Қазақстан • 31 Мамыр, 2018

Ашаршылық құрбандарына арналған жиын өтті

461 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Ұлттық кітапханада «Алаш арыстары және ашаршылық құрбандары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Ашаршылық құрбандарына арналған жиын өтті

Белгілі ғалымдар қатысқан іс-ша­ра барысында 1931-1933 жылдар­дағы ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін туралы баяндамалар тыңдалып, пікірлер талқыланды.

«Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетек­шісі, ҰҒА ака­де­мигі, тарих ғылымда­рының докторы, профессор Х.М.Әб­жа­нов «Қазақстанға де­пор­тация­ланған халықтардың қасіреті» тақы­ры­бында баяндама жасап, осы кон­­фе­ренцияның бағыт-бағдарына шолу жасап отырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология фа­культетінің профессоры, та­­рих ғылымдарының докторы Т.Омар­беков «Күштеп ұжымдастыру жыл­дарындағы қуғын-сүргіндердің зерт­телу мәселесі» тақырыбында баян­дама жасады. Тарихшының айтуын­ша, бүгінде кейбір азаматтар ашаршылыққа қатысты деректер аз деп ойлайды. Көп жағдайда «Бесеудің хатын» оқиды да, «Алтаудың хатына» назар аудармай жатады. Мысалы, «Алтаудың хатында» 1930  жылғы 800 қа­зақ шаруашылығынан 1932 жылдың көктемінде 450-і ғана қалған деген деректер айтылады. Осы тұста әр жанұяда 6 адамнан болғандығын ескерсек, 1930 жылы қазақтың  саны 4 800 мыңға жеткен, яғни бес миллионға жуық. Осы ашаршылықта қырылған қазақтың саны екі миллионнан асады.

Ал 1933 жылға дейін тағы да бір миллионынан айырылдық. Осындай пікірімен бөліскен Т.Омарбеков бүгінде шетелдік ғалымдар зерттеу­леріндегі деректермен келіспеу­шіліктердің, сонымен қатар 1921-1922 және 1931-1933 жыл­дардағы ашаршылықтың арасында айыр­машылық бар екендігіне назар аудар­ды. Сондай-ақ ашаршылық пен қуғын-сүргіннің арасындағы айырмашылықты да ажырата білуіміз қажет, деді. Тарихымызда қасіретті, қай­ғылы күндер көп. Сон­дықтан да 31 мамырды аза тұту күні ретінде, ал қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға басқа күндерді белгілеу туралы ұсынысын білдірді.

«1930 жылдардағы ашар­шы­лықтың себептері мен салдары» тақы­рыбына баян­дама жасаған «Әді­лет» тарихи-ағар­­ту қоғамының бірін­ші орынбасары Б.Қойшыбаев қазақ халқы үшін үлкен апат әкелген жылдар Кеңес өкіметі қазақ өңіріне келген кезеңнен бастау алады, деді. 1917-1919 жылдарда Түркіс­танда үлкен ашаршылық орын алды.

М.Шоқайдың деректері бойынша бірінші кезеңдегі ашар­шылықтағы адам апаты 1 114 мыңды құ­раған. Ал екінші кезең Қазақ өлкесінде орын алып, 1921-1923 жылдарды қамтиды. Бұл тұста тағы да екі миллион қазақ көз жұм­ды. Ал Голощекин саясатына сәйкес 30-шы жылдарда социалистік құрылысты нығайту барысында байларды тәркілеу туралы қаулысына орай халыққа қисынсыз салықтар салынды.  Оның салдары 1931-1933 жылдары апаттың үшінші кезеңіне ұласты. Міне, осы ашаршылықта құрбан болған боз­дақтарға мәңгі борыштармыз, осынау қайғы-қасіреттің дұрыс бағасын беруге тиіспіз, деп атап өтті ғалым.

«Қайым Мұхамедханов атын­дағы Білім мен мәдениет орталығы қоғамдық қоры­ның» директоры, профессор Дина Мұха­медхан «Әке мен бала: Мұхамедхан Сейітқұлов (1870-1937) пен Қайым Мұ­хамед­ханов (1906-2004) – Отан патриот­тары» тақырыбында баяндама жасап, зұлмат жылдар туралы деректер келтіріп, жас­тар арасында патриот­тық рухты көтеріп, халық­тың бойындағы үрей мен қорқыныш жарасы жазылатын уақыт келді, деді.

Ғалымдар пікіріне пікір қосқан сая­саттанушы Айдос Сарым бүгінде тарихшыларымыз дау-дамайдан гөрі ортақ мәмілеге келіп, 90-жылдардан бергі аралықта тоқтап қалған архив­терді ашу мәселесіне қайта оралуға тиіс, деді. Кеңес дәуірінің тарихы толығымен ашыл­ғаны, ол рухани жаң­ғаруымыздың бас­ты бағыты болып табылады. Ал ұлттық мей­рамдарға қатысты пікірінде  мемлекеттік бағ­дарламалар қабыл­­дануы қажеттігін алға тарт­ты.

Конференция жұмысында филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Әзі­баева, шәкәрімтанушы С.Ізтілеуова, жел­тоқсаншы Б.Тө­леп­­бер­генов, Ж.Ашуұы және Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыс­та­ну инс­титуты «Рухани жаңғару» гума­нитарлық зерт­теулер орталығы, «Әді­лет» тарихи-ағар­ту қоғамы, Халықаралық «Көшпенділер Ата­мұрасы» қоғамдық қорының ма­ман­дары атсалысып, ел басына төнген ашар­шылықтың қа­сі­реті тұр­ғысындағы пікір­лерін ортаға салды.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ