Медицина • 31 Мамыр, 2018

Менингит меңдеп тұр ма?

441 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Менингит меңдеп тұр ма?

Соңғы кездегі менингит қаупі қазақстандықтардың айтарлықтай алаңдау­шы­лығын туғызды. Осыған орай өткен аптада Денсаулық сақ­тау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева Алматы қаласының медициналық нысандарын аралап, дүрлігуге негіз жоқтығын, барлық мекемелер штаттық режімде жұмыс істеп тұрғандығын, дәрі-дәрмек қорының жет­кілікті екендігін, ең бас­тысы, аурудың алдын алу шараларынан тыс қалмау керектігін жеткізген болатын. Ал Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшиннің мә­лімдеуінше, биыл елімізде менингококк жұқпасына шалдыққан 62 жағдай тір­келген екен.

Оның ішінде 8 жағдай өліммен аяқталған. Марқұм болғандардың екеуі Алматы облысының, екеуі Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары. Ж.Бекшиннің айтуынша, аурудың өліммен аяқта­луы­на науқастардың менин­гит әбден меңдегенше елемей, дәрігерлерге қарал­май жүріп алуы себеп бол­ған. Мәселен, Қазақ көлік және коммуникация акаде­миясының студенті 3-4 күн бойы ауырса да, дәрігерге тек­серілмей жатақханада жата берген. Ал тексерілген кезде кеш болған, ауру ас­қынып кеткен. Қатерлі жұқ­паның таралу оқиғасы негі­зінен Ал­маты қаласы мен Шығыс Қа­зақстан, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында, сон­дай-ақ Астана қаласында да байқалды. Алматы қаласының өзінде 29 адамда аталған ауру анықталды. Науқастармен байланыста болған 2200 адам дәрігерлердің қадағалауына алынды. Олардың ішінде 2 тасымалдаушы мен 3 ауруға шалдыққан адам анық­талды. Ал 2017 жылы Қа­зақ­станда менингококк жұқ­па­сынан 11 адам көз жұм­ған болатын. Былтыр бұл жұқ­паға шалдыққандардың дені Оңтүстік Қазақстан облы­сының тұрғындары еді.

Бас мемлекеттік санитар Ж.Бекшин соңғы кез­дегі менингиттің таралуын аурудың белгілері білін­бей, бірақ жұқпалы дерт­ті таратушылардың саны арт­­­қан­дығымен жә­не ауа ра­йы­ның құбыл­ма­лы­лы­ғымен байланыстырады. Күні кеше Астана қала­сында балалар инфекциясы ауруханасында менингококк жұқпасы диагнозымен емделіп жатқан бала туралы ақпарат та жұрт­шылық көкейіндегі кү­дікті ұлғайта түскендей. Үш жастағы бала біршама уақытын Алматы қаласында өткізіп, Астанаға 24 мамырда келген екен.

Қалалық балалар инфекциясы ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ольга Пушкареваның айтуынша, баланың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Бүлдіршінді аман алып қалуға ата-анасының дер кезінде көмекке жүгінуі мен дәрігерлердің диагнозды тез анықтауы мүмкіндік берді. Бала жеке жатқызылғанымен, дәрігерлер штаттық режімде жұмыстарын жалғастырды. Яғни тұмшаланып, сақтық шараларын күшейтудің қа­жеттілігі жоқ. Өйткені бұл жұқ­паның қоздырғышы сырт­қы ортада тұрақсыз болып келеді.

Астана қалалық қоғам­дық денсаулық сақ­тау де­партаментінің эпид­емия­лық қадағалау бөлімінің бас маманы Ақмарал Мейірманова елордада жыл басынан бері балалар арасындағы менингококк жұқпасы бірінші рет тіркелгенін айтады. Ал ересектер арасында 4 жағдай тіркеліп, барлығы құлантаза жазылған. Қалалық балалар инфекциясы ауруханасының балалар жұқпалы аурулары кафедрасының доценті Анна Бринстер диагноздың асқынбай тұрып қойылуының арқасында ешқандай мәсе­ле тумағанын жеткізді. Сон­дықтан алғашқыда тұмау, бас ауру, әлсіздік сияқты же­ңіл­деу белгілер байқалса-ақ дәрігерге жүгіну қажет.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»