Аймақтар • 31 Мамыр, 2018

Ауылдағы алашапқын тұрғындардың көңілдеріндегі күдікті сейілтер емес

470 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

160 адамның арыз-шағымын тілшілер қосынына арқалай келген Нұрболат Елжас ауылдан 800 метрдей қашықтықта орналасқан қиыршықтас өндіретін карьердің пайдалану құқығын «Петропавл жолдары» ЖШС иеленгенімен, әлдебір фирмаға жалға беріп жіберген болуы мүмкін деген күдігін жасырмайды.

Ауылдағы алашапқын тұрғындардың көңілдеріндегі күдікті сейілтер емес

Өйткені соңғы кездері жүріс­тері суыт, түстері суық бөтен адамдар ауылға қайта-қайта кел­гіштеп, кеніш маңын торуылдауды жиілетіп кеткен. Олар әңгіме ара­сында ЖШС-мен жасалған келісімшартқа орай қиыршық тастар мен құмның мол қоры жинақталған карьерді өнеркәсіптік негізде өңдеу, ол үшін жару әдістерін қолдану ойлары барын жасырмаған.

Хатта жазылғандай, серіктестіктің гранит өндіретін аумақты ширек ғасырға жалға алғанынан тұрғындар хабарсыз болып шыққан. Соған қарағанда жұртшылықпен ақылдасу, ой-пікірлерін білу қажет болмаған сыңайлы. Әлеуметтік жағдайы әлсіз шағын елді мекеннің шамына тиіп, алатайдай бүлдіріп, әрлі-берлі алашапқынға салып қойған күрделі мәселенің күрмеуін ше­шу­дің орнына жергілікті билік орын­дарының шабан үйрекке ұқса­ған қимылдары ашу-ыза­ларын тудырып, оның ақыры жоға­ры органдарға, прокура­тураға қайрылуға мәжбүр еткен. Қоғам­дық тыңдалым, ашық әңгіме өткізіл­меудің, істің мән-жайына тере­­ңі­рек қанықтырмаудың сал­дары осындай оғаш оқиғаға соқтыр­ған.

Көпшіліктің алаңдайтын жөні бар. Көнекөз қариялардың айту­ларынша, өткен ғасырдың орта тұсында осы төңірекке геоло­гиялық барлау жұмыстары жүр­гізіліп, адам ағзасына өте зиян ауыр металдар қоры табылса керек. Осы себепті карьер радиа­циялық қауіпті орын саналмай ма, ашық әдіспен өндірудің ақыры адамдар өміріне, қоршаған ортаға зиянын тигізіп жүрмей ме деген сансыз сауалдарға жауап тап­пай сандалып жүргендеріне көп уақыт болыпты. Жалпы қатер­лі ісік дерттері бойынша облыс республикада алдыңғы орын­да тұр. Өңір экологиялық жағы­нан таза саналғанымен адамдардың ауыр дертке шалдығуы, шетінеуі азаяр емес.

Аурудың жастар арасында белең алып бара жатқаны да толғандырмай қоймайды. Оның бір ұшығы радиация мен ультрафиолетті сәулелерден құралатын уран белдеулерінің Есіл, Айыртау аудандарын көктей өтетініне келіп тіреледі. Осы себепті кеселдің таралу белсенділігі жоғары аумаққа жатқызылған. Адамдарды шошындыратыны осы! Алайда ел ішін елес құсап кезіп, желдей есіп жүрген алыпқашпа сөз бе, әлде шын мәнінде радиациялық қауіп жоғары ма деген сауалдар сырғытпа жауаптардың астында көміліп қалған тәрізді. Бағдарламаның жүзеге асуына үзілді-кесілді қарсы шыққан қарағайлықтардың айтар уәжі көп. Мәселен, карьерді жару, шикізатты ашық әдіспен алу шаралары ауа қабатын бүлдіреді, айналаны шаңдатып, адам ағзасы уланады, түрлі аурулар көбейеді деуі негізсіз емес. Жауапты тұлға­лар­дың бір округке қарайтын Бұлақ ауылындағы күрделі жағдай­дан сабақ алмағанына қынжы­лады.

Осыдан бірнеше жыл бұ­рын Бұлақ елді мекені жаны­нан шетелдік «Әулие Голд Манинг» ЖШС қойнауы ал­ты­нға толы орынды игеруге құлшына кіріскенімен, кейін алға басқан аяғы кері кетіп, жауыр атша шоқырақтап қал­ған. 350 жаңа жұмыс орны құ­рылады, алынған пайданың бір бөлігі әлеуметтік салалар­ға жұмсалады, өнімділік екі есеге дейін артады, түсті ме­­тал­­лургия­ны дамытудың, бұл салаға инвестиция құю­дың тиімді жолдары­ қарас­тырылады деген қап-қап уә­делердің бірі де орын­­дал­ған жоқ.

Өйткені ескі жо­ба­ уақыт сынына төтеп бе­ре ­алмағандықтан өндірісті тоқ­татуға тура келген. Жұрт­­шы­лықтың айнала то­зады, экологиялық құл­ды­­рауға ұшы­рай­ды деген жанайқайын елеген ешкім болмады. Үйілген қоқысты, сай-саланы қуалай ақ­қан қалдық суды реттеу, жер қой­­­науларын қалпына кел­тіру жайы әлі шешілмей ке­леді. Ең өкіндіретіні, жерас­ты қазба байлығы өн­дірілгелі онкологиялық ауру өршіп кет­­кен. Былтыр 4 адам көз жұм­ған. Есепке алын­ғандары едәуір.

Биыл компанияның жа­ңар­­ған құрылтайшылары кәсіп­орын саламыз деп ала­қан­дарын ысқылап отыр. Оны уақыт көрсетеді.

Аудандық әкімдіктегілер жер қойнауына эконо­ми­ка­лық, эколо­гиялық, құқық­тық сарап­тамалар жүр­гі­зілді, радиа­­ция­лық фон қалыпты деңгейде, са­нитарлық та­лап­тарға сай деп қанша жұ­бат­са да көрші ауыл жағ­дайынан шошынып, жүрек­тері шайлығып қалған тұр­ғындардың оған сенімнен гөрі күдігі басым. Кеніш ма­­ңайында ата-бабамыздың қо­рымы, сібір жарасымен ауырған малдардың өлексесі жерленген орын бары неге ескерілмеген деген шырылға да құлақ түрер жан табылмай тұр.

Құзырлы органдар ай-күн­нің аманында тыныш жатқан ауылды дүрліктіріп қойған жайттың түп-төркініне терең бойлап, әділ үкімін береді деген үміттеміз. Ұлт саулығы ең қымбат қазына екенін тағы бір мәрте еске салғанды жөн көрдік.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы,

Есіл ауданы,

Қарағай ауылы