Суретті түсірген Ерлан ОМАР
Жанайдар Сәдуақасовтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне қатысты ғылыми айналымға енбеген тың деректерді айтып, мазмұнды баяндамалар жасалған бұл шараға тарих ғылымдарының докторы, академик Хангелді Әбжанов, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, белгілі ғалымдар Марат Әбсеметов, Бауыржан Омаров, Перзизат Сәдуақасова және жоғары оқу орындарының ұстаздары, Жанайдар Сәдуақасовтың бауырлары мен ұрпақтары қатысты.
Жиында сөз алған Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан қайраткер тұлғаның атқарған қызметтерінен сырт, жеке кісілік тұлғасы туралы да естеліктер айтты. «Шыны керек, сол өңірдің тумасы болғаннан кейін құлағым ол кісі туралы әңгімеге қанып өстім. Жанайдардың адамгершілік тұлғасына байланысты Жаңаарқа өңірінде үлкендер жыр ғып айтушы еді. Менің нағашы атам: «Жанайдардай сабаз, Жанайдардай текті адамды сирек көрдік. Алдына барған адам шаруасын шешпей кетпейтін еді» дейтін», деді ол.
«Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Жанайдар Сәдуақасовтың жан-жақты қарым-қабілетіне тоқтала келіп, бірегей тұлғаның бір кездері қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде қалдырған қолтаңбасы жайында тың деректер айтып берді. «Жанайдар Сәдуақасұлы 1936 жылы қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің «Социалды Қазақстан» деген атпен шыққан кезінде басшылық қызмет атқарыпты. Ол әрине репрессияның енді басталайын деп жатқан ең бір қиын кезеңі. Соған қарамастан «ұлтшыл фашистерді құртайық» деген ұранға қосылмай, газетті ұлтқа қызмет етуге жұмылдыра білгеніне бүгінде тарих қойнауынан сыр шертетін сарғайған парақтар куә» деді.
Сонымен қатар еске алу кешінде Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровтың, Әділет министрі Марат Бекетаевтың және Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының арнайы құттықтау хаттары оқылды.
Ал, тарих ғылымдарының докторы, академик Хангелді Әбжанов: «Ұлы сілкіністер, тарихтағы күрделі өзгерістер осы өмірге ұлы тұлғаларды әкеледі. Жанайдар Сәдуақасов – сондай ұлы сілкіністің, өзгерістің кезінде тарих сахнасына көтерілген тұлға. Оның тағдырына қарап отырып-ақ біздің Ұлы Дала елі Қазақстанның басынан қандай қуаныш, қайғы-қасірет өткенін бағамдауға болады. Ол өзінің ерекше қабілет-қарымымен көзге түсіп, айрықша болмысымен жоғары мансап биігіне көтерілді. Губернияны, прокуратураны, Әділет наркомын да басқарды. Ол – кеңестік идеологияға емес, халқына қызмет еткен тұлға», деді.
– 1898 жылы Омбы губерниясының Ақмола уезіне қарасты Сарысу болысындағы Төссаз (қазіргі Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Түгіскен елді мекені) деген жерде дүниеге келген Жанайдар Сәдуақасов ерен талантымен еліне қызмет етіп, ірі тұлғаға айналады. Алайда сол кездегі идеологиялық құрсау оған буржуазияшыл-ұлтшыл, террористік және контрреволюциялық ұйымға басшылық жасады, кеңес билігін құлатып, Қазақстанды КСРО-дан бөліп алуды көздеді және буржуазиялық Қазақ мемлекетін құруға әрекет жасады деген айыптар тағып, 1937 жылы 17 қыркүйекте қамауға алып, 1938 жылы 25 ақпанда атып тынады.
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай өткен аталмыш жиын аясында саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің ұйымдастыруымен Ж.Сәдуақасовтың өмірі мен қоғамдық- саяси қызметіне арналған «Ер есімі ел есінде» атты көрме өтті.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»