Аймақтар • 31 Мамыр, 2018

Семей мектептеріне – Күншығыс елінен көмек

232 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жапонияның Қазақстандағы «Шөп тамыры» әлеуметтік жобасына орай Семейдегі ескірген мектептердің есік-терезелерін жөн­деуге Күншығыс елі белсене атса­лысуда. Шатырлары жабылып, терезелері жөнделіп, тағы бас­қа керек-жарақтары қамтылған мек­теп­тердің сыртқы келбеті қалай өз­гергендігін көзбен көру үшін Қазақстандағы Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабато мырза Семейге арнайы келді.

Семей мектептеріне – Күншығыс елінен көмек

– «Шөп тамыры» жобасын қолға алғаннан бері Шығыс Қазақстан облысында 22 жобаны жүзеге асырдық. Оның жалпы құны 1 млн 400 мың АҚШ доллары тұрады, – деді елші Итиро Кавабато мырза. Осы қар­жының қомақты бөлігі Семей мектептерінің терезелерін жөн­деуге, яғни заманауи пластик терезелерге ауыстыруға жұмсалды. Біз осы «Шөп тамыры» жобасы арқылы әлеуметтік, меди­цина­лық, білім беру мекеме­лері­не көмек көрсетеміз. Қазіргі уақыт­та Семейде 8 мектеп жөнделді.

 Қонақтар үшін Семейдегі Пригород мектебі, №29 мектеп сияқты білім ошақтары арнайы бағдарлама әзірлеп көрсетті. Олар елшіні өз жетістіктерімен таныстырды.

– Біздің қала бюджетіне Жапо­ния елінің қаржысы біршама көмек болып отыр, – деді Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко. Мәселен, бір мектептің терезесін ауыстыру 20 млн теңгеден асып жығылады. 2018 жылы қала бюджетінен №21 мектептің терезелерін жаңа­лауға ғана қаржы берілгендік­тен, қалған мектептерді жөндеу­ге бізге Күн­шы­ғыс елінің пайдасы тиді.

Раушан НҰҒМАНБЕК,

журналист

СЕМЕЙ