Үш күн бойы Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында «Ақ тілекпен, Астана!» көрмесі жұмыс істеді. Еске салайық, экспозицияға 50 қазақстандық суретшінің 100-ге тарта еңбегі шығарылды.
Сонымен қатар, «Жастар» театрының артистері ақтаулықтарға үздік қойылымдар ұсынды. Олардың қатарында қоюшы-режиссер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайдың «Қыз Жібек» мюзиклі және «Жанарымдағы жалғыз әуен» («Зримая песня») қойылымы, сондай-ақ Уильям Шекспирдің «Асауға тұсау» («Укрощение строптивой») комедиясы бар.
Мәдени бағдарлама аясында «Астанадан ақ тілек» гала-концерті өтіп, ақтаулықтар Астана қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясы ұжымдарының шығармашылығымен танысады. Атап айтқанда, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов жетекшілік ететін Қазақ оркестрі, эстрадалық би, «Шалқыма» халық биі ансамбльдері, эстрадалық, классикалық және халық вокалы солисттері өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, Клара Төленбаева, «Арт-Домбыра» триосы, Ринат Малцагов, Күләйым Қайырбаева, Айгүл Қосанова, Алмас Кішкенбаев, Тамара Асар сынды қазақ эстрадасының танымал артистері Астанадан жалынды музыкалық сәлем жеткізді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы