ұйымдастырушылар балалар үйі мен халықтың осал топтарының балаларына берді.
«Балалардың барлық конкурс бойы оқиғаға толы бағдарламасы болды. Біз қатысушыларды тамаша үлгілі талаптары бар демалыс аймағына орналастырдық. Олар бірінші келген күні «Достық кешіне» қатысты, онда бәрі бір-бірімен танысып, бірге кешкі ас ішті және ұйымдастырушылардан брендтелген кәдесыйлар алды. Алда қала бойынша ойын-сауық экскурсиясы, одан соң вокал бойынша Димаш Құдайбергеннің ұстазы Марат Әйтімовтің шеберлік кластары, сондай-ақ Өзбекстанның халық әртісі – Нодира Перматованың вокал бойынша сабақтары өткізілетін болады. Балалардың жүзі бақытқа толы, өйткені олар үшін Ақтөбе қаласына келуге барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Ақтөбе қаласы олардың жадында осы бақыттың ізгі ықыласты, қонақжай бұрышы ретінде ұзақ сақталатынына сенімім мол», - деп айтты конкурстың режиссер-сценарисі Анна Обоянская.
Конкурстың ресми сайты: http://baqyttybala.kz/